ҚХА-ның XXVII сессиясында қандай мәселелер талқыланды? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҚХА-ның XXVII сессиясында қандай мәселелер талқыланды?

05.05.2019

Сонымен, қазақ «көк ішек» деп атайтын көкек айы кетті, «май ішек» деп бағалайтын мамыр айы жетті. Жер көктеді, мал тоғайды, ел жадырады. Осындай берекелі мамыр - ежелден мерекелі.

Осы аптада біздің жұрт Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтті. Жүзден астам ұлт пен ұлыс қаймақтай ұйып отырған, бір-біріне иіп отырған, көңілдері сыйып отырған құт мекендегі татулыққа қазір жаһандағы талай жұрт ынтазар. Әйтпесе, тұрақтылықтың қазақстандық үлгісін әлем елдеріне өнеге ету керек деп бастаманы ЮНЕСКО-ның өзі көтеруі тегіннен-тегін емес.

Иә, адам ұйымшыл, мал үйіршіл. Сыртқы күштердің илеуіне түсіп, іркіттей іріген, іргетасы шіріген талай мемлекетті көріп отырмыз. Алты бақан алауыздықтан азаматтық соғысқа ұрынып, астарынан тағы, бастарынан бағы тайған Ливан мен Ливия, Ирак пен Сирия. Тізе берсең, мысал көп. Терактілер. Қақтығыс, қантөгіс, атыс-шабыс, жарылыс. Жетім қалған балалар, жесір қалған аналар. Қираған қала, қанға бөккен дала. Босып кеткен, бордай тозып кеткен халық...

Қысқасы, бір атадан туса да, бітіспес дауға ұрынған ұлттар болады, ал енді қырық жұрттан құралса да «әй» деспей, «шәй» деспей тірлік кешетін елдер бар әлемде. Қазақстан - соның бірі. 125-тен аса ұлттың өкілі тұрады. Арасында жүз шақты ғана мүшесі бар шағыны да, миллионның үстіне шыққан ірісі де бар. Бірақ Конституция бойынша әлгі азшылық пен көпшіліктің дәрежесі бір, құқығы тең. Түріне, тіліне, діліне хәм дініне қарап алалауға жол жоқ.

Сосын болар, қазақтың даңғайыр даласын мекендеген ұлттар мен ұлыстар бірлік түбі береке екенін, береке түбі мереке екенін, қол жұмылмай жылынбайтынын, бірліксіз қамал алынбайтынын жақсы біледі. Сондықтан бұл мейрамды барынша әспеттеп, төр ұсынған текті қазақты ұрпағына, ұл-қыздарына ұлағат етеді.

Хош. Бірлік күні қарсаңында елордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясы өтті. Құрылтайда қозғалған соқталы да сойлы әңгімеге Әсима Нұрбайқызы тоқталады.

Хабарламаларға жазылу