Бейбіт күннің батырлары – Қайрат Үмбетов пен Дмитрий Родин - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бейбіт күннің батырлары – Қайрат Үмбетов пен Дмитрий Родин

08.05.2016
Бейбіт күннің батырлары – Қайрат Үмбетов пен Дмитрий Родин
Қарағанды іргесіндегі 65/05 әскери бөлімі. Қатардағы жауынгерлер сап түзеп, әндетуде. Арасында Абзал Сұлтанқұлов есімді сарбаз бар. Жамбыл облысының тумасы әскери қызметтестерінің ортасына қайта қосылғанына қатты қуанады. Себебі осыдан бір ай бұрын Абзал ажалдан аман қалды.

Абзал Сұлтанқұлов, қатардағы жауынгер:
Полковник Үмбетов маған гранатаны дайында деген бұйрық берді. Мен гранатаны ереже бойынша дайындап лақтыруға дайын тұрдым. Сол кезде полковник маған нысана бойынша гранатаны лақтыр деп бұйрық берді. Рычагын аштым, бірақ саусағым ашылмай қалды. Сол кезде граната айналып, окоптың ішіне түсті.

Қайрат Үмбетов, Халық қаһарманы:
Сарбаз үйреткендей отырды, ал мен оны қарап тұрдым. Жарылуға 1-2 секунд қалғанда мен оны өз денеммен жауып үлгердім.
Полковниктің үстіндегі сауыттан сау жер қалмады. Екі аяғына мина жарықшақтары тиеді. Оқиға орнына жедел жәрдем шақырылып, алғашқы көмек көрсетіледі. Сарбаздың да аяғына ұсақ жарықшақтар қадалыпты. Полковник есін Абай қаласындағы ауруханада бірақ жияды. Алғашқы сұрағаны: «Сарбаз аманба?» деген сөз.

Абзал Сұлтанқұлов, қатардағы жауынгер:
Граната жарылғаннан кейін өз өзіме сене алмадым. Полковник Үмбетовтің арқасында өзімнің батальоныма келдім. Қазір сарбаздардың арасында жүрмін. Егер ол мені құтқармаса, өліп кетер едім. Кем дегенде жарықшақтар басыма тиіп, кемтар болып қалуым мүмкін еді.

Берік Тілеубаев, дәрігер:
Науқасқа оқиға болған жерде алғашқы жәрдем сауатты жасалды. Одан кейін ем-домды жалғастыру үшін біздің бөлімге жеткізілді. Қазір полковниктің денесінде мина жарықшақтары бар. Әзірге ол еңбекке жарамсыз. Себебі құйымшақ, арқа жағы әлі де мазалайды. Дегенмен заманауи медицинаның арқасында бірер күнде қатарға қосылады деп айта аламыз.

Дәрігерлер Қайрат Үмбетовтің денесіндегі ірі жарықшақтарды түгел алып тастады. Ал, оң аяғындағы – 16, сол аяғындағы – 12 және желке тұсындағы 3 жарықшақ денесінде өмір бойы қалады.

Серікбол Әдемқұлов, 6505 әскери бөлімі командирінің орынбасары:
Абай атамыз ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүз жігіттің қасиеті деп айтқан. Бұл сөздердің барлығы осы азаматтың бойында бар. Ол өте қарапайым. Адамгершілігі мол, ініге аға, ағаға іні болатын нағыз қазақи азаматтың бірі. Осыны ісімен де дәлелдей алады.

Қайрат Үмбетов қызметін абыроймен адал атқарып жүрген ержүрек офицер ғана емес, сүйікті жар, қамқор әке. Оның бұл әрекетін естігенде жұбайы таң қалмапты. Себебі ол жұмыстан тыс қарапайым өмірде де тәуекелге басын тігетін батыр жан, дейді. Өзі болса, сарбаздың өмірін сақтау әр офицердің парызы деп біледі.

Қайрат Үмбетов, Халық қаһарманы:
Ол да біреудің баласы. Сонымен қатар, ол біздің қол астымызға келген. Біз Отан алдында, ата-анасының алдында жауапкершілікті сеземіз. Әрине баламды да ойладым. Жанұямды ойладым. Бірақ бірінші мақсат сол болды.

Ал, бұл – ұшқыш Дмитрий Родин. Оның ерлігін естімеген жан кемде кем шығар. 27 наурыз күні Астана әуежайына Қызылордадан ұшып келе жатқан әуе кемесі жерге қона алмайды. Техникалық ахауларға байланысты ұшақтың алдыңғы шассиі ашылмай қалады. Әуе кемесі бірнеше минут бойы елорданың көгінде қалықтап жүріп, пилоттар ақыр соңында тәуекелге бел буады. Қалай да ұшақты жерге жайлы қондыру керек еді.

Дмитрий Родин бар жауапкершілікті мойнына алып, сын сағатта өзінің білікті маман екенін дәлелдейді. Бірақ ол батырлық жасадым деп санамайды. Бар болғаны қызметін атқарғанын айтады. Десе де, ол 119 жолаушының амандығы үшін басын қатерге тіккен ер.

Дмитрий Родин, Халық қаһарманы:
Бәрі құттықтап жатыр. Үйде бәрі бұл жағдайды еш қобалжусыз қабылдады. Менің әйелім де 25 жыл аспанда жүрген. Әуе жолсерігі болды.
«Фоккер-100» әуе кемесінің командирін әріптестері де қатты құрметтейді. Мұны солармен тілдескенде анық аңғардық. Өте қарапайым, жас мамандарға білгенін айтып, үйретіп, тіпті айналасына қалжыңмен күлкі сыйлап, өзгелерді жадыратып, өзі жарқырап жүретін әзілқой жан.

Александр Колесников, Ұшқыштың әріптесі:
Дмитрий Олегович өте тәжіребиелі ұшқыш. Сондықтан ол ұшақты сәтті қондырғанда кәсібилігін тағы бір дәлелдеді. Ал, өмірде ол өте көңілді, көмекші, жақсы адам. Менің ойымша осы қасиеттері де оған демеу болған сияқты.

Бауыржан Момышұлынша айтқандай «Ерлік – елдің қасиеті, жүректілік – жігіттің қасиеті». Бастарын бәйгеге тігіп адам өмірін құтқарып қалған бейбіт күннің батырлары мақтау мен құрметтің қай қайсысына да лайық. Ең бастысы ерлер барда ел рухы еңкеймек емес.

Дулат ЖЕКСЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу