Қазіргі әлемнің қарқыны қатты. Қас пен көздің арасында ғаламат өзгерістер болып жатады. Соның бір көрінісі — мынау жұмыр жерде әрбір үш жыл сайын жаңа мамандықтар легі пайда болады екен. Хайтех дәуірлеп, жаңа технология ілгерлеген кезеңде сарапшылар 2030 жылға қарай 500 миллион жұмысшының орнын компьютер басады деп отыр. Соның салдарынан 370 миллиондай адам амал жоқ, мамандықтарын ауыстыруға мәжбүр болады екен. Ал, әңгіме етіп отырған өзгерістің ауылы бізге де алыс емес, дүбірі құлағымыздың түбінен естілетіндей. Сол жаңалықтар біздің өмірімізге ары кетсе он жылдың ішінде енгелі отыр. Сондықтан, біздің міндет замана көшінен қалмай, қамдану, әрекет ету. Тіл үйрену, заманауи технологияларды меңгеру. Мұны неге айтып отырмыз? Биыл отандық орта мектептердің озық көшбасшысына айналған Назарбаев зияткерлік мектебі 10 жылдығын тойлады. Мерейтойға арналған «Ұлы дала мұрагерлері» атты форумға Мемлекет басшысының өзі қатысты. 10 жылда білім ошағынан 8 мың шәкірт түлеп ұшыпты. Бұл мектепті бітіргендердің жоғарғы оқу орнына түсе алмағандары некен-саяқ, тіпті жоқ деуге болады. Алды отандық, арты шетелдік университеттерде оқып жатыр. Президент өз сөзінде білім ордасына үлкен сенім артатынын ашық айтты. Әлемдік білім аламанында артта қалмау үшін білім мен біліктілікке күш салу керектігін де жеткізді.
Шынар АСАНҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.