Қазақстан қаржыгерлерінің XIII конгресі өтті
Елдегі инфляцияны баяулатып, бағаны тұрақтандыру – маңызды меже. Осылайша халықтың сатып алу қабілеті артып, экономиканың дамуына серпін береді. Бұл туралы Алматыда өткен «Қазақстан қаржыгерлерінің XIII Конгресінде» айтылды. Қаржы саласының мамандары монетарлық саясат пен цифрлық трансформация жайын талқылады.
Тұрғындардың әл-ауқаты баға тұрақтылығы мен экономиканың дамуына тікелей байланысты. Бүгінде инфляцияны баяулату үшін қарқынды жұмыстар атқарылып келеді. Қазан айында базалық мөлшерлеме 18 пайызға көтеріліп, ақша-кредит саясатының тұрақтылығын сақтауға жол ашылды. Оң өзгерістер экономиканың дамуына серпін беріп, саладағы өсім 6 пайыздан асты.
Тимур Сүлейменов, Ұлттық Банк төрағасы:
Халықтың инфляциялық күтулері де төмендеп келеді. Бұл – Ұлттық Банк, Үкімет және басқа да мемлекеттік органдар жүргізіп отырған жұмыс өз нәтижесін бере бастағанының айғағы. Бірлескен күш-жігерімізбен инфляцияны төмендетіп, азаматтардың әл-ауқатын арттыра аламыз. Осы жағдайды ескере отырып, баға тұрақтылығын сақтау үшін Ұлттық Банк барлық қажетті шараны қабылдап отыр.
Ел экономикасын цифрландыру саланың қарқынды дамуына жол
ашады. Бұл бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуын азайтып, банктер арқылы
көрсетілетін цифрлық сервистердің қолжетімділігін арттырады. Келер жылдан
бастап онлайн төлемдерге ортақ QR-код жүйесі енгізілмек. Осылайша тұрғындардың
төлем жасауы жеңілдеп, кәсіпкерлердің сауда-саттығы да арта түседі.
Асан Ахметжан, Ұлттық Банктің баспасөз хатшысы:
Қазір бұл жүйеге 6 банк қосылған. Толық жұмыс істеп жатыр. Келісімге қол қойған банктердің саны 10-ға жуық. Келісімге қол қойып техникалық жұмыстарды бастап кетті. Қалғандары осы жұмыстарды жыл соңына дейін бастап, алдағы жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін аяқтайды деген үміттеміз. Ал нарықтағы негізгі ойыншылар осы жылдың аяғына дейін толық іске қосады.
Конгресте Ұлттық банктің алдағы жоспарлары таныстырылды. Жыл соңына дейін цифрлық активтерді қауіпсіз сақтайтын ұлттық жүйе іске қосылады. Алдағы уақытта цифрлық валютамен халықаралық төлемдер жасау да жеңілдемек. Сондай-ақ салаға жасанды интеллект кеңінен енгізіліп, қаржы қызметтерінің сапасы мен қауіпсіздігі арта түседі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы