Геологиялық барлау секторына серпіліс керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Геологиялық барлау секторына серпіліс керек

02.02.2014
Геологиялық барлау секторына серпіліс керек

1947 жыл. Ол кезде елеусіз ел едік, одақтың көлеңкесіндегі 15 республиканың бірі едік. Лондонға сапарлаған Кеңес делегациясының құрамында Қаныш Сәтбаев та болған екен. Сонда қазақ баласына көзі түскен Британияның әйгілі саясаткері Уинстон Черчилль палуан денелі Қанышқа таңдана қарап: «Қазақтардың бәрі сіздей алып па?», деп сұрапты.
 
 Сонда Сәтбаев: «О, не дегеніңіз, мен қайта қазақтардың ішіндегі ең кішкентайымын», деп жауап қатыпты. Атақты геолог ұлтының ұлылығы мен жерінің ірілігін меңзесе керек.
 
 Кеңқолтық қазақтың даласы қазба байлыққа лықып тұр. Тек соны өз кәдемізге жарата алмай отырмыз-ау. Табиғи ресурс деген жетеді, Жер жүзінде 6-шы орындамыз.
 
 Әлгі Менделеев айтқан 110 элементтің 99-ы мына байтақ жердің қай бұрышын қазсаңыз да табылады. Алтын-күміс, темір-көмірден бастап калий, бром, барий тұздары, сульфат, фосфорит, алуан түрлі шикізаттар, сирек кездесетін асыл тастар бар.
 
 Қазір Қазақстандағы барланған пайдалы қазбалардың құны шамамен 46 триллион АҚШ доллары болады екен. Ал, барланбағандары қаншама? Кешегі Жолдауда Президент «Біздің ел геологиялық барлау саласы бойынша әлемдік нарыққа шығуға тиіс», деді. Заңнаманы жеңілдетіп, салаға шетелдік инжинирингтік компаниялардан инвестиция тартқан жөн екенін айтты.
 
 Қазақты қазба байлығы қазіргі бақуатқа жеткізді. Лондон биржасында топ жарып тұрмаса да, халықаралық нарықта біздің қара алтын мен сары алтынға сұраныс мықты. Дархан даламыздың қойын-қоншы толған кен. Тек шикізат ретінде сыртқа шығарып жатқанымыз болмаса...
 
 Қазақстан - дүниежүзіндегі 186 мемлекеттің ішінде вольфрам, қорғасын және барийдің қоры бойынша бірінші орында, хромит, күміс және цинк бойынша - екінші, марганец және молибден бойынша - үшінші, мыс қорынан - төртінші, уран қоры бойынша - бесінші, алтын қоры жөнінен - алтыншы, темір кенінен - жетінші, қалайы мен никельден - сегізінші, көмір мен табиғи газдан - тоғызыншы, мұнай бойынша он үшінші орында.
 
 Тартылмайтын көл, сарқылмайтын кен жоқ. Бұл - табиғаттың заңы. Ал бардың бағасын асырып, жоқты барлап, тауып, кәдеге жарату тірлік заңы.
 
 Қазақ сахарасында барлау-зерттеу жұмыстары жүргізілмеген жер көп. Қазіргі кендердің бәрі өткен ғасырда ашылған. Олардың дені бұл күнде ортайып, кейбір кеннің қорлары жыл өткен сайын кеміп барады.
 
 Сөйтсек, біздің елде бұған дейін жүргізілген геологиялық барлау жұмыстары тек 150 метр тереңдікті барлаған. Бұл түсті және қатты металдар шығатын кеніштердің тереңдігі. Ал мұнай мен газ шығатын Каспий бассейнінде болса, тек тұздың бетіне ғана барлау жүргізілген.
 
Базарбай Нұрбаев, ҚР ИЖТМ Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы:
Мұнай мен газды алатын болсақ, бүгінгі таңда тұздың үсті толық игеріліп, көптеген кен орындары ашылып жатыр. Ол толық зерттелді деп айта аламыз. Ал енді мына тұздың астын алатын болсақ, әлі де зерттелмеген мәселе, Қазақстанда зерттелмеген аумақтар өте көп.
 
 Елдегі геологиялық саланың кенжелеп қалуының бірнеше себептері бар. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау бұл саланы сансыратып кетті. Көптеген зертханалар мен геологиялық нысандардың техникалық базалары талан-таражға түсті. Тіпті, әлі күнге дейін аталған салаға қатысты ашық ақпараттар мүлдем жоқ.
 
Асхат Бекенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бәсекелестікті арттыру үшін және осы инвесторларды геология саласына ынталандыру үшін ақпарат керек. Біздің қандай жерде, қандай қазба байлықтарымыз бар? Көлемі, бағасы қандай? Біреулері жердің бетіне жақын жатуы мүмкін, біреуі алыс жатуы мүмкін. Бірақ алыс жатса да, оның көлемі көп болуы мүмкін. Нарықта сол қазба байлықтардың бағасы қымбат болуы ықтимал. Осыған байланысты ақпараттар инвестор үшін, осы салада жұмыс жасап, пайда тапқысы келетін кәсіпорындар үшін геология саласына бірден бір ынталандыру тетігі деп ойлаймын.
 
 Геологиялық барлаудың берекесін кетірген тағы кемшілік - күні кешеге дейін бұл салаға дұрыс қаржы бөлінбеді. Соның кесірінен Қаныш Сәтпаев салған соқпаққа түсуші кадрдың қатары күрт кеміді. Тіпті, қазір барлаушы мамандығы болашағы жоқ мамандықтардың қатарында.
 
Бақытгүл Ғалымжанқызы, Орталық Қазақстан Жер қойнауын пайдалану өңіраралық департаменті директорының орынбасары:
Жас геолог-мамандар келеді әрине, бірақ ол өте аз. Бізде гидрогеолог мамандықтары бойынша маман тапшы. Табылмайды деп айтса да болатын шығар.
 
 Қазақ даласында Менделеев кестесіндегі элементтердің бәрі бар. Игерілген жердің игілігін көріп те жүрміз. Өйткені, дәл осы қазба байлықтың көмегімен тәуелсіздік жылдары ел экономикасы еңсе тіктеді. Әлеуметтік сала әлденді. Әлбетте, енді осы әлеуетті одан әрі дамыту үшін не істемек керек?
 
Алмас Тұртаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бұл сала бойынша әлемдік нарықтағы орнымызды белгілегіміз келсе, меніңше, бұл мақсатқа жету үшін бір ғана Индустрия жаңа технологиялар министрлігіне қарасты Геология және жер қойнауын пайдалану комитетімен ғана шектелген дұрыс емес. Жер қойнауына байланысты бір құрылым, жауапты министрлік қажет бізге.
 
 Біздегі кенді өңірлердің айналасына түгел шағын қалалар шоғырланған. Ондағы тұрғындардың тірлігі де сондағы барланған байлыққа тікелей байланысты. Осыны ескерген Үкімет соңғы жылдары «Шағын қала» бағдарламасы бойынша барлау жұмыстарын жүргізу үшін осындай шаһарларға қаржы бөле бастады.
 
Ернар Еркешов, Шығыс Қазақстан облыстық Минералды-геологиялық және жер қойнауын пайдалану департаменті директорының орынбасары:
Шығыс Қазақстан облысы бойынша сол бағдарламаға Зырян мен Риддер қаласы кірді. Биыл Зырян қаласы бойынша Ермиловский, Петровережинский, Нашейхинский және Мамонтовксий, Чебнучинский учаскелері бойынша геологиялық зерттеу жұмыстары басталады.
 
 Президент барлау жұмыстарын жандандыру туралы бастаманы бекер көтерген жоқ. Қазір индустриалды-инновациялық жолмен дамуға бет алған ел үшін минералды ресурстарды игерудің маңызы зор. Сондықтан, тиісті мекемелер геологиялық зерттеулерді әртараптандыруға қазірден бастап кірісуде.
 
Базарбай Нұрбаев, ҚР ИЖТМ Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы:
Космостың қазір үлкен жетістіктері бар. Соны пайдаланып, қашықтан барлау және аэро-геофизикалық түсірілімдерді жүргізу мәселелерін биылдан бастап қолға алып, жұмыс істейін деп жатырмыз.
 
 Табиғи ресурстардың қоры бойынша Қазақстан әлемде 6-шы орында тұр. Бұлар зерттелген кеннің көлемі ғана. Енді Елбасы Жолдауынан кейін геологиялық барлау шаралары ширап, басқа да кен орындары табылып жатса, ел экономикасы бүгінгіден де жақсы дамыры сөзсіз. Ол үшін алдымен Жолдау жүктеген міндет бойынша тиісті заңдарды қайта қарап, инвестор тартудың тетіктерін пысықтаған абзал.
 
Ғалым Нұржанов, «Қазгеология» Ұлттық барлау компаниясының төрағасы:
Британдық «Рио тинто», австралиялық «Iluka Resouces», жапондық «Jogmec», кореялық «Kores» компаниялары бар. «Рио тинтомен» көктемде барлау жұмыстарын бастаймыз деген ойдамыз. Тек бұл компаниялар ғана емес, Германияның және Канаданың ең ірі компанияларымен келіссөздер жүргізіліп жатыр.
 
 Ірі инжинирингтік компаниялар қазақтың алтынына, мысына, пайдалы қазбасына қаржы құюға құлықты. Істің иінін тапқанға, игілік бар, инвестор келеді. Бірақ, керегі бұл ғана емес, ұлттық геологияны дамыту. Дамытып қою аз, әлемге таныту керек.
 
Асқар Мұнара, «Назарбаев Университеті» жер ғылымдары орталығының директоры:
Жылына 100-150 мың тонна тау жыныстары ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін шетелге кетіп жатыр. Ең жақыны Қырғыз Республикасындағы Қарабалта қаласындағы зертхана, ең алысы - Бразилия, ОАР, Мексикада. Тау жыныстарының шетелге кетуіне тосқауыл қойып, елімізде сараптамалық жұмыстарды жүргізу қажет.
 
 Айтпақшы, Қазақ сахарасына жүргізілген көптеген геологиялық барлау жұмыстарының картасы қат-қат болып, қазір Мәскеуде жатыр. Түрлі масштабта түсірілген шамамен 80 мыңнан астам сызбалар «Роснедрдің» мұражайында сақтаулы.
 
 Біздің білуімізше, қазір ел Үкіметі осы құжаттарды қолға түсірудің қамына кіріскен. Егер келіссөздер сәтті өтіп жатса, онда геологиялық барлау секторында біраз серпінді жобалар жүзеге аспақ.
 
Айбек ҚОБДАБАЙ
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу