Аутизм деген әлемде әлі толық зерттелмеген ауру бар. «Бұл – бала дамуындағы, оның ми жүйесіндегі ауытқушылықтың ауыр түрі», дейді дәрігерлер. Грек сөзінен аударғанда аутизм «өзім» деген мағынаны білдіреді екен. Яғни, аутизмге шалдыққан бала өз әлемімен өзі болып, сыртқы құбылыстарды, өзгерістерді мүлде қабылдамайды. Жалпы, аутизм ер балаларда көбірек кездеседі.
Ата-аналардың көбі баласының бойындағы ауытқушылықты 2 жасына қарай байқаса, аутизм диагнозы көбінесе 4 жастан асқанда қойылады екен. Сондықтан, мамандар бала бойындағы тежелістерді байқаса, әсіресе, ол өзінен-өзі оқшауланса, бір қимылды ұзақ уақыт қайталаса, тілі шықпаса, адам бетіне көз тоқтатып қарай алмаса, баланы логопед, дефектологқа сүйремей, бірден психиатр-маманға көрсетуге кеңес береді.
Осы аптада Бүкіләлемдік аутизм туралы ақпаратты тарату күні өтті. Біздің елде бұл сырқатқа шалдыққандардың саны 4 мыңнан асады. Өкінішке қарай, бұл ауру көрсеткіші әлемде көбейіп барады. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та осы апта өзінің твиттер парақшасында мұндай балалардың біздің қоғамға толықтай бейімделуіне көңіл бөлу қажеттігін жазды. Мемлекет басшысы аутист балалардың арасында дарындылар көп екенін айтып, оларды қолдап жүрген Үкіметтік емес ұйымдарға ризашылығын білдірді.