Тәуелсіз еліміз ұлттық тарихымыздағы тағылымды күн - Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтуге әзірленуде. Мерейтойды өткізудің тұжырымдамасы мен іс шаралар жоспары жасалғаны белгілі.
Биыл жыл аяғына дейін 100-ге жуық ірі тарихи- танымдық, мәдени шара өтеді.
Біз қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы туралы сөз қозғамақпыз. 1841 жылы үш жүздің игі жақсылары Кенесарыны хан сайлайды.
Кенесары атын атауға тыйым салған сонау кеңестік кезеңнің өзінде әйгілі жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» тарихи романын жұрт басына жастанып оқыған. Тарихшы Ермұхан Бекмахановтың ерлігімен де таныс.
Хан Кененің ерлігі мен өрлігі сонау ілкі заманда қазақ жеріне саяхаттап келген талай зерттеушінің де құлағына тиген.
Мысалы, ағылшын зерттеушісі Томас Аткинсон «Кенесары қазақтардан ғажайып жауынгерлер даярлады. Найза мен айбалтаны тамаша игерген, шапшаңдығына көз ілеспейтін жігіттері өзінен күші басым жаудан қаймықпай соғысып, жеңіп шыға беретінін естігенім бар. Егер білікті офицерлері болса, қазақтар әлемдегі ең әйгілі атты әскер құрар еді. Оларға тарихта даңқы асқан Шыңғыс хан жиһангерлерінің керемет қасиеттерінің бәрі тән», деген екен.
«Алашта Кенекеме ер жетпейді!». Мағжан Жұмабаевтың жыры ойға оралған сайын тарихи шындыққа тағы бір мәрте қаныға түсеміз. Қазақ хандығы туралы әңгіме қозғалғанда осы бір тарихи тұлғаға тоқталмау тіпті мүмкін емес.
Қазақтың соңғы ханы, ұлт-азаттық көтерілістің көсемі... Кенесары хан бастаған көтеріліс - қазақ халқының мемлекеттігін және жерін қорғау, этникалық біртұтастығын сақтау жолындағы күрес болатын.
Бүркітбай Аяған, Мемлекет тарихы институтының директоры:
Кенесары - қазақ елінің соңғы ханының бірі болды. Оның күресі - елі үшін күрес. Көшпенділердің Алтын Орда кезінде дүркіреп, бүкіл Еуразияны – Варшава, Киев, Мәскеу, Қырымды алған ұлы мемлекеттердің соңғы тұяғы қазақ хандығы болатын. Сол көшпенділер өркениетінің соңғы қорғаушысы ретінде Кенесарыны ардақтауымыз керек. Оған ешқандай күман болмауы керек.
Кенесары хан бастаған көтерілістің басты ерекшелігі – қазақтың барлық аймағын қамтуы. Халық қолдағанымен, өкініштісі, патша өкіметіне қызмет ететін өз ішімізден шыққан кейбір бай, сұлтандар қарсы болды.
Егер саяси тәуелсіздік болмаса, империяның құрамына сіңіп, жоқ болатынымызды Кене хан жақсы түсінді. Оның тұлғалық қасиеті ұлттық мемлекет құру мұратымен ерекшеленеді.
Мәмбет Қойгелді, тарих ғылымдарының докторы:
Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс қазақ халқының басын біріктірген ұлттық идея бар екенін, ортақ мүдде бар екенін көрсеткен көтеріліс болатын. Кенесары көтерілісі сол ортақ мүдде, ұлттық идеяға қазақтың басын қоса алды.
Тағы бір мәселе ол - ғазиз бабамыздың бас сүйегіне қатысты. Бірнеше болжам, алуан пікір бар. Сонау тоқсаныншы жылдардан бері осы іспен айналысып жүрген зерттеуші тың деректі алға тартады.
Сұлтан Хан Аққұлы, «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры:
Өткен жылы Омбы облысында ғылыми сапарда болдым. Омбы облыстық мемлекеттік мұрағатынан Кенесары тағдырына қатысты құнды құжат таптым. Ол құжатта Кенесары бас сүйегі 40 жылдарда, екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанға дейін Омбыдан ешқайда шықпағанын дәлелдейді.
Зерттеуші айтқан тағы бір дерек - бұл бағыттағы жұмысты көрші мемлекеттің құпия мекемелерімен, мұрағаттарынан іздестіру қажеттігі.
Сұлтан Хан Аққұлы, «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры:
Құжат қазақ қоғамында қазір Кенесарының бас сүйегін орыс патшасының тілегі бойынша басын ойып, күлсалғыш қылды деген дақпырт, алыпқашпа әңгімені жоққа шығарады. Өйткені бұл құжатта Кенесары бас сүйегінің маңдай тұсында патшаның мөрі басылды деген сөз айтылады. Бұл құжат 1930 жылдар соңында, 40 жылдар басында жазылған. Демек, бас сүйек ол жағынан аман. Кенесары көтерілісіне қатысты 300-ге жуық жәдігер бүгінгі Ресей Федерациясының мемлекет қамқорлығындағы мұрағатында сақтаулы жатыр.
Кене хан үрдісі қымбат. Орыс зерттеушілерінің өзі «Кенесарыға көзсіз ерлік тән еді», деп жазады.
Бүркітбай Аяған, Мемлекет тарихы институтының директоры: Горчаковқа, Орынборға, Омбыға, патшаға жазған хаттары көп. Кенесары айтады: «сіздер сөздеріңізде тұрмадыңыздар, жерімізді, малымызды тартып алып жатсыңдар. Сондықтан менің күресім - азаттық, әділетті күрес». Ол кісі экономикалық азаттықты, саяси еркіндікті әрі бұрынғы қазақ мемлекеттілігін қалпына келтіруді талап етеді.
Кенесары ханға қатысты кеңестік идеологияның инерциясы біраз жылға дейін сақталып келді. Ғафу ақынның: «Басқаның патшасының бәрі жақсы, неліктен біздің хандар жаман болған?», - деп, ашына жырлауы соның дәлелі.
Бірақ, тұлғаны тұмшалап ұстау мүмкін емес. Өзі аңсаған азат елдің Астанасында еңселі ескерткіші тұр. Зерттеулер жүріп, ғылыми конференциялар өтіп, жинақтар шығуда.
Жақында Кенесары хан мен Бекмаханов өмірін қамтитын көркем фильм көрерменге жол тартты деген жақсы хабар тарады. Азаттық алғаннан кейін айбарлы ханның аты асқақтай түсуі заңдылық.
Әлімжан САБЫРЖАНҰЛЫ