Басты Жаңалықтар Ақын Күләш Ахметова дүниеден өтті

Ақын Күләш Ахметова дүниеден өтті

Қазақ әдебиеті қара жамылды. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті ақын Күләш Ахметова 80 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Талас ауданының топырағынан түлеп, Алты Алашқа белгілі болған ақынның артында том-том туындылары қалды. Өмірінің соңына дейін қолынан қаламы түспеген аяулы ақынның ғазалды ғұмыры жайлы келесі бейнематериалда.
Күллі қазаққа белгілі Күләш Ахметова 70-жылдары қазақ әдебиетінің есігінен енгенде 20-дан жаңа асқан жауқазын еді. Ол өлең өлкесіне тұнық ой, тұма сезіммен келді. Асыл болмыс, асқақ рухпен жырлады. Нәті бөлек нәзік лирикасымен шыңға біткен шынар еді. Алғашқы жинағы «Ақ гүлім менің» деген атпен 75-жылы жарияланды. Бұл қаламдас құрбы, сырлас сіңлі тапқанына Фариза ақын да шын қуанған тұс еді.
Күләш Ахметова еліне алғыс айтып жатыр «Егер менің бойымда бір қасиет болса, бір сезім болса, бір күш болса ол – сіздердің болмыстарыңыз деп есептеймін»
Ол осылай әр шыққан шыңы мен шығармашылық жетістігі үшін халқына алғыс айтып өтті. Кеше күн ұясына қонып, қызыл іңір қоюланған шақта ақын қаламымен қоштасты. Жазу үстелі жалғыздық мекеніндей. Жеке бөлмесінде жиған кітабы мен мол мұрасы ғана мен мұндалайды. Ал қаралы үйге ағылған ақын, асыққан жазушы еліміздің түкпір-түкпірінен келіп жатыр.
Көсемәлі Сәттібайұлы, жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

Күләш апамыз ағайыннан, ауылдан асып, Алашқа танымал болған ақын. Бүкіл қазақ елінің, түркі тілдес халықтардың ақыны. Ол кісі ақын болып туған адам ғой. Кейбіреулер өлеңге, поэзияға әдебиеттен келеді, оқып келеді. Ал бұл кісі туа бітті сом алтын сияқты, табиғаттың сом алтыны сияқты туа бітті ақын боп жаралған адам.
Күләш Ахметованың кішіге ізет еткен жаны асыл еді, жастарға жанашыр еді. Бұлақ көрсе көзін ашып, кемерінен асқан кеуделі толқын болуына тілектес, ниеттес еді.
Хамит Есаман, ақын, ҚР Жазушылар Одағы облыстық филиалының басшысы:
Бәрімізге қамқор болған, тілекші болған қасиетті кісі еді. Үнемі жастарға тілектес болып отыратын, жастарды іздеп жүретін. Күләш апай Жамбыл жерінде тұрған ҚР Мемлекеттік сыйлығының жалғыз лауреаты еді. Күләш апайымыздың Әулиеата жерінде тұрғаны, ғұмыр кешкені, бір өзінің бір әдеби орта болғаны біз үшін мақтаныш, мәртебе еді.
Күләш Ахметова ұлт әдебитетінің жуан ортасында жүрген 60 жылдың айналасында 20-дан аса кітап жазды. Қоңыр мұңының қоламтасы жүректерге жылу беруін үзбек емес. Осылайша қазақ поэзиясының көктемі болған ақын күзде қоштасты. Жапырақ жауып тұрған жасыл бағы көз жасын сауып тұрғандай.
«Елім менің еңселім, саябағым,
Сол емес пе аяулы баян әнім.
Халқым аман болсын деп көзімді іліп,
Халқым аман болсын деп оянамын» деп едім. Сіздер аман болыңыздар. Мен сіздермен бірге болғым келеді. Сіздермен бірге өмір сүргім келеді.

Бөлісу