Халықтың бірін-бірі сотқа сүйреуіне не себеп?
Сот десе, бірден еске түсетіні Бейімбеттің мына өлеңі:
«Уа, кімсің?
Ыбыраймын.
Қайдан келесің?
Соттан келемін.
Соттан емес-ау,
Оттан келемін», деп келетін тұсы бар еді, есіңізде болса. Қазіргі қоғамда да сол Ыбырай секілді басы іске шатылып, сот жағалап жүргендер аз емес. Еліміздің әрбір бесінші азаматы дауласып жүр. Статистиканы сөйлетсек, 3 миллионға жуық арыз сотта жатыр. Яғни, екінші тарапты қосқанда, еліміз бойынша алты миллиондай азамат соттың есігінде жүр. Арыз-шағымның дені - неке бұзу, алимент өндіру, жерге талас, мүлікке талас, қырғиқабақ көршілердің дауы секілді әлеуметтік мәселелер екен.
Жалпы, Еуропа елдерінде дау-дамайдың 80 пайызы сотқа дейін-ақ, ың-шыңсыз, ымырамен шешімін тауып жатады. Яғни, медиация мықты жолға қойылған. Елбасы биылғы Жолдауында осы мәселені көтерді. Жоғарғы сотқа Үкіметпен бірлесіп, жыл соңына дейін арнайы кешенді шаралар әзірлеуді тапсырды. «Халық қит етсе, сотқа жүгірмейтіндей болсын», деді. Президенттің бұл пәрмені Жоғарғы соттағылардың көңіліндегісін дөп басқандай болды.
Расында да, бір ауыз сөзге өзі де тоқтаған, өзгені де тоқтата білген мәмілегер халық бүгінде неге даукес болып кетті? Кезінде халқымыздың әдет-ғұрпын зерттеген Левшин, Баллюзек, Козлов секілді зерттеушілер «қазақтың билер соты – нағыз бітім мен келісім соты» деп таңғала жазған екен. Ал, заң ғылымының заңғары атанған Тайыр Күлтелеевтің «Қазақтың қылмыстық-ғұрып құқығы» деген кітабында Ресейдің 120 мың шаруасының өз еліндегі сот бюрократиясынан қашып, дауларын шешу үшін қазақ билеріне жүгінгенін айтады. Міне, біздегі дала заңының, билер сотының салмағын осыдан бағамдай беріңіз. Сонда бүгінгі күні халықтың жоқтан өзгені сылтауратып, бірін-бірі сотқа сүйреуіне не себеп? Істі сотқа жеткізбей шешудің жолы қандай?
Шынар АСАНҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы