«Жау жағадан алғанда,
Бөрi етектен алмасын.
Ел сенiмi - ерге жүк,
Екi иығы талмасын.
Көш бастаған көсемдер,
Өрге тартсын арбасын.
Сөз бастаған шешендер,
Әдiлдiктен танбасын»
Жалпы, осы «Наурыз» сөзінің шығу тарихы қалай? Ғылымда талас көп. Болжам-пайымдар, аңыз-әфсана дегендеріңіз жетерлік. Наурызды Мәшһүр Жүсіп сонау жер әлемді су басқан, Нұх пайғамбар заманынан бастау алады деп қағазға түсірген және бұл атау кісі аттарымен қатысты деп топшылаған.
Ал, кейбір ғалымдар наурыз - «нау» мен «ырыс» сөзінен пайда болған десе, енді бірі парсының «нов» пен «руз» яки «жаңа күн» деген сөзімен сабақтастырады.
Әрине, бұл жерде «Наурыз» белгілі бір ұлттың меншігі деген мәселе тумауы тиіс. Ол - адамзатқа ортақ мереке.
Ұлық мейрамды ұлттық құндылықтармен ұштастыра тойлайтын елдің бірі - Моңғолия. Әдет-ғұрып мен салт-дәстүрдің қаймағын бұзбаған бұл мемлекетте 200 мыңға жуық мың қазақ өмір сүріп жатыр. Басым көпшілігі - Баян-Өлгий аймағында.
Биыл да моңғол жерін мекен еткен қандастарымыз әз-Наурызды сән-салтанатын келістіре тойлапты. Әсіресе, ел астанасы Ұлан-Батырда.
Ұлан-Батыр - әлемдегі ең суық астаналардың бірі. Бірақ, биыл Ұлыстың ұлы күні қарсаңында «кәрі құданың» қабағы жібіген. Жылдағыдай емес, Қиыр Шығысқа жақын шаһардағы күн райы ерекше жылы.
Әз-Наурыз мейрамын Моңғолиядағы бауырларымыз бір ай бойы тойлайды. Мұнда алдымен, бүркіт тойы өтеді. Моңғол елінде қазір 400-ден астам қандасымыз құс баптап, аңға салады. Сол бүркітшілердің дені наурыз айының басында ел астанасы Ұлан-Батыр қаласына жиналып, бақтарын сынайды.
Ұлан-Батыр қаласында қазақ жастарының ұйымдары көп. Наурыз мерекесі қарсаңында сол ұйымдар ел астанасында білім алып жатқан студенттердің бастарын қосып, бір-бірімен таныстыру мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырып, спорттың әр түрінен сайыстар өткізеді.
Айдос Жұпархан, Баян-Өлгий аймағы студент жастарының «Ынтымақ-Болашақ» ұйымының төрағасы:
Жыл сайын Наурызда спорт бәсекесін жүргіземіз. Мақсат - студент жастардың береке бірлігін нығайту, бос уақытын дұрыс өткізуіне себепкер болу. Әрі спортпен шұғылдануды әдетке айналдыруды көздейміз.
Қазақ елінің Моңғолиядағы елшілігі Наурыз қарсаңында өткізілетін іс-шараларға үнемі көмек көрсетеді. Биыл осы елшіліктің қолдауымен Қазақ жерінен бір топ әншілер келіп, атажұрттағы ағайынның сәлемін жеткізді. Алыстағы ағайынның көңілін көтеріп, арнайы концерт қойды.
Қабылбек Қобыландин, Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Төтенше және өкілетті Елшісі:
Қазіргі кезде біздің сыртқы саясатымыздағы басым бағыттардың бірі - сырттағы қазақ диаспорасына ақпараттық, мәдени, рухани және тілдерін сақтап қалуға түрлі қолдау көрсету. Осы бағытта арнайы бағдарлама қабылданған. Осыған орай біз осы өлкеде 150 жылдан бері тұрып келе жатқан қандастарымызға көмек көрсетуге әрекет етудеміз.
Наурыз күні Ұлан-Батырдағы Шыңғыс хан алаңына қазақтың ақшаңқан үйлері тігілді. Естеріңізге сала кетейік, былтырдан бері Ұлыс күні Моңғолияның жалпы мемлекеттік мерекесі болып белгіленген. Сондықтан, бұл мейрамнан ел президенті Цахиагийн Элбэгдорж да сырт қалмай, алаңдағы тойға арнайы қатысып, қазақ халқын ұлық мейраммен құттықтады.
Цахиагийн Элбэгдорж, Моңғолия Президенті:
Көктемнің көрікті мерекесі Наурыз - ерекше мейрам. Бұл барлық табиғат пен тіршілік атаулыға жан бітіп, жаңаратын кезең. Сондықтан, мен өз атымнан және Моңғол халқының атынан барша қазақтарды ұлттық мерекелерімен құттықтаймын. Аспандарыңыз ашық болып, береке-бірліктеріңіз арта берсін.
Алаңның бір шетінде қазақ қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі қызып жатты. Мұнда ұлттық нақыштағы тұрмыстық заттардың түр-түрін кездестіресіз. Тіпті, «ұзынсарыға» деп сүрленген қазы-қартаны да осы жерден табуға болады. Әрі Ұлыс күнінде ұланбатырлық қазақтар түгел орталық алаңға жиналып, шүйіркелесіп, бір марқайып қалады.
Серік Бердімұратұлы, түйе палуан:
Наурыз мерекесі құтты болсын. Сәтін салса, «Қазақстан барысына» барып, бақ сынауға тырысамын.
Ойлан және Толғау Жанатханұлдары - Моңғол еліндегі ең танымал суретшілер. Әке жолын қуған қылқалам шеберлері Наурыз күні Шыңғыс хан алаңында көрме ұйымдастырды.
Ойлан Жанатхан, суретші:
Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Бауырымыз екеуміз Наурыз күні осы көрмені ашып, көрсетіп жатырмыз.
Толғау Жанатхан, суретші:
Бұған дейін «Ойлан Толғау» деген көрме болған. Мынау екінші көрмеміз. Наурыз мерекесімен құттықтап, осы көрмені ашып отырмыз.
Наурыз күні Моңғолия Президенті елдегі ерен еңбегімен көзге түскен бір топ отандастарын мемлекеттік сыйлықтармен марапаттады. Солардың қатарында біздің де бір топ қандасымыз бар.
Шет жайлап, қиыр қыстап жүрсе де, қазақтың атын шығарып, абыройын асқақтатқан бауырларымыздың бұл қуанышына біз де ортақтасып, олармен қимай қоштастық.
Айбек ҚОБДАБАЙ