Басты Жаңалықтар Өткен жылдарда не атқарылды?

Өткен жылдарда не атқарылды?

Өткен жылдарда не атқарылды?

Президент бұл Жолдауда да ең дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін инновациялық индустрияландыруға екпін берді. Үкіметке 2016-2019 жылдарға арналған индустрияландырудың екінші бесжылдығы жобасы жөнінде бірқатар тапсырмалар берді. Сонымен, өткен жылдарда не атқарылды?

 
Айбек Қобдабай, тілші:
Жұма күнгі Жолдауда белгіленген міндеттердің бірі индустриалды-инновациялық бағдарламаны баянды жүзеге асыру. Осыдан төрт жыл бұрын Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған шара алғашында алынбайтын асу секілді көрінген. Бірақ, «көз қорқақ, қол батыр» демей ме?
 
Күрделі жоспар, төрт жыл, ер тертөкті жобаларға жан бітті. Бұл істің бас пайдасы мыңдаған тұрғын тұрақты жұмыс тапты, тұрмыс түзелді. Сол мыңдардың бірі - қостанайлық Ұланбек Сәрсенов. Индустриалдық жоба бойынша автокөлік шығаратын зауытқа қарапайым жұмысшы болып кірген ол қазір кәсіпорынның бір желісін басқарады.
 
Ұланбек Сәрсенов, финалдық желіні басқарушы:
Бізді Оңтүстік Кореяға жіберді. Онда «Сан Ионг» компаниясының зауытында мамандардан дәріс алдық. Тәжірибе жинадық.
 
Бұған дейін шетелден Қостанай зауытына тек дайын бөлшектер әкелінді. Көліктің салоны, қаңқасы дәнекерленіп, сырланып жеткізілетін. Жергілікті мамандар дайын бөлшектерді құрастырып, жинай салатын. Енді индустриалдық бағдарлама бойынша жуырда іске қосылған жаңа желіде жұмыс дәнекерлеу, сырлаудан басталады. Яғни, автокөлік тұтас жиналып, өндірістегі қазақстандық үлес артты.
 
Мейрам Соқытбаев, Қостанай облысы Өндіріс және кәсіпкерлік басқармасының басшысы:
Қазақстандық «Номад» көлігі - біздің мақтанышымыз. Жобаның жалпы құны 13-те 6 миллиард теңге. 150 тұрақты жұмыс орны ашылады.
 
Қостанайдан шығатын отандық көлікке сұраныстан бұрын тапсырыс беруші көп қазір. Оның үстіне облыс Ресейдің Қорған, Свердлов, Челябі секілді ірі аймақтарымен көрші. Сондықтан, зауыттағылар ендігі жерде жергілікті көлікті көршілерге де экспорттауға құлшынып отыр.
 
Оңтүстік аймақтар да индустриалдық бастаманың игіліктерінен кенде емес. Тараздағы минералды тыңайтқыштар зауыты жанынан іске қосылған күкірт қышқылы цехы биылдан бастап жылына 600 мың тоннаға дейін күкірт шығармақ.
 
Үдемелі индустриалдық бағдарлама аясында іске қосылған жобаның арқасында өнімнің өзіндік құны арзандап, сапасы басқамен бәсекелесе алатын дәрежеге жетті. Ең бастысы, елдегі дихан мен бағбан қауымы минералды тыңайтқыштардан еш тарықпайтын болады.
 
Салтанат Қасымова, күкірт цехының басшысы:
Күкірт қышқылы қоймасын толтырып алдық. Соған 6 мың тоннадай күкірт қабылдадық. Және оны қазір балқытып, тазалау, сүзгіден өткізу бөлімінде сүзіп, пеш бөліміне беріп жатырмыз.
 
Жаңадан іске қосылған цехта қазір 140 адам жұмыс істейді. Оның тең жартысы өзге мемлекеттердегі минералды тыңайтқыш өндіретін зауыттарда тәжірибеден өтіп, біліктілігін арттырып келді. Әрі кешікпей дәл осы цехтың арқасында еліміз дүниежүзіндегі күкірт қышқылын экспорттаушы мемлекеттердің біріне айналмақ.
 
Айбек Қабдыл да метталург. Бір кездегі Нұрсұлтан Назарбаевтың мамандығын меңгергенін мақтан тұтады. Жолдауда - Президенттің өзі мысал келтірген алюминий зауытының жанындағы электролиз шығаратын кешенде қызмет етеді. Күні кеше қарапайым жұмыскер еді. Үйренді, шыңдалды, мойындатты. Сосын анод цехына ауысым басшысы болды.
 
Айбек Қабдыл, анод цехының ауысым басшысы:
Елбасымыздың Жолдауында көптеген өндірістер, өнеркәсіптер тағы да көптеген шаралар салынатын болды деп жатыр. Оның өзі яғни, көптеген жұмыс орындары ашылады. Және де Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналады деген сөз. 
 
Алюминий зауыты жылына 136 мың тонна анод шығара алатын цехты 300 миллион долларға салған. Кешен ең озық технологиямен жабдықталған. Экологияға еш зияны жоқ. Жаңа цех өндірісті тек сапалы анодтармен қамтамасыз етіп қана қоймай, қазақстандық өнімнің көлемін арттырып, алюминий кластерін өркендетуге үлес қоспақ.
 
Айбек Қабдыл, анод цехының ауысым басшысы:
Біздің зауытқа тоқтала кететін болсақ, бұл заманауи техникамен жабдықталған өндіріс. Бұл бізге жаңа сапалы, алюминий өндіруге мүмкіндік береді. Және де толығымен импортты яғни, басқа елден анод сатып алуды тоқтатуға мүмкіндік береді.
 
Жалпы, индустриалдық бағдарлама басталғалы еліміздің барлық аймақтарында серпінді жобалар жүзеге асып, өз өнімдерін экспортқа бағыттаған бір жарым мың кәсіпорын мен «Бизнестің жол картасы» бойынша 36 мың нысанға мемлекет тарапынан ұдайы қолдау көрсетілді.
 
Индустрияландыру картасы бойынша 600-ден астам жоба іске қосылып, олар 2,5 триллион теңгенің өнімдерін шығарса, қазынаға түскен салықтың көлемі 1 триллион теңгеден асқан.
 
Омархан Өксікбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Ең басты дүние біз инновацияны, ғылымды дамытып, экономикамыздың қалпын қайтадан индустриалдық бағытқа бетбұрыс жасау көзделіп отыр.
 
Әділ Ахметов, қоғам қайраткері:
Біз мұнай өндіреміз, газ өндіреміз. Бірақ шикізат ретінде сатуды азайту керек. Оны шегіне жеткізіп өңдеу керек. Басқа дамыған елдер секілді біз одан көптеген өнімдер шығаруымыз керек.
 
Елімізде индустриалдық бастаманың игілігін көрмеген тұрғын кемде-кем. Төрт жылда экономиканың әр саласында еңбекке араласқан адамдардың саны 500 мыңнан асса, олардың 100 мыңға жуығы өнеркәсіп секторынан жұмыс тапқан. Әрі индустриаландыру картасы бойынша іске қосылған нысандарда 50 мың азамат тұрақты жұмыспен қамтылған.
 
Айбек ҚОБДАБАЙ
Бөлісу