Алатаудың бөктеріне қыстыгүні алыс-жақын шетелдерден келетін туристер қатары жыл санап артып келеді.
Биылғы қыс Алматыға қылышымен емес, ырысымен келді. Әлемдегі әсіресе, Еуропадағы экономикалық қиындықтар қаладағы қысқы туризмге тың серпін берді. Өйткені, әйгілі Альпінің баурайындағы Швейцария, Франция, Австриядағы демалыс курорттарының бағасын қымбатсынған шетелдіктер «Шымбұлаққа» ағылуда.
Ал, қар жауса шекара асып, сыртқа аттанатын отандастарымыз да биыл Алатауда жүр. Туристердің қатары көбейгенмен, оларға сапалы қызмет көрсету жағы қалай?
Амангелді Сейітхан, тілші:
Біз қазір «Медеу» мұз айдынындамыз. «Шымбұлаққа» дейін сәл ғана қалды. Таудың басына дейін көлікпен көтерілуге болады. Дегенмен, керемет табиғатты тамашалау үшін біз «Аспалы жолды» таңдадық. Кеттік.
Қанатты жолдарға билет сататын кассаларда кезек көп. Бұл соңғы күндердегі үйреншікті көрініс. Себебі, барлығы тұмса табиғатқа тамсанып, жердегі тіршілікке бір сәт биіктен қарауды аңсайды. Бұл аспалы жолдар сағатына 2000 адамды тасиды. Біз межелі жерге 15 минутта жеттік.
«Шымбұлақта» шетелдіктердің қарасы көп. Бұған қызмет бағасының тиімділігі себеп болса, екіншіден, Еуропада табиғи қар аз. Сондықтан, жасанды қарды жатсынғандар бізге беттейді. Былтырдан бері сырттан келетін қонақтар саны 15 пайызға артқан.
Габи Довиес, турист:
Біз Нидерландыдан келдік. Бұған дейін Швейцарияда, Австрияда, Италияда болдық. «Шымбұлақ» ол жақтағы шаңғы кешендерінен кіші, бірақ ыңғайлы екен. Бастысы, баға арзан. Демалыс керемет өтуде. Бірақ, өкініштісі, ертең қайтамыз. Алдағы уақытта тағы да келуді жоспарлап қойдық.
Қазақстандағы бағаның өзге елдерден әлдеқайда арзан екенін шетелде демалып келген өз бауырларымыз да растады.
Ерік Ілиясов, Астана қаласының тұрғыны:
«Шымбұлақ» осы үш жылда ешқандай бағаны өзгертпеген. Сол 7000-8000 теңге. Ал, Францияда күніне 50-70 еуродан. Енді есептеп қарасаңыз, 50-70 еуроңыз қазіргі 25 000 теңге ғой. Түркияда да қатты қымбат емес. Оларда да осы Қазақстанның бағасындай.
Бірақ, «Шымбұлақтың» бір жақсы жері қалаға өте жақын. Қалада тұрып келе беруге болады. Ал, шетелде баратын болсаң, сен ол жерде тұруың керексің, ал тұратын ақшасы қымбаттау.
Шаңғы кешені 7 000 адамға шақталған. Биыл келушілер саны шектен тыс көп. Мәселен, 2-ші қаңтар күні шыңға 10 000 қонақ шыққан. Бұл «Шымбұлақтың» тарихында болмаған рекорд.
Қанатты жолдарда, тіпті, 1 сағатқа жуық кептеліс те болған. Ал, өткен жылы мұнда жарты миллион адамға қызмет көрсетілген. Биыл ол 30 пайызға көп.
Рамазан Сағындық, қала тұрғыны:
Біз осы «Шымбұлаққа» 4 жылдан бері келіп жүрміз. Тіпті, әр демалыс сайын келеміз отбасымен. Уақытты көңілді өткіземіз және ауа райы өте керемет.
Кешенге келушілердің көбеюіне байланысты жаңадан екі сырғанақ ашылған. Олардың бірі таудың басында. Нағыз кәсіпқой шеберлерге арналған.
Екіншісі шаңғыны аяғына алғаш киген жандарға ыңғайланған. Өте биік емес. Бұрылысы да аз. Мұнда арнайы мамандар бұрын шаңғы теуіп көрмеген жастарға, балаларға барлығын үйретеді. Асқан жылдамдықта тепе-теңдікті сақтай білуге баулиды.
Сая Оқас, «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының менеджері:
Тағы бір жағымды жаңалық ол біздің баурайда «Чимбо супер нешнл парк» атты үлкен сноупарк ашылды. Яғни, мұндай парк әлемде 5-6 мемлекетте ғана бар. Яғни, көп емес.
«Шымбұлақта» ұзақ уақыт демалуға келгендер тұрақтайтын екі қонақ үй бар. Қызмет сапасын көру үшін, солардың біріне соққанды жөн санадық.
Амангелді Сейітхан, тілші:
Бұл қонақ үйдегі ең әдемі, ең қымбат бөлме. Супер-люкс. Ия көрініп тұр, жатын орындары кең, тап-таза және жарық. Мына жақта не бар екен? Қонақ бөлме. Былғары дивандар, телефон, теледидар, жалпы тұрмысқа қажетті заттың барлығы бар. Мына жақта не бар екен, қарап көрейік. О, мына жақта да жуынатын бөлме. Тағы да ұйықтайтын орын. Ия, өте керемет, кең, ауасы да тап-таза, демалып, жатуға болады.
Бірақ, бұл бөлменің құны күніне - 100 000 теңге. Оны қымбат дегендер 25-30 мыңға мына бөлмелерді жалдаса болады. Мұнда да барлығы жайлы. Әсіресе, терезенің сыртындағы көрініс тамаша. 50 адамға арналған қонақ үйде қазір үш бөлме ғана бос.
«Шымбұлақтың» шыңына шығып, етегіне қайта жеткенше күн де еңкейді. «Медеуге» түстік. Келдік, көрдік, таң қалдық. Билет кассаларында кезек күткен адамдар мұнда да көп. Бәрі сағат тілінің тезірек 6-ға барғанын асыға тосуда.
Әділбек Махмет, «Медеу» мұз айдынының маманы:
Бүгінгі таңда «Медеу» мұз айдынына келушілер саны артуда. Өзіңіз көріп отырғандай, кезек күткендер өте көп. Осы арада айтып өтерлік, күндізгі сеанс 6000 адамнан көп болды.
Ия, мұз айдынында биыл қонақтар толастамауда. Мысалы, 3-ші қаңтарда 13 мың адам алаңға сыймай кеткен. Бұл бұрын тіркелмеген көрсеткіш. Себебі, билет бағалары көңілге қонымды. Балалар-400 теңге. Жастар-800, ересектер-1800 теңге.
Амангелді Сейітхан, тілші:
«Медеу» мұз айдынының бір ерекшелігі - мұнда бұрын коньки теуіп көрмеген адам да өз бетімен аз ғана уақыттың ішінде тез үйреніп кетеді. Себебі, мұз теп-тегіс, ешқандай кедір-бұдырсыз, кедергісіз. Тек қана бір қиындығы мұнда адам өте көп, сондықтан, ешкімге соқтығысып қалмай, барынша сақ жүру керек.
«Медеуді» ұзақ мақтауға болады, әрине. Басты басымдықтарын басқа елдер де біледі. Сондықтан, Алатауға ат ізін салатындар жыл санап артуда. Өткен жылы Алматыға шетелдерден 290 000 турист келген. Бұл 2010-шы жылмен салыстырғанда 1,5 есеге көп.
Ал, ішкі қонақтар саны 450 000. Бес жылдағыдан екі еселенген. Жалпы, 760 мың. Оларды қабылдайтын қалада 132 қонақ үй бар. Шетелдік туристерді тарту үшін 2014 жылы «Визасыз тәртіп» енгізілген. Қазір 14 мемлекет азаматтары Қазақстанға демалуға еркін кіреді.
Тимур Дүйсенғалиев, Алматы қалалық Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы:
Әлемде бүгін бәсекелестік өте жоғары. Бірнеше елдер тек туризммен ғана экономикасын өркендеп отыр. Бізде де оған мүмкіндік бар. Тек, жүйелі жұмыстар енді басталды.
Елімізге жарнама жетіспейтін, биыл баға саясатын тиімді ұстанып, ол мәселеге жан бітірдік. Бізде қызмет құны арзан екенін, басқа елдер естіп жатыр. Ал, шетелдіктер шындап таныған кезде, табыс көлемі ұлғаяды.
Ия, еліміздің тау-тасы, сай-саласы, ойпаң-шоқысы қолмен ойып салғандай әдемі. Әсіресе, Алматы – асқар таулы, бақша-баулы мекен. Қысқы демалысты қызықты өткізуге қолайлы тағы бір жер Іле-Алатау ұлттық паркі. Мұнда маусым екі күн бұрын ашылды. Бірінші күннің өзінде 40-50 бала келіп, асыр-салып ойнап, шанамен сырғанап, мәз-мейрам болды.
Сымбат Бекбосын, «Жас натуралистер» үйірмесінің мүшесі:
Мен бұрын «Шымбұлақ», «Медеуге» барғам. Коньки тепкенмін, шаңғы тепкенмін. Ал, ұлттық паркке барып, шанамен алғаш рет сырғанап тұрмын. Ұлттық паркке қайтып келгім келеді. Маған өте қатты ұнады.
Былтыр ұлттық паркке 12 750 қонақ келген. Қонақтардың дені жазда келеді. Өйткені, өкінішке қарай, қыс келсе қызмет түрлері тұралап қалады. Жылы үйлер мен дәмханалар жабылады.
Жалға алушылар қыста табыс түсетініне сенбейді. Себебі, сырғанаққа адам көп келмейді. Бар екенін білетіндер де аз. Бұл жарнаманың жоқтығы. Елімізде жаһанға жар салып көрсететін, осындай қаншама демалыс орындарына жарнама жетпей тұр. Оған икемсіздеу инфрақұрылымды қосыңыз.
Ал, басқа елдерде жалпы ішкі өнімнің 10 пайызы туризмнің үлесінде, бізде 1 пайызға да жетпейді. Тағы бір дерекке сенсек, қысқы туризм, әсіресе, тау-шаңғы кешені теңіз жағалауындағы табыстан 6 есе пайдалы. Табыстың көзі табан астында. Тек инфрақұрылымды жетілдіріп, турист тартудың көзін табу маңызды.
Амангелді СЕЙІТХАН