Елбасы биылғы Жолдауында медициналық сақтандыру мәселесін қарауды тапсырды
«Мәңгілік ел» дегеннен шығады. Абылайдың дүниеден өтер сәтінде Бұқар жырау қоштасуға келіп: «Хан ием, не арманың бар?» деп сұрапты. Сонда Абылай: «Үш арманым» бар. Біріншісі, елім мал емшегін емген ел еді, аяғына дейін жер емшегін емгізе алмадым. Қала, кент сала алмадым. Екіншісі, елімді бейбіт өмірге жеткізсем деп едім. Менің тұсымда қан көп төгілді. Соған өкінемін. Егер мен жаудың қанын төкпесем, ол менің қанымды төгетін еді. Үшінші арманым, елімде телі мен тентек көп болды, бастарын біріктіру қиынға түсті», деген.
«Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, қайырусыз жылқы бақтырған» заман сыйлағанмен, ауызбірліктің болмауынан Абылайдың көп арманы орындалмады. Қазақ елі Абылай өмірден өткеннен кейін де талай тауқыметті тартты.
Ырысын қашырған алауыздықты, «бас басына би болған өңкей қиқым» заманды, ұлттық болмысымызды жоймақ болған тоталитарлық саясаттың тепкісін көрді. Алайда, айбарлы Абылай аңсаған асқақ арманға бүгінгі ұрпақ жетті. Тәуелсіз. Сарабдал Президенті, сара саясаты, еңселі елордасы, Ата Заңы бар зайырлы мемлекет.
Саяси құжатта Мемлекеттің басшысы денсаулық сақтау саласында алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамытып, міндетті медициналық сақтандыру мәселесін енгізуді тапсырды. Бұл қалай іске асырылады? Халықаралық тәжірибе не дейді?
Халық денсаулығы - елдің экономикасы үшін негізгі фактор. Әлсіз медицинамен озық отыздыққа ілігеміз деу әбестік. Мемлекет денсаулық сақтау саласына триллиондар бөлгенмен, миллиондаған азаматтардың салғырттығы саланың дамуына тұсау салып тұр.
Абай Байгенжин, «Ұлттық ғылыми медициналық орталығы» АҚ Бас директоры:
Біздің азаматтар өз денсаулығын ойламайды. Қолдарын сілтей салады. Үкімет бар ауырсақ, үкімет көмектеседі деп.
Ең бай деген мемлекеттердің өзінде «тегін медицина» деген ұғым жоқ. Міндетті медициналық сақтандыру - озық елдердің тәжірибесі. Мемлекет, жұмыс беруші және қызметкер. Осы үш таған үшін ортақ жауапкершілік - денсаулық. Осы үштік үздіксіз жұмыс істесе ғана, медицинамыз үздік болады, дейді мамандар.
Абай Байгенжин, «Ұлттық ғылыми медициналық орталығы» АҚ Бас директоры:
Осы үш жағымыз тең болатын болса, біздің денсаулық сақтау саласы да жоғарылайды. Егер біз өзіміздің азаматтарды кішкене ойландыратын жағдайға әкелейік десек, өз денсаулығының қорына ақша салу керек. Ай сайын ақша төлеп отырса, кішкене ойланады. Сондықтан, менің ойымша міндетті медициналық сақтандыру жүйесі болғаны керек.
Гүлнәр Сейітмағанбетова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Міндетті медициналық сақтандыруды енгізсек, денсаулық сақтау саласы үшін бюджетке түсетін салмақ азаяр еді. Екіншіден, сапалы қызмет түрін алуға мүмкіндік береді деп ойлаймын.
Қазір елімізде ерікті медициналық сақтандыру жүйесі жұмыс істеп тұр. Бірақ, бұл жүйемен Ұлттық компаниялар мен ауқатты фирмалардың қызметкерлері ғана сақтанып отыр. Оның өзі 2-3 пайыздан аспайды.
Дәурен Жәкішев, Сақтандыру агенттігінің атқарушы директоры:
Ерікті медициналық сақтандыруға ұлттық компаниялар мен әл-ауқаты жақсы кәсіпорындар мен жеке тұлғалар ғана қол жеткізеді. Сақтандыру компанияларының қорлары өсетін еді, егер міндетті медициналық сақтандыру енгізілсе. Кейіннен денсаулық сақтау мекемелерінің арасында бәсекелестік артып, сапа жақсара түсетін еді.
БҰҰ-ның тізімінде 200-ге жуық ел бар болса, соның 160-сы осы жүйемен жұмыс істеп келеді. Міндетті медициналық сақтандыру - әлеуметтік ынтымақтастық принципін қалыптастырады. Яғни, бай адам - кедей үшін, жас - кәрі үшін, дені сау адам - науқас үшін ақша төлейді.
Дәулетхан Есімов, Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының бас директорының орынбасары:
Басқа сақтандыруға қарағанда, мұның мақсаты да, мәні де бөлек болады. Сақтандыру полисі қолыңызда болса, қай ауруханаға емделгіңіз келеді, қай емханаға барғыңыз келеді сонда баруыңызға болады. Зейнеткерлер, соғыс ардагерлері, балалар оларды үкімет қаржыландыруы тиіс. Оларға полис үкіметтің қалтасынан төленетін болады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 191 елдің денсаулық сақтау саласын жете зерттеп, ең үздік деп Францияны таныды. Ал, осы француз халқының 80 пайызы міндетті сақтандырумен қамтылған.
Бұл елде міндетті медициналық салымдар жалақының 16 пайызын құраса, Италияда - 12, Нидерландыда - 9, Жапонияда - 7, Германияда - 6 пайыз. Мамандар, бізде бұл көрсеткіш 3 пайыздан төмен болмауы керек, деп отыр.
Абай Байгенжин, «Ұлттық ғылыми медициналық орталығы» АҚ Бас директоры:
Қазір халықтың жағдайы жақсы. Мысалы, жалақының 3 пайызын ғана қорға беріп отырсақ. Ол үш мың теңге деген не ол? Мейрамханада отыруға да жетпейді ғой.
Дәурен Жәкішев, Сақтандыру агенттігінің атқарушы директоры:
Көлік сақтандыру бар, мүлікті сақтандырып жатады. Неге біздің халық өзінің денсаулығын сақтандырмайды. Үлкен науқан жүргізіп түсіндірсе, халық та өз денсаулығына бет бұрады деп ойлаймын.
Науқан басталды да. Денсаулық сақтау министрілігінде жұмыс тобы құрылды. Ол топ өзге елдердің тәжірибесін зерттеп, елеп-екшеп тиімдісін таңдайды.
Гүлнәр Сейітмағанбетова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Оған жиналған ақшаның ұрланбауына, тиімді жұмсалуына, жетуіне мүмкіншілік беретін модельді енгізу керек.
Міндетті медициналық сақтандыру біз үшін таңсық емес. Тоқсаныншы жылдардың ортасында бізде мұндай тәжірибе болған. Бірақ, сәтсіз аяқталды. Бұл жолғы талпыныстан халықтың да үміті зор.
Қала тұрғыны:
Керек ол. Бүкіл дүниежүзі енгізіп жатыр ғой.
Қала тұрғыны:
90-шы жылдары болды ғой. Бірақ, сол уақытта дұрыс енгізілген жоқ. Көп адамдар қамтылмады. Дұрыстап зерттеу керек.
Қала тұрғыны:
Адам денсаулығын өзі ойламаса. Кім ойлайды?
Қала тұрғыны:
Дұрыс нәрсе. Егер адам ауырып қалса, далада қалмайды. Ешкім жұмыстан шығармайды. Өзі жиған ақшаға емделеді. Жұмыс берушіге де ыңғайлы. Қызметкерлер денсаулығына байланысты жалған анықтама жасатпайтын болады.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында денсаулық сақтау саласының қызметкерлерінің жалақысы келер жылдан бастап 28 пайызға көбейетінін айтты. Жаңа міндеттер қойды: «Саламатты өмір салтының орнығуы, медицинаның дамуы қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 80 жасқа дейін арттырады».
Гүлнәр Сейітмағанбетова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Орташа өмір сүру ұзақтығын 80 жасқа жеткізуді тек қана медицинаға артып қоюға болмайды. Бұл үшжақты жауапкершілікті көздейді.
Абай Байгенжин, «Ұлттық ғылыми медициналық орталығы» АҚ Бас директоры:
Егер біз Президент айтқандай, 80 жыл орташа өмір сүру жасы керек десек, міндетті түрде осы міндетті медициналық сақтандыруды енгізуіміз керек.
Қазақ медицинасы қауқарсыз емес. Енді үздіктермен үзеңгілесетін кезең туды. Бастама жаман емес, нәтижесін уақыт көрсетер.
Гүлжан МАРҚАБАЙ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
Түркістан облысында жас шахматшылардың турнирі өтті
27.04.2026, 13:20
Елордадағы №1 индустриялық парк аумағына 1000 түп көшет отырғызылды
27.04.2026, 13:15
Экологиялық акция өткізу туралы меморандумға қол қойылды
27.04.2026, 13:12
Қостанай облысының ауылдарында дәрігер тапшы
27.04.2026, 13:09
Буллингке қарсы жаңа жедел жүйе іске қосылды
27.04.2026, 13:06
Шымкентте құмар ойын ұйымдастырған қылмыстық топ ұсталды
27.04.2026, 13:03
Алаяқтардың жаңа айласы анықталды
27.04.2026, 13:00
Астанада «Run for Autism» қайырымдылық жарысы өтті
27.04.2026, 10:19