Президент Үкіметке ғылымға қатысты Заңды жетілдіруді тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Үкіметке ғылымға қатысты Заңды жетілдіруді тапсырды

19.01.2014
Президент Үкіметке ғылымға қатысты Заңды жетілдіруді тапсырды
Қазақстан энергетика мен индустрияға ие болмаса, ауыл шаруашылығына ғана иек артып жата алмайды. Жағырапиялық мекеніміз бізге талай елге көпір болуға жарап тұр.
 
Мемлекет басшысы даламыздың жүк тасуға қолайлы екенін және сол мүмкіндікті мейлінше пайдалану қажеттігін де баса айтты осы Жолдауда. Ол қандай мүмкіндіктер?
 
Экономиканың кез-келген саласына ғылымды сыналап емес, дендеп енгізетін дәуір келді. Бұл Жолдаудан соны аңғардық. Нұрсұлтан Назарбаев ғылымды өркендету үшін венчурлік қаржыландыру, зияткерлік меншікті қорғау, зерттеулер мен инновацияларды қолдау, сондай-ақ, ғылыми жаңалықтарды коммерцияландыру жөніндегі Заңды жетілдіру керек, деді. Үкіметке берілген мерзім - 1-ші қыркүйек.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Шетелдерден инвестиция тартуды толықтай елімізге білім мен жаңа технологиялар трансферттеу үшін пайдалану керек. Шетелдік компаниялармен бірлесіп, жобалық және инжинирингтік орталықтар құру қажет. Бізге ірі мұнай-газ және тау-кен металлургиялық нысандарында жұмыс істейтін жетекші трансұлттық компанияларды олар осында өз қажеттілігі мен сервисін қамтамасыз ету үшін өндірістер құруға шақырғанымыз жөн. Мен кейбір ірі компаниялардың бұған дайын екендігін білемін. Үкімет осы мәселені қайта пысықтап, қажет болған жағдайда бұл үшін барлық жағдайды жасағаны жөн. Жабдықтарды елімізде өндіруімізге де болатын кезде шетелден тасымалдаудың қажеті жоқ. 
 
Президент Астана мен Алматыдағы технологиялық парктердің жұмысын жандандыру керектігін қадап айтты. Технопарктерде қазақтың ірі компаниялары қосалқы өндірістер ашуы керек. Олар өзімізге дұрысы өздеріне қажет құрал-жабдықтарды сол өндірістерде жасатуы абзал. Енді инфроқұрылым.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Инфрақұрылымдық үштаған - агломерацияның, көліктің, энергетиканың қарқынды дамуын қамтамасыз ету керек. Агломерациялар - Қазақстанның ғылыми қамтымды экономикасының ұстыны. Елдің орасан зор аумағын, халықтың орналасу тығыздығының төмен екенін ескерсек, агломерациялар қалыптастыру мен дамыту - маңызды мәселе. Қазақстанның алғашқы заманауи урбанистік орталықтары ірі қалалар - Астана мен Алматы, одан соң - Шымкент пен Ақтөбе болады. Олар халықтың және инвестициялардың шоғырлану орталықтарына айналады, сапалы білім беру, медицина, әлеуметтік-мәдени қызметтер көрсетеді.
 
Көлік инфрақұрылымы - индустриялық экономика мен қоғамымыздың тамырына қан жүгіртетін жүйе, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Еуропа мен Азияны жалғап тұрған жазиралы ел. Сол жазираны көктей жатқан көп жолдан ел несібесін айыруы тиіс. Қазақ өз жолын жөндеп қана жатқан жоқ, халықаралық дәліз де салып жатыр қазір. Алғыс үшін емес әрине, пайдасы бар болған соң.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ең алдымен, біздің жүктерімізді тасымалдау үшін Кеден одағы аумағын барынша пайдалану туралы сөз болып отыр. «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» дәлізінің құрылысы да аяқталуға таяу. Парсы шығанағына шығу үшін Түрікменстан мен Иранға теміржол тартылды. Келешекте Қазақстан теңізге шығатын жолдары бар елдерде логистика орталықтарын құруға инвестиция салуға тиіс. Жүктерді кедендік өңдеу мерзімдерін қысқартып, шекара өткелдерінің өткізу мүмкіндігін арттырып, Ақтау портының қуаттылығын күшейтіп, экспорт-импорт операцияларының ресімдерін жеңілдету керек.
 
Бағыты бір болса да, тас жолдың жөні бір басқа, шойын жолдың мәні тіпті бөлек. Қазір Қазақстан Жезқазған - Шалқар - Бейнеу жаңа теміржолын салып жатыр. Ұзындығы 1200 шақырым. Шойын жол елдің шығысы мен батысын байланыстырады. Алып құрылыс келер 2015 жылы аяқталады, деді Президент. Яғни, Каспий мен Кавказ арқылы Еуропаға шығуға мүмкіндік туады.
 
Енді энергетика.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз энергетиканың дәстүрлі түрлерін дамытатын боламыз. Жылу-электр станцияларынан шығатын қалдықтарды тазарту жөніндегі ізденістер мен жаңалықтарға, өндіріс пен тұрмыста жаңа технологиялар арқылы жаппай электр қуатын барлық жерде үнемдеуге қолдау көрсету қажет. Таяуда Еуроодақтың ірі компанияларының алғашқы ондығы Еуроодақтың әйгілі жасыл экономика тұжырымдамасы негізінде қабылданған энергетикалық стратегиясына қарсылығын жариялады. Еуроодақ оны жүзеге асырған төрт жылда 51 гигаватт энергия қуатын жоғалтты. Жасыл экономика бағдарламасымен жұмыс жүргізе отырып, біз осы қателікті ескеруіміз керек.
 
Бұл мәселеде Қазақстан EXPO-2017-ні мықтап пайдалануы тиіс. Мамандар тобы Назарбаев университетінің қолдауымен осы жұмысқа кіріссін, деді Мемлекеттің басшысы. Қоғамдық көліктер отынның экологиялық таза түрлеріне көшіп, электромобильдерді енгізуге ұмтылған абзал. Жаһанның бағыты осы. Мұнайды өңдейтін жаңа зауыт та керек, деді Президент. Сосын, сосын атом электр станциясы туралы айтты.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ядролық энергетиканы дамытудың келешегін ұмытпау керек. Әлемнің таяудағы даму келешегінде арзан атом энергиясына деген қажеттілік өсе түсетін болады. Қазақстан - уран өндіруде әлемдік көшбасшы. Біз АЭС отыны үшін төл өндірісімізді дамытып, атом станциясын салуға тиіспіз.
 
Шағын және орта бизнес. Біздің ұлтта ата кәсіп деген ұғым бар. Шығын я орта кәсіп атадан балаға мұра болуы тиіс, деді Мемлекеттің басшысы. Сонда кәсіп те өркендейді, дамиды. Қазақ елінде қазір шағын бизнес субьектілері 800 мыңнан асады. Ұзын-ырғасы 2,4 миллион адам осы салада еңбек етеді. Соңғы төрт жылда дәл осы шағын және орта бизнестің өнім көлемі, 1,6 есе өсіп, 8,3 миллиард теңгеге жетті.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Шағын және орта бизнес - біздегі Жалпыға ортақ еңбек қоғамының берік экономикалық негізі. Оны дамыту үшін жеке меншік институтын заңнамалық тұрғыда нығайтатын кешенді шешімдер қажет. Бизнесті дамытуға кедергі келтіретін барлық тиімсіз құқықтық нормалардың күшін жою керек. Шағын бизнес ұрпақтан-ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналуға тиіс.
 
Бизнес атадан балаға мұра болсын десек, меншікті мінсіз қорғайтын Заң керек. Қазір шағын және орта бизнеске деген құштарлық жақсы. Қала ғана емес, дала қазағы да үйренді. Мал өсіру бір басқа, бау-бақша егіп, үйінің жанынан дүкен ашып, не монша жағып, содан пайда көріп жүрген азаматтар да аз емес.
 
Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу