Қазір қазақ қоғамында қызу талқыланып жатқан тақырыптар көп. Соның соқталысы - «Қазақстан-2050» стратегиясы. Президент ұзақ мерзімді жоспарды бүге-шүгесіне дейін талдап-таразылап, биылғы Жолдауда Ахметов Үкіметіне іске асыру жолдарын нұсқады.
«Қазақстан жолы» деп аталған саяси құжаттың өн-бойы жаңалыққа толы. Тек атқарушы билік босаңсымай, тапсырмаларды тап-тұйнақтай орындаулары қажет. Дегенмен, шенеуніктер Жолдаудың ертесіне-ақ қамшы үйіріп, атқа қонды. Іске кірісті.
Үкімет Астана мен Алматы, Ақтөбе мен Шымкенттен басқа да агломерация құру мәселесін қарап жатыр. Келешекте мұндай қалалардың қатарына Ақтау, Өскемен және Қарағанды да кіреді.
Ал Президент Жолдауында айтылған Астана мен Алматы агломерациясын құрудың тиісті стратегиясы жыл соңына дейін түзіледі. Әлбетте, әуелі соңғы кездері жиі айтылып жүрген агломерация түсінігін нақты бір заңнамалық құжатпен реттеп алу керек.
Болат Жәмішев, ҚР Өңірлік даму министрі:
Бұл терминге қатысты көптеген мәселелер бар. Барлығын заңнамамен реттеу қажет. Агломерация белгілі бір сәнге айналған сөз емес, ол қажеттілік. Яғни, үлкен қалалар маңын кешенді дамыту. Агломерация қалаларға көбірек қаржы бөлінеді. Қаржы нақты жобалар бойынша жеке-жеке қаралатын болады.
Экономиканы дамыту үшін венчурлық қаржыландыру мен зияткерлік меншікті қорғау және ғылыми жобаларды коммерцияландыруға қатысты заңдарды жетілдіру кезек күттірмейтін мәселе.
Сонымен бірге, Жолдауда көтерілген тағы бір көкейкесті сала шағын және орта кәсіпті дамыту. Бұл ретте шағын кәсіптің дамуына бөгет болатын әкімшілік кедергілерді жою керек.
Сергей Дьяченко, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:
Біз Мәжілістің отырысында «Ақпараттық технологиялар паркі» инновациялық кластері туралы» және Президенттің бұдан бұрынырақта берген тапсырмалары бойынша әзірленген «Ақпараттық технологиялар паркі» инновациялық кластері мәселелері бойынша бірқатар Заң жобаларын бірінші оқылымда қарастырмақпыз.
Еліміздің озық отыздықтың қатарына енуі үшін ата-кәсіп агроөнеркәсіп кешенін ғылымға негіздеудің маңызы зор. Президент шаруаларға тың тәсілдерді қолданып, өнімділікті арттырудың жолдарын жан-жақты қарастыру керек, деді.
Мәжіліс депутаты Владислав Косаревтің пікірінше, «Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерімен тек өзін ғана емес, көрші елдерді де қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар, тек жүйелі жұмыс жүруі керек»,-деді.
Фермерлерге ауа райына сеніп жүре бермей, өнімділікті арттыратын жаңа тәсілдер меңгеру керек. Осы орайда қызылордалық ғалымдар тұзды, сортаң топырақтың құнарын арттыратын жаңа биотыңайтқыш әзірледі. Тың тәсіл өнімділікті анағұрлым арттырады.
Ерік Шорабаев, «Микробиология және вирусология институты» РМК облыстық филиалының директоры:
Бұл тыңайтқыштың, яғни құрамындағы бактерия тұқымның сыртқы қабығын жұмсартып, өнгіштігін арттырады. Осы биотыңайтқышты қолдану арқылы 80-90 пайызға дейін өнімділікті арттыруға болады.
Жаңа био-тыңайтқышты қазір бірен-саран шаруашылық болмаса, көпшілік біле бермейді. Оларды тәжірибеге енгізу үшін мемлекеттік деңгейде тиісті қолдау қажет.
Владислав Косарев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Нұрсұлтан Әбішұлы халықтың сұранысын қамтамасыз ету үшін сырттан ет-сүт өнімдерін тасуды тоқтату керек дегенді бірнеше рет айтты. Қазақстанның мүмкіндігі 50-60 миллион адамды ауылшаруашылығы өнімімен қамтамасыз етуге жетеді. Ал біз 17 миллион адамды асырай алмай отырмыз. Ұнтақ сүт сатып алып, оңтүстік Америкадан ет әкеліп жатырмыз. Мәселені шешу үшін салаға жаңа технология тарту керек.
Мақсат айқын, болашақ жарқын. 2050-ші жылға дейінгі стратегияны іске асыруға Қазақ елі толықтай қауқарлы. Себебі, Мемлекет басшысы оған жетудің бағыт бағдарын нақты көрсетіп берді. Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауымен танысқан ресейлік сарапшылар осындай пікірде.
Александр Гусев, РҒА Еуропа институты стратегиялық даму орталығының жетекшісі:
Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл жолғы Жолдауында қамтылмаған бірде-бір сала қалмады деп ойлаймын. Инновациялық индустрияны, аргоөнеркәсіп кешенін, көлік инфрақұрылымын дамытып, ғылымға негізделген экономика құру, әрі шағын және орта бизнесті дамыту - Қазақстанда бұрыннан қолға алынған жүйелі жұмыстар. Алайда, бұл жолғы Жолдауда осы мәселерді дамытудың өзге қыры айтылды. Сонымен қатар, Қазақ Президентінің бір ерекшелігі, Жолдауда әлеуметтік салаға үнемі басымдық беріледі. Мәселен, 2015 жылдан бастап бірқатар сала қызметкерлерінің жалақысы жоғарылайтын болды. Мұндай жағдайды тек экономикалық өсімге қол жеткізіп отырған елдер ғана жасай алады.
Елбасы Жолдауымен танысқан қытайлық сарапшылардың айтуынша, бұл - әрі қысқа, әрі нұсқа, әрі мақсатқа жетудің жолы айқын сипатталған даму жоспары. Мұнда әрбір бөлім бір-бірімен астасып тұр. Ел экономикасының қарқынды дамуы инновациялық технологиялардың енгізілуіне кең жол ашып, ғылым мен білім деңгейінің өсуіне әсер етеді, дейді.
Яо Пэйшен, ҚХР Мемлекеттік зерттеулер қорының ғылыми қызметкері:
Бір сөзбен айтқанда, Президенттің Жолдауы - бұл барлық қазақстандықтардың болашақ жұмыс жоспары. Және де дамудың үтір-нүктесіне дейін айқын сипатталған құжат. Ендігі еңбек халықтыкі. Осы қойған мақсаттарды, тапсырмаларды абыроймен орындап шықса, Қазақстан ең бақытты, қауіпсіз, дамыған елдердің қатарына қосылады.
Елбасы Жолдауын Түрік елінің саясаткерлері, мәдениет саласының майталмандары және қоғам өкілдері де жан-жақты талқылауда. Түрік бауырларымыз бұл Жолдаудың стратегиялық мән-мағынасына да ерекше баға беріп отыр.
Мехмет Джейлан, Невшехир провинциясының губернаторы:
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды қуатты, бәсекеге қабілетті ел етті. Ол ұсынған 2050 стратегиясы тек Қазақ еліне ғана емес, бірқатар мемлекет басшыларына үлгі боларға тұрарлық. Жолдауда әсіресе, әлеуметтік салаға қатысты нақты тапсырмалар жүктелді. Кез келген мемлекеттің қозғаушы күші - халық. Елдің жағдайы жақсы болса онда халықтың рухы көтеріліп ұлы мақсаттарға қол жеткізесіздер.
Түбі бір түрік еліндегі ағайындарды әсіресе «Мәңгілік ел» идеясы қызықтырған. Бұл ұсыныс - экономикалық өсім мен ұзақ мерзімді дамудың кепілі, дейді олар.
Синан Оған, Түркияның Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаты:
Нұрсұлтан Әбішұлы тек Қазақстанның емес, Түркі дүниесінің лидері. Мен оның биылғы Жолдауын бірнеше рет оқып шықтым. Одан түйгенім – «Қазақстан-2050» стратегиясын өзге түркі тектес мемлекеттер даму үлгісі ретінде ұстанса артық етпейді. Тіпті, бұл Жолдаудан Түркияның да үйренер тұстары бар. Біз мұны мойындауымыз қажет.
Президент Жолдауын билік өкілдері осылай бағалады. Алдағы аптада Түркияның зиялы қауым өкілдері де дөңгелек үстел ұйымдастырып, өз пікірлерін білдірмек ниетте.
Айбек ҚОБДАБАЙ