Бүгін Семей сынақ алаңынан соңғы ядролық оқтұмсықтың шығарылғанына 21 жыл толды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін Семей сынақ алаңынан соңғы ядролық оқтұмсықтың шығарылғанына 21 жыл толды

24.04.2016
Бүгін Семей сынақ алаңынан соңғы ядролық оқтұмсықтың шығарылғанына 21 жыл толды
Семей сынақ полигонындағы ядролық оқтұмсықтың ең соңғысы 1995 жылдың 24 сәуірінде Ресейге әкетілген.

Биыл Семей сынақ полигонының жабылғанына ширек ғасыр болды. Ел Президентінің бастамасымен ядролық қарудан ерікті түрде бас тартқан Қазақстанның сол кездегі қадамы мен жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау туралы амалы қазір күллі әлемге үлгі.

Жақында Нұрсұлтан Назарбаев жаһан жұртының болашағы үшін, тағы бір маңызды саяси Үндеу жариялады. «Әлем. ХХІ ғасыр» деп аталған манифестің мақсаты - бүкіл дүниежүзінің халқын соғыссыз, қарусыз болашаққа шақыру. Ал барша әлем халқы қолдап жатқан бұл үндеуді Қазақ Президентінің жариялауы заңдылық. Себебі, жаппай қырып-жоятын қару атаулыдан Қазақ елі аз қасірет шеккен жоқ.

1949 -1989 жылдар аралығында Семейдегі сынақ полигонында 467 атом бомбасы жарылды. Бомбаның тротилдік жиынтығы 17,7 мега тоннаға тең. Бұл Хиросимаға тасталған бомбадан екі жарым мың есе артық.

Қазақстан Президентінің пәрменінен кейін бұл қасіретті күн түгелдей тарих қойнауына енді. Сөйтіп, Семей сынақ полигонындағы ядролық оқтұмсықтың ең соңғысы 1995 жылдың 24 сәуірінде Ресейге әкетілген. Яғни, дәл бүгін бұл қасіреттен толық құтылғанымызға 21 жыл толды.

1949 жылдың 29 тамызында атом аждаһасы тыншып жатқан қазақ даласын дүр сілкіндірді. 40 жыл бойы жаралыстар оқтын-оқтын жалғасып, сыналған ядролық зарядтардың жиынтық қуаты Хиросимаға тасталған бомбаның күшінен 2 мың есе асып түскен. Сол атом сынақтарының зардабын полигонның дәл іргесінде орналасқан Абай, Абыралы аудандарындағы елді мекен тұрғындары ерекше тартты.

Ержан Жақып, тілші:
Атом бомбасы алғаш сыналар кезде, әскерилер мына Қайнар ауылының халқын түгелдей көшірген. Тек 40 адамды ауылдың шетіне әдейі тастап кетіпті. Ондағы мақсат - атом жарылыстарының адам ағзасына зиянын білу еді.

Алғашқы жойқын жарылысты бастан өткерген сол 40 адам кейіннен түрлі дертке шалдығып, дені өмірден ерте озған. Қазір ауыл шетінде сол қасіретті күнді еске салатын мынандай ескерткіш орнаған.

Тек алғаш жарылыста ғана емес, атом сынақ полигонының іргесіндегі Қайнар ауылының халқы бұйрық келген сайын бірнеше рет үйлерін тастап айдалаға көшіп отыруға мәжбүр болған.

Жасы бүгінде 94-ке келген Бикен Жексенбина ол кезде ауылда әскери комитеттің өкілі болып қызмет атқарыпты. Кейуана «ауыл халқы не болып жатқанынан мүлдем хабарсыз болдық»,-дейді.

Бикен Жексенбина, Қайнар ауылының тұрғыны:
Ауылдық кеңестің хатшысы «Апа, ешбір адамға айтпа, құпия нәрсе, ертең көшеміз таңертең. Қайда апаратыны белгісіз, бір-екі күндік тамақтарыңды дайындап алыңдар»,- деді. Дөкей-дөкей көліктері келді. Адам үстіне секіріп шықпаса шыға алмайды. Бізді былай-былай лақтырып, жүгімізді тиеп, бір жаққа апарып тастады. Далада 3 күн ба, 4 күн ба болдық. Бір күні тағы әкеліп тастады Қайнарға.

Сынақ кезінде бөлініп шыққан ауыр металл изотоптарының ең қауіптілері стронций-90, плутоний-238, цезий-137. Мәселен, стронцийдің ұсақ микробөлшекке айналып қоршаған ортаға зиянсыз күйге енуі үшін 56 жыл керек екен. Ал, цезийге 30 жыл қажет.

Қазақстандағы ҰЯО Радиациялық қауіпсіздік институтының мамандарының мәліметінше, Семей полигонындағы ядролық жарылыстардан пайда болған плутоний-240 изотоптары табиғи жолмен 6500 жылдан кейін, плутоний-239 изотоптары 2100 жылдан кейін ыдырайды.

Ал, плутоний-241 ыдыраған кезде жаңа альфа сәулесі түзіледі. Ал, америций-241 төндіретін қаупі жыл сайын тек өседі. Бір ғана жарылыс өткізуде осындай 10 мыңдаған изотоптар мен қосындылардың пайда болатындығын есептесек, Семей полигонында жасалған барлығы 500-ге жуық сынақтан кейінгі жеріміздің жағдайы мен экологиялық ахуалды халқымыздың денсаулығын ойлап көріңіз.

Ержан Жақып, тілші:
Қазір біз Қайнар ауылынан 23 шақырым қашықтамыз. Дәл осы жерден бастап бұрынғы Семей сынақ полигонының аумағы басталады. Ал, жарылыстардың эпицентрі осы жерден 30-35 шақырым қашықтықта орналасқан. Осыдан-ақ ядролық сынақтардың ауылдарға қаншалықты жақын жасалғандығын байқаймыз.

Ағыбаев Мүбәрәк ақсақал да өмір бойы сынақ полигонының іргесіндегі Абыралы ауылында тұрған. Атом сынақтарының тікелей куәгері. Білместіктің кесірінен жарылыс болған аймақтарға жақын жерлерде жер игеріп, шөп шапқан.

Мүбәрәк Ағыбаев, Абыралы ауылының тұрғыны:
Бізге ешқандай адамға, малға зияны жоқ деді. Содан кейін біз оған иландық, жүре бердік. Сол кезде трактор бригадасының бригадирі, аспазшылар, трактористер 30 бен 55-тің арасында түгел кетті. Бірі қалған жоқ. Бірі ақ қан дертінен, бірі қатерлі ісіктен өлді.

Қазіргі кезде республика бойынша қатерлі ісік ауруларынан өлім-жітімнің ең жоғары деңгейі осы шығыс өңірде. Бұл аймақтағы орташа жас ұзақтығы ерлерде 52-55, әйелдерде 58 жас күйінде қалып келеді.

Әкімбай Шақантаев, Абыралы ауылдық ауруханасының бас дәрігері:
Бір адамның бойынан бірнеше аурудың түрін, бірнеше зиянды әсерін көруге болады. Өзіне-өзі қол жұмсау, сонымен қатар, онкологиялық аурулар, тағы басқа қан жүйесі, ас қорыту жүйесі аурулары.

Бұл Жер бетіндегі бір ғана Семей полигонының жасаған ойраны. Дәл осындай полигон АҚШ-тың Невада штатында да жұмыс істеп келді. Онда да Семейдегіден көп болмаса, аз сынақ жасалған жоқ.

Кейіннен еліміздің ұлт қайраткерлерінің бастамасымен «Невада-Семей» атты антиядролық қозғалысы құрылды. «Невада-Семей» қозғалысы 1989 жылы Семей полигонында жоспарланған 18 ядролық сынақтың 11-ін тоқтатты. Жарылыстың соңғысы 19 қазанда болды.

Семей аймағындағы сынақтардың зардабын жоюға 2004 жылдан бері қарай АҚШ пен Ресей көмектесіп жатыр. Бүгінде 3 мың шаршы шақырым аймақ залалсыздандырылды. Десе де, радиация індетінің із-түссіз кетпегені мәлім. Зиянды сәуле алған бірінші толқыннан тараған ұрпақ полигонның зардабын әлі тартып келді.

Фархат Молдағалиев, студент:

Аталарымыздан, ағаларымыздан, апаларымыздан естуіміз бойынша бұл бір сұмдық заман болған. Сол қайталанбаса екен дейміз. Көп жастар әкесіз қалып жатыр, көп жастар шешесіз қалып жатыр. Сондықтан, оның зардабы әлі күнге дейін бар, деп ойлаймын. Барлық әлемде мұндай жағдай қайталанбауын тілейміз.

Қазақстан Президенті бүкіл әлемді ядролық қарудан бас тартуға шақырып бейбіт өмір орнатудағы бастамаларын жалғастыруда. Жақында Нұрсұлтан Назарбаев Америка Құрама Штаттарында өзінің әлемдік қоғамдастыққа деген манифесін жариялап, қазіргі әлемдегі қалыптасқан саяси жағдай мен саяси үдерістерге қатысты көзқарасын әлемдік деңгейдегі тәжірибелі саяси қайраткер ретінде паш етті.

Сұлтан Картоев, «Невада-Семей» қозғалысының вице-президенті:

Бүкіл әлем «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін қолдады. Бұл бағдарламаны әлемге болашақта қалай өмір сүру қажеттігін меңзейтін жарғы,-деп айтуға болады. Бұл ядролық қарусыз әлем құрудағы кешенді бағдарлама ғана емес, зорлық-зомбылықсыз, соғыссыз, терроризмсіз бейбітшілік құрудың кешенді жоспары.

«Бүгінгі таңда геосаяси жағдайды, әлемдік экономикалық дағдарысты және алыптардың бір-біріне жариялаған санкциялық соғыстарын қоссақ, адамзаттың ХХІ ғасырда дамуына және өсіп-өркендеуіне едәуір қауіп төніп отырғанын байқаймыз»,-деді Қазақстан Президенті.

Сондықтан, мемлекет лидерлерін болашақ ұрпақтың өмірін сақтау үшін, осы мәселелер төңірегінде мәмілеге келіп, бір ортақ шешім қабылдауға шақырды.

Ержан ЖАҚЫП

Хабарламаларға жазылу