Биыл Бірінші дүниежүзілік соғыстың басталғанына – 100 жыл. Ал, Берлин қабырғасының құлағанына 25 жыл толды. Бірақ, 1989 жылғы төңкерістерден бері ширек ғасыр өтсе де әлем «қырғи-қабақ» соғысқа биыл қайта жақындады. Тізбектей берсек, 2014 жылы айтулы оқиғалар мен маңызды күндер аз емес.
Ауғанстаннан коалициялық әскердің шығарылуы, Батыс Африкада мыңдаған адамның өмірін қиған «Эбола» дертінің тарауы, соғыстар мен табиғи және техногендік апаттар, дүниені тамсандырған ерліктер, саяси күрестер.
Екі бірдей Малайзия ұшағының құлауы. Бүгін міне, тағы бір суыт хабар жетті. Таңертең Индонезиядан Сингапурге аттанған тағы бір малайзиялық ұшақ мұхитқа құлады. «Air Asia» әуе компаниясының ұшағында 162 жолаушы болған. Жетеуі – экипаж мүшелері. 16-сы – бала. Біреуі – нәресте. Әзірге олардың аман-саулығы белгісіз.
Сол оқиғалардың ең елеулілері «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының да назарынан тыс қалған жоқ.
2014 жылдың басты оқиғасы – Украина дағдарысы. Бұл ел әлемнің маңдайалды ақпарат құралдарының назарынан биыл бір күн де түскен емес. Миллиондар маршы, еуромайдан, Киевтің тәуелсіздік алаңындағы қақтығыстар, құрбандар, Виктор Януковичтің көрші елге қашуы, Юлия Тимошенконың түрмеден босатылуы, Қырымның Ресейге қосылуы, Донбасстағы соғыс.
Бұл оқиғалардың басталуы, әрі қарай өрбуі халықаралық телекомпаниялар мен газеттердің, агенттіктер мен радиостанциялардың басты тақырыбына айналды. Осының бәрінен әрең аман қалған Украинаға қазір бүлік емес – бейбітшілік ауадай қажет болып тұр.
Василий Попов, Донецк тұрғыны:
2015 жылдан бейбітшілік күтеміз. Біздің тараптан да, Украинадан да. Бәрін ой елегінен қайта өткізуге тиіспіз. Бір халықпыз ғой. 2014 жыл жақсы болмады. Соғыс пен күйреуді көрдік, қарттар мен балалар қырылып жатыр. Өте өкінішті.
Бүгінде Украинаның саяси-экономикалық жағдайын реттеуге, тұрақтандыруға шет мемлекеттердің де көмегі қажет болып отыр. Өз ішінде екіге бөлініп, көршісімен бет шайысқан елге Қазақ Президенті де бітімгершерлік жәрдемін ұсынды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мен барлық мемлекеттердің лидерлерін жеке кездесіп, келіссөз үстелінің басында ымыраға келіп, бұл жүгенсіздікті тоқтатуға және бейбіт өмір орнатуға шақырамын. Бұдан біз, қазақстандықтар қорытынды шығаруға тиіспіз.
Тек келісім мен тұрақтылықтың арқасында ғана бүгінгі күнге жетіп отырмыз. Сол жетістіктердің қадірін білейік, барша қазақстандық болып сақтайық. Егер осының бәрін шайқап, бұзғысы келетіндер болса, біз оларға Қазақстан қоғамының бар күшімен тойтарыс беруіміз керек.
Биыл әлем жұртын елең еткізген жаңалықтар жұмыр жерден ғана емес, аспаннан да жетті. Наурыздың 8-де «Малайзия әуе жолдары» компаниясының ұшағы Оңтүстік Қытай теңізінің үстінде ғайып болды.
Куала-Лумпурден Бейжіңге аттанған 227 жолаушы мен экипаждың 12 мүшесі қайда? Бұл сауалдарға әзірге жауап жоқ. Халықаралық іздеу операциялары жалғасып жатыр. Шілденің 17-де дәл осы Малайзия Донбасстың аспанында тағы бір «Боингінен» айырылды.
Ол ұшақ Амстердамнан Куала-Лумпурге барар жолда құлап, 298 адам қаза тапты. Лайнерді кім атып түсірді? Құрбандардың туған-туыстары бұл істі Мәскеу мен Киев емес, Біріккен Ұлттар Ұйымы тергесін, деп талап қойып отыр.
Боб Ван дер Гоен, MH17-ші рейс апаты құрбандары туыстарының адвокаты:
Тек бір мүмкіндік бар. Нидерланд үкіметі бұл істі Біріккен Ұлттар Ұйымына тапсырып, тергеу барысын қадағалауға Кофи Аннан тәрізді танымал адамды арнайы елші етіп тағайындауы керек.
2014 жылды – Палестинадағы саяси күштерді татуластырған жыл деп те атауға болады. Сәуірдің 23-де Иордан өзенінің батыс жағалауындағы территорияда билік ететін президент Махмұд Аббас пен Газа секторындағы ХАМАС қозғалысы ортақ үкімет құруға келісті.
Осылайша, қарапайым халықтың бірігу арманы орындалып, автономияда 2007 жылы басталған араздық кезеңі аяқталды. Ал, сәуірдің 9-да Нигерияның солтүстік-шығысындағы Чибок қаласындағы мектептердің біріне «Боко Харам» қарулы тобы шабуыл жасап, 276 оқушы қызды ұрлап әкетті.
Солардың 219-ы әлі табылған жоқ. Бұл оқиғадан кейін әлемнің талай елінде нигериялық радикалдарға қарсы ауқымды шерулер мен өзге де наразылық акциялары өтті.
Джэнис Гау, «Қыздарымызды қайтар» қозғалысының мүшесі:
Біз сол 219 қызды «Боко Харам» 233 күн тегін ұстап отыр деп ойламаймыз. Мүмкін қарулы топ олардан өзін-өзі жаратын террорист дайындап жатқан шығар.
Биыл Таяу Шығыста Жер шарының саяси картасына түспеген, ешкім ел деп мойындамаған «Ислам мемлекеті» пайда болды. Бұл ұйым Ирак пен Сирияның айтарлықтай бөлігін басып алып, маусымда Британияның аумағындай кеңістікте халифат жариялады.
Қазір жиһадшылармен жергілікті армия және полиция ғана емес, өзге де исламшыл топтар, күрдтер, тіпті халықаралық коалиция соғысып жатыр. Ал, маусымның 30-да Иерусалим маңында ұлты еврей 3 жасөспірімнің мәйіті табылғаннан кейін Израиль мен Палестина арасындағы бітпес дау тағы да үлкен әскери жанжалға ұласты.
Соның салдарынан 1869 палестиналық қаза тапты. Олардың көпшілігі – бейбіт тұрғындар. Ал, Израиль 64 жауынгерін жоғалтты. Соғысты тоқтату үшін екі жақ та Мысырдың бейбітшілік туралы ұсынысын қабылдауға мәжбүр болды.
Махмұд Аббас, Палестина президенті:
Біз бүгін соғысты доғару үшін Египеттің бастамасын қабылдайтынымызды жариялаймыз. Газа секторына гуманитарлық мақсатта азық-түлік, дәрі-дәрмек, құрылыс материалдары қажет болып отыр.
Марк Регев, Израиль үкіметінің өкілі:
Израиль да Мысырдың ымыра туралы ұсынысын қабыл алды. Осы сәттен бастап, атыс тоқтады деп үміттенемін.
2014 жыл. Тамыздың 10-ы. Түркияда президенттік сайлау өтіп, оның қорытындысында премьер-министр Реджеп Тайып Ердоған ел тарихында тікелей жолмен сайланған алғашқы президент атанды.
Ал, қарашаның 12-де ғарышты зерттеу тарихында тұңғыш рет кометаға еуропалық модуль қонды. Оған жүктелген негізгі міндет – Ғаламның пайда болуының алғашқы кезеңі туралы мәлімет жинау. Кейбір ғалымдардың ойынша, комета осыдан 4 жарым миллиард жыл бұрынғы қалпын бұзбай сақтап, осы күнге жетіп отыр.
2014 жылдың басты экономикалық жаңалықтары мұнай нарығынан жетті. «Қара алтынның» бір баррелі маусымның ортасында 115 долларға сатылса, қазір 60 долларға бағаланып отыр.
Өйткені, бұл энергетикалық шикізатқа бүгінде сұраныстан көрі ұсыныс басым. Оның үстіне «ОПЕК» өндірісті қысқартудан бас тартып отыр.
Абдаллах әл-Бадри, «ОПЕК»-тің бас хатшысы:
Конференцияда біз өндірісті тәулігіне 30 миллион баррель деңгейінде қалдыру туралы шешім қабылдадық. Бұл көрсеткіш алдағы алты айда өзгермейді.
Бұған дейінгі жылдардың Нобель лауреаттарын еске түсіру қиын болар. Бірақ, биылғы жүлдегерлердің ішінде бір лауреат көпке дейін ұмытылмайтын тәрізді. Ол – небәрі 17 жастағы Малала Юсуфзай.
Пәкістандық жасөспірім 11 жасында қыз балалардың білім алу құқығын қорғау жолына түсті. Сол үшін оны осыдан екі жыл бұрын тәліптер бастан атып, мерт қыла жаздағаны бар. Алайда, өжет қыз Пәкістанның Суат жазығында бастаған ісін қазір дүниежүзілік деңгейде жалғастырып келеді.
Бір өлімнен аман қалған Малала Нобельдің бейбітшілік сыйлығын үндістандық Кайлаш Сатьяртимен бөлісті. Сатьярти 80 мыңдай баланы құлдықтан құтқарған және осы қылмыспен күреске өмірін арнаған жан.
Арыстан РЫСБЕК