Басты Жаңалықтар Қазақстан мен Өзбекстан арасында құны $1,2 млрд болатын жоба іске қосылды

Қазақстан мен Өзбекстан арасында құны $1,2 млрд болатын жоба іске қосылды

Қазақстан мен Өзбекстан ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бойынша жобаларды бірлесіп жүзеге асырады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ташкентке мемлекеттік сарапы кезінде осындай келісім жасалды. Түркістан облысында орналасатын кәсіпорында күріш өнімдері шығарылса, Сырдария облысында бидай терең өңдеуден өтеді. Бұдан бөлек көлік логистика, су ресурстары, энергетика, және басқа да салаларда ынтымақтаса жұмыс істейтін болдық. 
Орталық Азия өңіріндегі жалпы ішкі өнімнің 80 пайыздан астамы Қазақстан мен Өзбекстанға тиесілі. Аймақтағы халықтың да 70 пайызы осы екі елде тұрады. Шетелден ақша құйып, жұмыс істеймін деген инвесторлар үшін бұл ең басты көрсеткіштердің бірі. Яғни, Президентінің ынтымақтастықты арттыруы, екі елдің ғана емес тұтас өңірдің әлеуетін арттыру үшін маңызды. Кездесуде лидерлер қазақ-өзбек стратегиялық серіктестігі мен одақтастығын одан әрі дамыту перспективасын егжей-тегжейлі талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Өзбекстан – біз үшін туыстас, ағайын ел, тату көрші әрі сенімді серіктес. Қос ел арасындағы достықтың тамыры терең, халықтарымыздың рухани құндылықтары ортақ деуге болады. Қазақ-өзбек қарым-қатынасы стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында қарқынды дамып келе жатыр.
Одан соң Президенттер Жоғары мемлекетаралық кеңестің екінші отырысына қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев сауда экономика саласына ерекше мән беру керек екендігін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазіргі кезде жалпы сомасы бір жарым миллиард доллардан (1,7 млрд доллар) асатын 78 бірлескен жобамыз бар. Оның аясында 15 мыңнан астам жұмыс орнын ашу көзделген. Аталған жобалар толық іске асса, экономикалық және инвестициялық ықпалдастығымыз айтарлықтай күшейеді.
Мемлекет басшысы көлік-транзит саласындағы ықпалдастықты кеңейтудің маңызына да тоқталды. Атап айтқанда, тарифтерді оңтайландыру, әкімшілік кедергілерді азайту шаралары қабылданып, шекара маңы инфрақұрылымын дамыту және өткізу бекеттерін жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Бұдан бөлек, Транскаспий халықаралық көлік бағдарын, Солтүстік – Оңтүстік дәлізін, сондай-ақ Ауғанстан арқылы теміржол бағытын дамыту аясындағы тиімді ықпалдастықты жалғастыру өзекті екенін айтты. Президент цифрландыру саласына ерекше тоқталып, бірлесе жұмыс істеу арқыл жақсы нәтижеге қол жеткізуге болатынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстанды цифрлық елге айналдыру міндеті қойылды. Өзбекстан да цифрландыруға және жасанды интеллект технологиясын дамытуға бағыт алғанын білеміз. Аталған салада бірқатар жетістікке қол жеткізді. Өзбек компанияларын тығыз ынтымақтастық орнатып, осынау келешегі зор салада бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырамыз.
Ал, Өзбекстан Президенті екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуде Жоғары мемлекетаралық кеңес маңызды рөл атқаратынын жеткізді.
Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының Президенті:
Біздің қарым-қатынастарымыз стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың жоғары деңгейіне көтерілді. Оның негізінде берік сенім, бауырлас халықтарымыздың арасындағы тату көршілік және шынайы достық жатыр. Былтыр құрылған Жоғары мемлекетаралық кеңес өзектілігі мен тиімділігін көрсетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев видео байланыс арқылы Қазақстан мен Өзбекстанның бірлескен жобаларын іске қосу рәсіміне қатысты. Тараптар өнеркәсіп, құрылыс, мұнай-газ химиясы, қаржы, логистика және туризм салаларында жалпы құны 1,2 миллиард доллар болатын 7 жоба әзірлеген. Мемлекеттер басшылары символикалық түймені басып, бірнеше жобаны бастап берді.
Мәселен, Сырдария және Түркістан облыстарында «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығы ашылатын болды. Бұл жерлерде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жұмыстары жүргізілмек.
Серік Жұманғарин Қр Премьер-Министрінің орынбасары, Ұлттық Экономика министрі:
Біздерге терең өңдеу керек. Соны дамыту керек. Сол себепті біздер қазіргі уақытта осындай орталықты бастадық. Мақсатымыз кооперация арқылы ішкі нарыққа тауарларды тасу. Және бірге үшінші мемлекеттерге апаруға.
Сарапшылар мұндай жоба болашақта тұтас өңір үшін маңызды орталыққа айналады деп бағалап отыр.
Бауыржан Тұрлыбеков, Экономикалық зерттеулер орталығы Сауда және инвестициялық саясатты дамыту орталығының директоры:
Еуропа мемлекеттерін қарасақ олар 51 жылдан бастап, 40 жыл ішінде сол мақсаттарына жетті. Біздің Еуразиялық одаққа да қарасақ біз ортақ нарық кезеңінен өттік. Орта азия елдері ішінде де сондай бір одақ немесе ұйым құрылса жақсы болар еді. Өйткені экономиканың құрамдауыштары өте бір біріне ұқсас.
Жалпы, былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 4 млрд доллардан асқан. Қазақстаннан экспортталатын тауарлардың қатарында бидай, ұн. металл өнімдері, көлік, мұнай өнімдері, кен және мыс консентраттары бар. Ал Өзбекстаннан көлік, жеміс және көкөніс, этил полимері, құрылыс материалдары мен тыңайтқыштар алып отырмыз.
Қазақстан мен Өзбекстан арасында бірнеше трансшекаралық өзен бар. Жаз маусымында шаруалар алқаптарына су жетпей, тарығып қалатын кездер де болады. Тараптар бұл мәселені де Президент сапары барысында ойдағыдай шешті.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су Ресурстары және Ирригация министрі:
Екі арада мемлекетаралық екіжақты комиссия құрылады. Оның мақсату су пайдалану барысында оның дұрыс бөлуін қамтамасыз ету. және суды үнемдеу мәселесі басында тұр.
Қазақ өзбек қатынасына қарқын беріп, халықтардың достығын арттыруға қосқан айтарлықтай үлесі үшін Шавкат Мирзиеёв Қазақстан Президентін ең жоғарғы мемлекеттік награда, жоғары дәрежелі достық орденімен марапаттады.
Президенттер бүгінгі келіссөздер қорытындысы бойынша баспасөз брифингін өткізіп, нәтижелерін жариялады. Бүгінде Қазақстанда Өзбек капиталының қатысуымен елімізде алты мыңнан аса кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Қаржы құям деген бизнес өкілдеріне қолдау көрсетуге дайынбыз деді ол.
Қарапайым саудадан гөрі ет, бидай, майлы дақылдарды өңдеудің толық өндірістік тізбесін қалыптастыруды, мал шаруашылығы мен органикалық егін шаруашылығын бірге дамытуды ұсынды. Осылайша екі ел арасындағы саяси экономикалық байланысты жандандыра түсетін жаңа бағыттар айқындалды.

Бөлісу