Басты Жаңалықтар Жолдауды шетелдік саясаткерлер де сараптауда

Жолдауды шетелдік саясаткерлер де сараптауда

Жолдауды шетелдік саясаткерлер де сараптауда

Қазақ Президентінің Жолдауын шет мемлекеттердің саясаткерлері де сараптауда. Біріне қазақ экономикасындағы инвестицияны ұлғайту туралы міндет қызықты болса, тағы бірін білім-ғылымға қомақты қаржы салу туралы бастама ойландырады.
 
 «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының шет мемлекеттердегі тілшілері бірнеше сарапшы мен саясаткерден сұхбат алып, Қазақстанның қазіргі даму бағытына қатысты ой-пікірлерін білген еді.
 
 Сырт көз қашанда сыншы ғой, бірақ ортақ пікір - Қазақ елінің қуаты артып келеді дегенге саяды. Мысалы, ресейлік сарапшылар 2050-ші жылға дейін сызылған стратегиялық жоспарды Қазақстан толық орындап шығуға қауқарлы десе, түрік ғалымдары Назарбаевтай көшбасшысы бар елдің болашағы жарқын, дейді. Жолдауға қатысты жеке пікірлердің жиынтығы мынадай.
 
 Анкара. Ғалымдар. Талқы. «Қазақстан-2050» стратегиясы - Қазақ елінің бақуатты ертеңі. Стратегияның мәйегі - «Мәңгілік ел». Бұл идея ұлттың ұйысып, бір болуына бастайды. Ғалымдардың пайымы.
 
Джейхун Ведат, Памуккале университетінің профессоры:
Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясын жариялағанына көп уақыт болған жоқ. Міне, енді сол стратегияны жүзеге асыратын нақты тапсырмалар мен міндеттер жүктеп отыр. Президенттеріңіз өте батыл қадам жасап отыр. Бұған Жолдауды оқып отырып көзім жетті. Барлық сала қамтылған. Әрбір бөлім бір-бірін толықтырып тұр. Мен ол кісіні күллі Түркі дүниесінің көшбасшысы, ақсақалы деп құрметтеймін.
 
 Бұл бас қосуды Қазақстан елшілігі ұйымдастырды. Жолдау ғана емес, түркологияның тірлігі де жан-жақты талқыланды жиында. Ғалымдар - екі елдің білікті түрколог мамандарынан топ құрап, ортақ жоба әзірлеп, зерттеулер жүргізуге уағдаласты. Сондай-ақ, осы саланың дамуына үлес қосқан Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін атап өтті.
 
Абдулкадыр Ювалы, Ерджиес университетінің профессоры:
Түркология саласының өзіндік ерекшелігі бар. Бұл дүниежүзі ғалымдарының ортақ ғылымы десек те болады. Мемлекет басшыларыңыз осы саланың дамуына зор үлес қосқан санаулы адамдардың бірі. Ол кісі Астанада Түркі академиясын құру туралы ұсыныс жасады. Және бұл жоспарын жүзеге асыра білді. Академияның түбі бір түркі елі үшін маңызы зор екенін көпшілік біледі.
 
 Жиын қазақ-түрік достығын паш ететін фотокөрмемен қорытындыланды. Сондай-ақ, қос елдің достығына үлес қосқан азаматтар елшілік төсбелгілермен марапаттады.
 
 Осы тектес жиын Ресейде де өтті, Мәскеуде. Бұл жолы бірақ біздің депутаттар қатысты. Баяндау, талқылау, қорыту. Орыс саясаткерлері стратегиялық құжат бізге де керек, деп отыр. Жиынға Ресей Мемлекеттік Думасының депутаттары, сарапшылар һәм саясаттанушылар қатысты.
 
Олег Савченко, РФ Мемлекеттік Думасының депутаты:
Қазақстан Президенті таңдап алған бағытының дұрыстығын көріп отырмыз. Соның арқасында елдеріңіз тұрақты дамып келеді. Ал 2050 жылға дейін арналған стратегия, осы жылдарда жинақтаған жетістікті одан ары еселеуге мүмкіндік береді, деп ойлаймын. Қазақстан үнемі өзінің алдына зор міндеттер қойып, соның барлығын сәтті іске асырып келеді. Бұл тұрғыда біздің де Қазақстаннан үйренеріміз көп.
 
 Сарапшылар мен депутаттар, Президент Жолдауының білім мен ғылым, өндіріс, агроөнеркәсіп кешені және инновациялық технологияны дамытуға қатысты тұсын ерекше бағалады.
 
Игорь Филькевич, Халықаралық интеграциялық ынтымақтастық институтының директоры:
Қазақстанның стратегиялық құжатына қарайтын болсақ, онда 2050 жылға дейінгі дамудың барлық тұстары жазылған. Мысалы, 2020 жылы, 2030 жылы қандай көрсеткіштер болады, оған жетудің жолдары қандай деген секілді. Ресейде жекелеген министрліктерде болмаса, өкінішке қарай, тұтас елдің дамуын айқындайтын стратегия жоқ. Ал Қазақ елі осы стратегияны толық іске асыратын болса, ол экономикалық жағынан қуатты елге айналып, дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылады.
 
 Президент Жолдауы ел дамуының барлық қырын қамтиды. Құжатта экономикалық міндеттермен бірге, идеологиялық мәселелерге де баса мән берілген. Яғни, салиқалы саясат, сауатты экономика және білімді һәм патриот ұрпақ. Мұның барлығы «Мәңгілік елдің» негізі. Сарапшылар пікірінің тоқетері осыған саяды.
 
 Бұл кісі Тахар Сайх деген азамат. Франциялық кәсіпкер. Тахар Сайх Қазақ елінің даму бағытын үнемі бағамдап, зерделеп отырады. Ол стратегиялық құжаттағы шағын және орта кәсіпке және инвестицияға байланысты бастамаларды ерекше атап өтті. Қазақстан кәсіпкерлерімен ортақтасып, инвестициямен келу ниеті бар.
 
Тахар Сайх, кәсіпкер /Франция/:
Жолдауда Президент инвестиция көлемін қазіргі 18 пайыздан бүкіл ішкі жалпы өнімнің 30 пайызына дейін ұлғайту керек деді. Бұл әбден мүмкін. Өйткені, Қазақстанда шетелдік инвесторлар үшін барлық жағдай жасалған. Инвестициялық ахуалдың қолайлылығынан болар, біз Қазақстанға қыруар қаржы құюға дайынбыз. Елдің болашағына сеніміміз зор. Алда өтетін EXPO-2017 көрмесіне қатысуға, Астананың инфрақұрылымын дамытуға өз үлесімізді қосқымыз келеді.
 
Матиас Дорнфельдт, Потсдам университеті саясаттану ғылымдарының докторы:
Қазақстан Президентінің биылғы Жолдауы 2050 стратегиясын жүзеге асыру жолындағы мақсаттар мен міндеттерді айқындап берді. Онда ел экономикасын дамытушы негізгі күшке айналуы тиіс шағын және орта бизнеске баса назар аударылған. Мені әсіресе, жаңғыртылатын энергия көздерін дамыту қажеттілігі туралы тезис ерекше қызықтырды.
 
 Енді елге оралсақ. Осы аптада Орталық коммуникациялар қызметі бірнеше брифинг өткізді. Мақсат – Жолдауды нақты салалар бойынша ұғындыру және елдің күнделікті тірлігінен бұқараны хабардар ету.
 
 Мысалы, 2013 жылы елдегі соттар 1 миллион арыз-шағым қараған. 2012 жылмен салыстырғанда 12 пайызға көп. Жұмыс шаш-етектен. Сондықтан, биыл 450 судья жұмысқа кіріседі.
 
Ақылтай Қасымов, ҚР Жоғарғы сот алқасының төрағасы:
Бүгінгі күнде біздің әрбір судья бір ай ішінде 100-ден артық істі қарайды. Мұндай жүктемемен сапалы жұмыс істеуге мүмкіншілік жоқ. Сол себептен, Елбасының құптауымен шешім қабылданып, биылғы жылға 450 бірлік беріліп жатыр. Олардың барлығы жұмысқа конкурс арқылы тағайындалады.
 
 Өміріңіздің салты салауатты болсын! Қазір біздің дәрігелердің ұраны осы. Денсаулыққа жауапты министрлік Жолдауда көрсетілген міндеттерді орындау үшін жоспар-жоба түзіп үлгіріпті. Ал тұтас алғанда қазақ медицинасының қауқары артып келеді.
 
Кеннет Әлібек, «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ-ның Басқарма төрағасы:
Бір қызығы, бізге кардиохирургиялық ота жасауға АҚШ-тан, Батыс Еуропа елдерінен науқастар келеді. Алдыңгүні кешкісін Кардиохирургия орталығының басқарма төрағасымен сөйлестім. Ол маған жаңа ғана Египет шейхтарының біріне операция жасап болдым дегенді айтты. Яғни, Таяу Шығыстан науқас инфаркт алып, Астанаға ұшып келген. Бұл бізге білдірілген үлкен сенім деген сөз.
 
 Биыл венчурлық қор құрылады да, ол тек «жасыл экономикаға» бастайтын жобаларды қаржыландырады. Бұл туралы Қуандық Бишімбаев хабарлады. Қорды құру туралы Ислам Даму корпорациясымен тиісті келісім бекітілген. Қордың бастапқы қаржысы 5 миллион АҚШ долларына тең болмақ.
 
Қуандық Бишімбаев, «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның Басқарма төрағасы:
Біздің басты мақсатымыздың бірі - қолжетімді және ұзақмерзімді несиелер беру тетіктерін ұсыну. Индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығына біз холдинг ретіне 1,5 триллион теңге тартуды мақсат етіп отырмыз. Ол үшін холдинг қорындағы капиталдарды тиімді пайдаланып, кіріс әкелу тетіктері жасақталуда.
 
Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ

Бөлісу