Басты Жаңалықтар Редакция алқасы отандық тарихтың Қазақ Хандығына арналған ІV томын талқылады

Редакция алқасы отандық тарихтың Қазақ Хандығына арналған ІV томын талқылады

Бүгін Алматыда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалық етуімен «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты жеті томдық академиялық басылымды әзірлеуге қатысты редакция алқасының кезекті отырысы өтті.
Бұған дейін алқа мүшелері ежелгі кезең, түрік дәуірі және Алтын Ордаға арналған томдарды қарастырып, бекіткен еді. Осы жолғы отырыста Қазақ хандығы кезеңіне арналған төртінші томның қолжазбасы қаралды. Томның жаңартылған тұжырымдамасын, құрылымы мен мазмұнын басылымның үйлестірушісі, тарих ғылымдарының докторы, академик Зиябек Қабылдинов таныстырды. Жиында тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбілдің, тарих ғылымдарының кандидаты Күлгазира Балтабаеваның, «Қазақ тарихи қоғамының» басқарма төрағасы Радик Темірғалиевтің рецензиялары тыңдалды. Сондай-ақ Ханкелді Әбжанов, Айдос Сарым, Айгүл Сәдуақасова, Мәмбет Қойгелдиев, Оразақ Смағұлов, Берік Әбдіғалиұлы секілді редакция алқасының өзге де мүшелері өз ой-пікірін, ұсыныстарын ортаға салды. Рецензенттер мен алқа мүшелері төртінші том бойынша атқарылған жұмыс біршама ілгерілегенін айтып, қолжазбаның жаңа құрылымы мен мазмұнын талқылады. Редакция алқасы Қазақ хандығына арналған томның қолжазбасын одан әрі жетілдіріп, желтоқсан айында өтетін кезекті отырыста қайта қарастыру жөнінде шешім қабылдады.

Бөлісу