Зобалаң заманда жұртымыздың 80 пайызы қынадай қырылған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Зобалаң заманда жұртымыздың 80 пайызы қынадай қырылған

02.06.2019

Бұл - адам аяғы баспайтын сеңгір таулардың басында өсетін «қарғалдақ» дейтін өсімдік. Мұның қызғалдақ пен сарғалдақтан айырмашылығы - әппақ қарда қауыз жарады. Қақаған суықта гүл ашады.

Елорда маңындағы «АЛЖИР» мұражайына барсаңыз, білесіз. Кіре берісте осы «Қарғалдақ» композициясы бейнеленген.

Өйткені, зұлмат жылдары тағдырдың соққысынан тайсалмаған әйелдердің тағдыры табиғаттың қаталдығынан қаймықпайтын осы қарғалдақтың тағдырына ұқсас.

Осы апта мұқым ел ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды. Себебі, 20 ғасырдың қасіретін дәл қазақтай тартқан ұлт жоқ. Зобалаң заманда жұртымыз жалаң аяқ жар кешті, қызыл аяқ қар кешті. 80 пайызы қынадай қырылған. 1911 жылы қазақтардың саны 8 миллион, 260 мың болды деген деректер бар. Содан 2 миллион 400 мыңы ғана қалған, бұл қасірет емей немене? 4 миллионы аштан өлген. 1 миллионы жан сауғалап қашқан.  1921 жылдан 1953 жылға дейін 103 мың адам сотталып, 25 мыңы ату жазасына кесілген. Лагерлерде миллионнан астам адам тұтқында болған. Сөз басында айтқан Алжир лагерінің өзінде  «Отанын сатқандардың отбасы мүшелері» деген жаламен 18 мыңдай әйел жазасын өтеген.

 Тарихшылар сол зұлмат заманды бастан өткермегенде, қазақтардың саны бүгінгіден 3 есе көп болатын еді дегенді айтып жүр.

 Биыл да жылдағыдай елордадан 38 шақырым жердегі «Алжир» кешенінде мыңдаған адам қуғын-сүргін құрбандарын еске алды. «Қасірет аралы» аталып кеткен кешенге президент Қ.Тоқаев пен сапары тап осы күнге сәйкес келген Еуропалық кеңестің төрағасы Дональд Туск те арнайы барып, құрбандардың рухына тағзым етті.

Осы музей орналасқан жерде бұрын тұтқындар еккен бақ болыпты. Әйелдердің көз жасымен суарылған қалың ағаштың кейбірі міне, әлі күнге дейін тұр. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, сол ағашты  қысы-жазы мекендейтін бір топ қарға бар. Кәрі еменге ұя салған қарғалардың қарқылы қаралы жылдардың еске салып тұрғандай.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу