II Дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына биыл бір жылы кем, 70 жыл. Төрт жылдық қанды қасап жаһанның даму желісін мүлде басқа бағытқа бұрды. Соғыстан кейін алып елдер жаппай қаруланы бойынша жарысқа түсті.
Адамзаттың түбіне жететін қарудың сан атасы жасалды. Аждаһа қару - атом бомбасы, зырқырай ұшатын зымыранның талай түрі жасырын полигондарда сыналды, әлі де жасалып жатыр. Хош. Айтпағымыз басқа, айтпағымыз сұм соғыстың салған жарасы мен залалын ұмытпау.
1941-1945 жылдар аралығында майданға Қазақстаннан 1 миллион 196 мың 164 адам аттаныпты. 600 мың адам оралған жоқ. Отты жылдарда тер төгіп, жанын қиған 500-дей қазақстандық ресми түрде Батыр атағын алды. Қаншасы атаусыз қалды. Әр майданда қырылған сарбаздардың талайы бауырластар зираты атанған талай сайда ескерусіз қалды.
II Дүниежүзілік соғыстағы атаулы майдандардың бірі - Ржевтегі қанды қасап. Екі жақтан 2,5 миллион адам жан-тәсілім етті, дейді тарих деректері. Сол Ресейдің Ржевінде қазақстандық жауынгерлерге арналған ескерткіш кешен де бар.
Нұртас Солтанұлы, тілші:
Ржев шайқасы Отан соғысының тарихында ең бір қанды қырғын ретінде қалған. 1942 жылдары дәл осы жерлерде кескілескен ұрыс жүрген. Ал қазір бұл жер, сол кезде қаза тапқан жауынгерлердің бауырластар зираты.
Бұл аумаққа 2002 жылдан бері барлығы 11 мыңнан аса жауынгер жерленген. Олардың көпшілігінің аты-жөндері, әлі күнге дейін белгісіз. Мамандар бар-жоғы 350 сарбаздың кім екенін анықтаған. Әйтсе де, тасқа қашалған жазуларға қарап-ақ, Ржевтан топырақ бұйырған қазақ ұлдарының аз емесін байқауға болады.
Тіпті алдағы күндері, олардың саны артуы мүмкін. Себебі, қазір қаза тапқан жауынгерлерді іздейтін жергілікті отрядтар, қызу жұмыс істеп жатыр. Жазға қарай бұл қорымға, тағы мың жарым жауынгердің сүйегі қайта жерленеді.
Игорь Кабанов, Ржев қалалық «29 армия» іздеу тобының мүшесі:
Негізінен қайтыс болған сарбаздарды іздеумен айналысамыз. Алайда, қолымыз бос кезде соғыс техникасын да қалпына келтіреміз. Мәселен, өткен қыста 4 ұшақ таптық. Онымен кімнің, қашан ұшқанына дейін анықтадық. Осындай жұмыстар барысында біз қазақстандық жауынгерлерге қатысты ақпараттарды да жиі кездестіреміз. Тіпті біз тапқан сарбаздардың сүйегін Қазақстаннан туыстары келіп, алып кеткен жағдайлар да болды.
Өлім даласы. Ржев шайқасы тарихта осындай атпен қалды. Бұл аумақта өткен қиян-кескі ұрыста адам қаны суша аққан. Ржев даласында екі жақты қосқанда 2,5 миллиондай адам жан тапсырса, соның 2 миллионға жуығы Кеңес әскері. Қанды майданға Алматы мен Ақтөбеде жасақталған 100-ші және 101-ші атқыштар дивизиясы қатысқаны белгілі. Қазақ елінен барған 10 мың сарбаздың 80 пайызы қайтып оралмады.
Сергей Петухов, Ржев қалалық патриоттық тәрбие орталығының директоры:
Ржев шайқасы күні бүгінге дейін Мәскеу шайқасының бір бөлігі деп қарастырылып келеді. Алайда соңғы кездері әскери тарихшылар Ржевті жеке алып қарастыру керек дегенді айтып жүр. Ржев шайқасында Кеңес әскері айтарлықтай жеңіске жеткен жоқ, керісінше көп шығынға ұшырады. Неміс әскері майдан даласын тастап шегініп кеткен. Сол себепті бұл туралы көп айтыла бермейді. Алайда соғыс кезінде бұл аумақта тұрақтап қалу үшін екі жақ та күштерін аямаған. Сондықтан, тарихта Ржев шайқасының маңызы өте зор.
Қазақстандық жауынгерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Ржев қаласындағы мектептердің бірі 100-ші және 101-атқыштар дивизиясының атында. Білім мекемесінде жерлестеріміздің есімін ардақтап, ұлықтауға арналған шаралар жиі өтеді. Жалпы, жергілікті жұрт патриоттық тәрбиеге қатты мән береді. Сондықтан болар, қаланың кез келген тұрғыны, қазақ сарбаздары туралы айтып бере алады.
Татьяна Цветкова, Ржев қаласының тұрғыны:
Біздің қалаға Қазақстаннан достық пойызы келгені есімде. Яғни, Қазақ елі өзінің ерлерін ұмытпай, ардақтап, тағзым етуге келіп тұрады. Ржев шайқасына бүкіл Кеңес одағындағы барлық халықтың қатысқанын білеміз. Әсіресе, қазақстандық жауынгерлердің ерлігін қала халқы да жақсы біледі.
Сергей Иванов, Ржев қаласының тұрғыны:
Ржев қаласында қазақстандық жауынгерлерге арналған ескерткіш бар. 9 мамыр, мереке қарсаңында біз сол мемориалдың басына барып, гүл шоқтарын қоямыз. Себебі, Қазақ елінің өкілдері, біздің бүгінгідей бейбіт өмір сүруімізге сүбелі үлес қосқан. Сондықтан, Ржев халқының атынан қазақстандық сарбаздарға қарыздар екенімізді айтып, алғыс білдіргім келеді.
Ржев қаласында қазақстандық жауынгерлерге арналған мемориалды кешен де бар. Ескерткіш 2010 жылы Қазақ Президентінің бастамасымен ашылған. Үлкен қабырғада еліміздің картасы бейнеленсе, одан төменде қаза тапқан жауынгерлердің аты-жөндері жазылған.
Қазақстанның Ресейдегі елшілігі бұл жерге жиі келіп, тағзым етеді. Бұл жолы да Мәскеуден Ржевке арнайы келген қазақ дипломаттары, сенбілік өткізді. Кешенді толықтай жуып, тазалап, айналаны тап-тұйнақтай етті.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ