Осы аптада Брюссельде үш жарылыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Осы аптада Брюссельде үш жарылыс болды

27.03.2016
Осы аптада Брюссельде үш жарылыс болды
Жараланғандардың саны 300-ден асты.

Осы аптада әлемді елең еткізген жаңалықтардың бірі НАТО мен Еуропа одағының штаб-пәтерлері орналасқан Брюссельден жетті. Сейсенбі күні оның әуежайында екі, метросында бір бомба жарылып, 31 адам қаза тапты. Жараланғандардың саны 300-ден асты. Бомбаларды іске қосып, өздері де мерт болған жанкештілердің аты-жөндері анықталды.

Бұл жарылыстардан кейін Еуропаның ғана емес, Ресейдің, АҚШ-тың және тағы басқа елдердің ірі қалаларында қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Ал, Брюссельде рейдтер жүргізіліп, жұмаға дейін бас-аяғы 9 адам тұтқындалды.

Жергілікті биліктің мәліметіне қарағанда, былтыр күзде Парижде 130 адамды опат қылған терактілер мен Бельгия астанасына жасалған шабуылды ұйымдастырғандардың арасында бір байланыс бар.

Брюссельде үш бомба Париж трагедиясына қатысты күдікті Салах Әбдеслам тірідей ұсталғаннан кейін бір апта өткенде жарылды.
Бірақ, өмір өшпек емес. Жұма күні Брюссельдің орталық алаңында құрбандарды еске алу концерті өтіп, онда Бетховеннің 9-шы симфониясынан «Қуанышқа мадақ» шығармасы орындалды.

Радоуан Бачири, жергілікті тұрғын:

Біз осында туған-туыстарынан айырылғандармен бірге екенімізді білдіру үшін келдік. Себебі, мұндай жағдай кез келген адамның басына түсуі мүмкін ғой. Менің де, балаларымыздың да, ата-аналарымыздың да. Өшпенділік пен лаңкестікті мансұқ етейік дегім келеді. Өйткені, терроризмде дін болмайды.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу