Басты Жаңалықтар ТМҰ мүше елдердің министрлері бас қосты

ТМҰ мүше елдердің министрлері бас қосты

Түркі мемлекеттері біртұтас білім беру кеңістігін қалыптастырып, академиялық ұтқырлықты дамытуды қолға алды. Сондай-ақ білім беру бағдарламасына цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекті енгізбек. Бүгін Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Білім министрлері бас қосып, ғылыми-білім беру және инновациялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға уағдаласты. Айнұр Әбілқасымқызы тарқатады.

Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде білім мен ғылымды, адами капиталды дамыту стратегиялық маңызға ие екендігі айқындалды. Осы бастаманың жалғасы ретінде бүгін ұйымға мүше мемлекеттердің бейінді министрліктерінің басшылары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері бас қосып, өзара байланысты нығайту мәселелерін талқылады.

Кубанычбек Өмірәлиев, Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы:

Түркі мемлекеттері үшін қазір бірігу керек. Білім мен ғылымның күшін біріктіру маңызды. Түркі мемлекеттері университеттері арасында TURKUNIB ұйымына 170 жоғары оқу орны мүше. Осыған тағы 35 университет қосылуды жоспарлап отыр. «Орхун» академиялық алмасу бағдарламасы арқылы байланысты нығайтсақ, зор нәтижелерге қол жеткіземіз деп ойлаймын.

Қазір Еуропа елдері біртұтас қауымдастық құру арқылы ғылым, білімде зор жетістіктерге жетуде. Таяу Шығыс пен Азия елдері де жоғары білімге жіті көңіл бөліп, бірігу процесі басталды. Осы тұрғыда түркі мемлекеттері академиялық ұтқырлық бағдарламасын қолға алуда. Келелі басқосуда ұсыныс айтқан сала басшылары маңызды бастамаларды нақтылап, оларды жүзеге асыру үшін арнайы декларацияға қол қойды.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

Саяси қауымдастық бар, экономикалық қауымдастық бар. Осыған біз енді ғылым саласын да, білім саласындағы арнайы қосымша үлкен компонентті қосып отырмыз. Яғни бірнеше бағытта - білім сапасы, студент алмасу, бірлескен ғылыми жобаларды қаржыландыру, стипендиялық бағдарламаларды осы бүгін біз айқындадық. Соларға көп елдер қосылды.

Министрлер жас ғалымдарға жол ашатын бағдарламаларды жүзеге асырып, ғылыми жобаларды қаржыландыру көздерін нақтылады. Олар «Орхун» стипендиясы аясында гранттарға ие болып, түркі мемлекеттерінің университеттерінде зерттеулерін жалғастыра алады. Бұдан бөлек түркі мемлекеттері арасында дипломдар жарамды деп танылып, жастар жұмысқа орналаса алады.

Эмин Амруллаев, Әзірбайжан Республикасының ғылым және білім министрі:

Университеттерді аккредиттеу процесі, ғылыми зерттеулер саласындағы өзара ынтымақтастық туралы байланыстарды нығайту керек. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландырудың жаңа жүйелері әзірленуі тиіс. Жоғары оқу орындары арасында ортақ бірегейлік, өзара ынтымақтастықты арттыру маңызды.

Жиын соңында пленарлық отырыстар мен екіжақты кездесулер өтті. Онда білім министрлері  бірқатар маңызды құжаттарға қол қойды. Түркі мемлекеттері университеттерінің лигасы құрылатын болды. Білім деңгейін бақылайтын жүйе іске қосылып, арнайы стипендиялар тағайындалады.


Бөлісу