Басты Жаңалықтар Әлем чемпионатында Қазақстан тумасы ойнайды

Әлем чемпионатында Қазақстан тумасы ойнайды

Қазақстан құрамасы футболдан Әлем чемпионатына қатыспаса да, еліміздің тумасы байрақты бәсекеде өнер көрсетеді. Ол Өзбекстан қақпасын қорғайды. Жалпы, мундиальда туған елінің құрамасында ойнамайтын 300-ге жуық футболшы болады. Төрткүл дүние күткен теңбіл доп сайысы қашан басталады? Қай елдерде өтеді және қанша пайда әкеледі?

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Биыл өтетін Әлем чемпионатында туған елінің құрамасында ойнамайтын 289 футболшы бар. Бұл тізімге Қазақстанда туған ойыншы, Өзбекстан құрамасының қақпашысы Уткир Юсупов та енді. 35 жастағы қақпашы Түркістан облысындағы бұрынғы Сайрам ауылында дүниеге келген.

Кейін ол отбасымен бірге Өзбекстанға қоныс аударып, сол елдің азаматтығын алып, кәсіби мансабын бастады. Юсупов ұлттық құрамадағы алғашқы матчын 2018 жылы өткізді. Содан бері 44 ойынға қатысып, Өзбекстанның тарихта алғаш рет Әлем чемпионатына шығуына үлес қосты.

Есей Жеңісұлы, спорт журналисі, комментатор:

Әрине, іш бұрасың. Қалай дегенде де, қазақ топырағында дүниеге келген азаматтардың Әлем чемпионатында өнер көрсетуі – Қазақстан ұлттық құрамасы шыға алмаған күннің өзінде үлкен оқиға. Осыдан бірнеше жыл, бірнеше чемпионат бұрын Өзбекстанның даңқты төрешісі Равшан Ерматов төрелікке барғанда біз қалай қуандық?! Құдды бір қазақтың баласы барған сияқты. Равшан Ерматовтың қасындағы лайсмен, яғни қапталдағы төреші қырғыз азаматы болғанына да біз қатты қуанғанбыз.

Футболдан Әлем чемпионаты 3 күннен кейін басталады

Иә, көршіміз Өзбекстан құрамасы мундиальға жолдама алғанда өзіміз аламанға ат қосқандай қуандық. Бұл да бір түркі дүниесі бірлігінің айғағы, нақты бір нышаны шығар. Хош, Әлем чемпионаты осы жолы үш бірдей елде – АҚШ, Канада және Мексикада өтпек. Миллиардтаған жанкүйер асыға күткен теңбіл доп тартысы 11 маусымда Мехикодағы «Ацтека» стадионында басталады. Бұл жерде 1986 жылғы Әлем чемпионатының ширек финалында  аңыз футболшы Марадона Англия құрамасына өзінің әйгілі голын салған. Ал осы ойынның патшасы саналатын Пеле болса, дәл осы жасыл алаңда үшінші рет турнирдің кубогын жеңіп алған еді.

Финалдық матч 19 шілдеде Нью-Джерсиде өтеді. Биылғы дода тұңғыш рет кеңейтілген форматта ұйымдастырылып, 48 құрама 104 матчта бақ сынайды. Командалар 12 топқа бөлінеді, әр топта 4 командадан болады. Топтан алғашқы екі орын алғандар тікелей плей-офф кезеңіне өтеді. Сонымен қатар, үшінші орын алған командалардың ішінен ең жақсы нәтиже көрсеткен 8 команда да келесі кезеңге жолдама алады. Турнирдің тағы бір ерекшелігі - матч билеттінің қымбаттығы.

Турнирді тамашалауға 6,5 млн жанкүйер барады

Жарысты көруге әлемнің түкпір-түкпірінен шамамен 6,5 миллион жанкүйер келеді. Олардың 60 пайызы – бұл турнир үшін алғаш рет сапар шегетіндер. Олар билеттерге және жүріп-тұруға 14 миллиард долларға жуық ақша жұмсайды деген болжам бар. FIFA сарапшыларының пайымынша, чемпионаттың жалпы экономикалық әсері 80 миллиард доллардан асады. Халықаралық футбол федерациясы мен Дүниежүзілік сауда ұйымының есебінше, турнир туризм, бөлшек сауда, көлік және қызмет көрсету секілді көптеген саланың дамуына ықпал етеді. Жалпы, бұл жолғы Әлем чемпионаты бұрынғылардан ерекшеленгелі тұр. Жаңаша форматты былай алғанда, технологиялық тұрғыдан тарихи турнир ретінде есте қалуы ғажап емес.

Ерсін Ерік, спорт комментаторы:

Биылғы Әлем чемпионатында қолданылатын доптардың ішіне арнайы жасанды интеллект датчиктері орнатылған. Бұл датчиктер ойын барысын өте жоғары жылдамдықпен бақылап, офсайдтарды, гол соғылған сәттерді және допқа тиген ең ұсақ жанасуларды VAR жүйесіне бірден жеткізіп отырады. Бұл төрешілердің шешімді дәлірек әрі жылдам қабылдауына септеседі.

Турнирді «Qazaqstan» және «Qazsport» арналары көрсетеді

Бұл турнир түрлі ерекшеліктерімен тарихта қалмақ. Миллиондар ойынын «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары бастан-аяқ тікелей эфирден көрсетеді. Қазақстандық жанкүйерлер үшін 22 комментатор жұмыс істейді. Ал фавориттерге келсек, сарапшылар Франция, Испания және Португалия құрамаларының бағы жанады деп топшылап отыр. Ал қазақ жанкүйерлері Әлем чемпионатында қазақ жерінде туған Уткир Юсуповқа да ерекше жанкүйер болары анық.

Бөлісу