Таразда тұрғындардың пешін тексеріп, мұржаларын тазалауда
Таразда қыста пеш пен газ жағатын тұрғындардың дайындығын арнайы мамандар алдын ала тексеріп жатыр. Төтенше жағдайлар қызметкерлері бастаған рейдтік топта газ компанияларының мамандары да бар. Олар «Шөлдала» шағын ауданына барып, 600 үйді аралап шықты.
Алдымен көмір мен газ жағатын тұрғындардың пешін тексеріп, бітелген мұржаларды тазартты. Сонымен қатар, улы газдың иісі тарағанда бірден қосылатын дабыл жүйесін орнатты. Халыққа қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескерткен арнайы ақпарат қағаздарын да таратты. Ал газ мамандары қауіптің алдын алу бойынша 23 мыңға жуық хабарлама жіберген. Ескертуді елемеген мың абонент желіден ажыратылған. Тұрғындардың көбі мұржаны тазаламайтынын айтады.
Наталья Садықова, қала тұрғыны:
Жылда жылыту маусымының алдында өзіміз де шатырға шығып, мұржасын тазалайтынбыз. Пештің құрылғыларын қайта қарап, құбырын тазаламаса болмайды. Өйткені біз қазан айынан ағаш пен көмірді үзбей жағамыз. Ал бүгін келген құтқарушылардың сигналдық жүйені орнатып бергеніне қуанып отырмыз.
Мамандар биылғы жылыту маусымында өңір бойынша 3 мың дабыл құрылғысын орнатпақ. Өйткені соңғы жылдары қалада газдан улану мен өрт оқиғалары жиіліген. Аймақта былтыр жылыту маусымы басталысымен 14 адам газдан уланып, екі тұрғын қаза болғанын еске салайық. Ал биыл өңірде 745 өрт оқиғасы тіркелген.
Ербол Әміров, қалалық ТЖД басқармасының бастығы:
Биыл Тараз қаласы аумағында 280 өрт оқиғасы тіркелді. Былтырғы жылмен салыстырғанда өрт саны 20-25 % өсіп отыр. Өрттен 1 адам қайтыс болып, 13 адам зардап шеккен. Былтыр 1 адам қайтыс болып, 3 адам зардап шеккен. Материалдық шығын 45 млн теңгені құрады. Улы газдан улану жағдайы бойынша 3 оқиға орын алды. Қаза болғандар жоқ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы