Ассамблея жылын атап өтуге байланысты аймақтарда салтанатты жиын өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ассамблея жылын атап өтуге байланысты аймақтарда салтанатты жиын өтті

08.02.2015
Ассамблея жылын атап өтуге байланысты аймақтарда салтанатты жиын өтті

Бірлігі бекем елге ғана ешкім тіс батырып, тізе бүктіре алмайды. Еліміздегі этностардың татулық тұтқасы болған Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына биыл - 20 жыл толады.

Сонау 1995 жылы құбылмалы кезеңде құрылған бірлестіктің бүгінде буыны бекіп, бұғанасы қатайды. Басты мұраты - қырық рудан құралған жұртты бір мүддеге жұмылдыру, тұрақтылықты сақтау, қызыл кеңірдек болып керіскеннің келіспейтінін, керісінше кетісетінін ұғындыру, ынтымақ түбі ырыс екенін түсіндіру болса, сол міндетті қал-қадірінше орындап келеді.

Осы жұмада Астанадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының туы салтанатты түрде көтерілді. Дәл осы тудың көтерілуімен, айтулы жылға орайластырылған барлық мерекелік шаралар ресми бастау алды.

Сарай алдындағы алаңда жалынды жастардың флеш-мобы өттi. Кейін этномәдени бiрлестiктер ұйымдастырған қолөнер көрмесі жұрт назарына ұсынылды. Сөйтіп, осы апта еліміздің түкпір-түкпірінде Ассамблея жылын атап өту рәсімі басталды. Бас қаладан бастау алған ауқымды мереке  ауыл-аймаққа тарап, думанға ұласты. 

Бітер істің басына, жақсы келер қасына. Ерке Есілдің бойындағы елордалық жастар мен Олимпиада шыңын бағындырған саңлақтар – іргелі істің басынан табылып, көпке өнеге көрсетті. Міне, мынау сол көп болып көтерген игіліктің бір парасы.

Ту көтеру рәсімінен кейін, «Жастар қоғамдық келісімді қолдайды» атты флеш-моб өтті. Бұдан кейін этномәдени бірлестіктердің қолөнер шеберлері жасаған өнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды.

Ал, Ассамблея жылы Бейбітшілік және келісім сарайының төрінен салтанатты түрде басталды. Алдымен, Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Ассамблея төрағасы, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын жеткізді.

Гүлшара Әбдіқалықова, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Хатшысы:

Бүгiн бүкiл ел бойынша менiң Жарлығыммен жарияланған Қазақстан халқы Ассамблеясы Жылы бастау алады. Бүкiл жылды бiз ең басты байлығымыз – Тәуелсiздiк, еркiндiк, бiрлiк, бейбiтшiлiк пен келiсiмге арнаймыз. Бүгiнде Қазақстан халқы Ассамблеясы жалпыхалықтық өкiлдiктiң институты, азаматтық қоғамның авангарды болып отыр.

Мерекелік жылға арналған Елбасы құттықтауынан соң Мемлекеттік хатшы биыл атқарылатын «20 ізгі істі» жария етті. Солардың бірі - баба мұрасы, көненің көзі, баға жетпес жәдігер Тайқазанға қатысты эстафета.

Түркістаннан шыққан «Тайқазан» Ақмоладан бастап, әрі қарай еліміздің барлық өңірлерін аралап, көптеген игiлікке бастама болмақ. Сосын Ассамблеяның 22-сессиясы қарсаңында Астанаға қайта оралады.

Розақұл Халмурадов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚХА Кеңесінің мүшесі:

Тайқазан – татулықтың белгісі.

Ольга Шишигина, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚХА мүшесі:

Бүгін Ассамблея жылы басталды. Ел мен мемлекет үшін маңызды шара. Бұл біздің бір, әрі қуатты халық екенімізді әйгілейді. Жыл аясында бірнеше акциялар өтеді. Оның бәрі елдің барлық салаларын қамтып отыр.

Мен Қазақстан халқы Ассамблеясын ерекше бағалаймын. Себебі, біздің спорт саласында түрлі этнос өкілдері өнер көрсетіп, туған елінің көк Туын дүниежүзіне танытып жүр. Осының өзі бірлікті аңғартады.

Ассамблея жылына орай аймақтарда 200-ге жуық мерекелік шара өтеді. Атап айтсақ, Жеңістің 70 жылдығына арналған «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым!», еңбек әулеттерi арасында өтетін «Армандаған мамандық», қазақ тілінің мерейін асыратын «Мың бала», этномәдени бiрлестiктердің «Мейiрiмдiлiктен – бiрлiкке» сияқты мега акциялар ұйымдастырылады.

Ассамблея жылының басталуы мереке ғана емес. Президенттің «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты стратегиялық бағытына жалпы халықтық қолдау көрсетіп, береке мен бірліктің біртұтас үлгісін дәріптеу.

Әрі Қазақстандағы полиэтникалық және поликонфессиялық бұқараның идеялық-саяси бірлігін насихаттау. Сондықтан, бұл ұлтаралық татулық пен бірлікті ту еткен ауқымды шара бомақ.

Яқия Исмаилов, Астанадағы «Шейх Хунта Қажы» мешітінің бас имамы, ҚХА мүшесі:

Ассамблеяның белсенді мүшесіміз. Елбасымыз біздің төрағамыз. Әрқашанда бізді қолдап, тілді, салтты, дәстүрді дамытуға барлық жағдай жасап жатқанын ерекше айтамыз.

Олег Дымов, Болгар этномәдени бірлестігінің төрағасы:

Президенттің «Қазақстан – 2050» стратегиялық бағдарламасы оның орасан еңбегі. Ассамблея - Елбасының идеясымен құрылған ұйым. Этносаралық келісімнің қазақстандық моделібұл Президенттің жобасы. Ал, 2050 жылға дейін Қазақстанды әлемнің барлық жұрты таниды. Біз Елбасымен біргеміз!.

Әрбiр азамат елдегі бейбiтшiлiк пен келiсiмде өмір сүріп, туған жердің тыныштығын сақтауда жауапкершiлiктi сезiнуі керек. Бұл – азаматтық парыз. Көк Тудың астында біріккен көптің пікірі осы.

Ахмет Мурадов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚХА Кеңесінің мүшесі:

Осыдан 20 жыл бұрын Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың толеранттылық пен ұлтаралық келісімді сақтау бағытында жүктеген міндеттері іске асып, елдің береке-бірлігі артты.

Сол уақыттан бері, Қазақстан халқы деген қағиданың іргетасы берік қаланды. Бұл Елбасының көрегендігін көрсетеді.

Сауытбек Абдрахманов, «Егемен Қазақстан» Республикалық Газеті» АҚ президенті:

Қазақтың сөзі бар. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген. Толеранттылық деген ғылыми ұғымның мәнін қазақ бір-ақ мақалға сыйғызған. Кең болайық, сонда кем болмаймыз. Ассамблея жылының басталуы құтты болсын!

«Бiр ел – бiр тағдыр». Бұл қазіргі қоғамның нақты ұстанымы. Қазақстандықтар қастерлейтін қағида. Себебі, біздегі ұлтаралық келісімнің келбеті бүгінде ел ішінде ғана емес, күллі әлемге өнеге болып отыр.

«Берекенің басы – бірлікте». Бас қаладан бастау алған ауқымды шара осы аптада ауыл-аймаққа тарап ел бойынша ұлан асыр тойға ұласты. Мәселен, мынау Өскемендегі «Комсомол» аралы. 5 мыңға жуық адам бас қосып, Ассамблея жылының салтанатты ашылуын айрықша ықыласпен атап өтті.

Облыс әкімі жиылған жұртқа Президенттің құттықтауын жеткізді. Сосын бір топ Олимп саңлақтары татулықтың нышаны Қазақстан халқы Ассамблеясының туын көкке көтерді.

Сайлаухан Аухадиев, Өскемен қаласының тұрғыны:

Елімізге ең керегі, елдің тілегі – осы көпэтносты халықтың береке-бірлігі. Білім, экономика да керек, соның барлығы болады, егер достығы, бірлігі осылай арта берсе. Бүгін міне, күн де жадырап тұр. Неше түрлі шаралар өтіп жатыр. Жастар шаңғы, коньки теуіп, әнін айтып, билеп, үлкен шаттықпен қарсы алып жатырмыз.

Тарихы терең Тараз тұрғындары да татулық мерекесін тойлаудан тартынып қалмады. Жастар жағы Ассамблея туын көтеріп, шаһардың орталық көшелерімен шеру тартты.

Тұңғыш Президент саябағынан бастау алған шеру «Баласағұн» орталық концерт залына дейін жалғасты. Жастар жеткізген Достық туын мұнан соң Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров, қоғам қайраткері Александр Савченко және облыс әкімі тұғырға бекітіп, сән-салтанатпен көкке көтерді.

Дуниядар Абдуллаев, Түрік этномәдени орталығының мүшесі:

Әр қазақстандықтың міндеті қолынан келген жұмысын жасап, осыған үлес қосуы керек. Бірлігіміз болмаған жерде тірлік жоқ, тірлік жоқ жерде береке жоқ. Сол үшін біздің барлық жетістіктеріміз біздің бірлігімізге байланысты.

Ал, Ақтөбеде Ассамблея байрағын көтеру Қазақстандағы корейлер қауымдастығының мүшесі Константин Цхайға бұйырды. Салтанатты шара театрландырылған концерттік бағдарламамен жалғасты.

Елімізде әрдайым бейбітшілік болсын, деген ниетпен аспанға ақ шарлар ұшырылды. Одан кейін мерекеге қатысушылар үлкен концерт залына жайғасып, этномәдени бірлестік өкілдерінің өнерін тамашалады.

Равиль Құрбанғалиев, «Шатлық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы:

Біздің туған жеріміз – Қазақстан. Осында менің әкем туып-өскен. Мен туып-өстім. Менің балаларым туып-өсті. Екі балам ұшқыш, немерелерім де әскери салада.  Неге десеңіз, мына жерді қорғамай, қайда барамыз? Бұл – біздің туған жеріміз, Отанымыз!

Ал, қарағандылықтар Ассамблея жылына  арналған салтанатты Кеншілер мәдениет сарайында атап өтті. Мұнда өзге этностардың тұрмыстық қолданбалы өнерлерінен көрме өтіп, ән-жырдан шашу шашылды.

Осыдан соң «Бір халық, бір ел, бір тағдыр» деген атаумен фестиваль ұйымдастырып, облыс әкімі жиналған қауымға Президенттің қазақстандықтарға деген жүрекжарды лебізін жеткізді.

Деспина Касапиди, «Понтос» грек этномәдени бірлестігінің төрағасы:

Қазақстан халқы Ассамблея жылы құтты болсын! Елбасының идеясымен құрылған бұл қоғамдық институттың әлемде ешқандай аналогы жоқ. Ассамблея негізінде біздің елімізде береке-бірлік орнады. Енді соның мәні мен маңызын жас ұрпақ бойына сіңіруге атсалысумыз керек.

Біздің елде бір шаңырақ астында 100-ден астам этностың өкілдері тату өмір сүріп келеді. Бәрінің түрлері мен тілдері бөлек болса да, тілектері бір. Ол – «Береке, бірлік, келісім, ең асыл іс ел үшін», деген ниет.

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу