«Салық туралы» атышулы Заң жобасының жолы болды. Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат Досаевты былтыр күзде «құжатың шикі» деп бірнеше мәрте кері қайтарған депутаттар ақыры райларынан қайтып, заң жобасына мақұл деді. Президент қолын қойды, Заң күшіне енді. Сөйтіп биылдан бастап алкоголь, темекі және мүлікке салынатын салық көбейді.
О баста бұл заңның алғашқы нұсқасында арақ-шараптың барлық түріне салынатын салық 100 пайызға қымбаттауға тиіс болған. Ауызға шыбын боп кіріп, айдаһар боп шығатын алкоголь бізден алыстайтын болды деп ерте қуаныппыз.
Араққа салық өскенімен, шарап пен сыраға салынатын салық көлемі алдағы жылдары анықталады. Ал, тұрғын үйдің салығы оның құнына байланысты. Мәселен, 1 миллион доллардан асатын үйлердің нарықтағы бағасы есептеліп, салық көлемі соған қарай артады.
Білетін шығарсыз, енді қымбат көлік мінсеңіз де, төлейтін салығыңыз біразға бармақ. Әсіресе, джип мінетіндер үшін. Бірақ, қайдам. Бай-манаптың көбі салық төлемеу үшін темір тұлпарларын соғыс ардагері немесе мүгедек туыстарының атына жаздырып қояды, жасыратыны жоқ.
Сөйтіп, мемлекетке бір тиын төлемей, Шығайбайлар сайрандап жүр, тайраңдап жүр. Мысалы, бүгінде қымбат көліктердің 25 пайызы соғыс ардагерлеріне «тиесілі» екен. Өздеріңіз бағамдай беріңіз. Сонымен, жаңа Заңның тағы қандай жаңалығы бар?
Биылғы қаңтардан бастап қалтасы жұқалтаңдау біздерге қарағанда, бай-бағландар үй мен автокөлікке салынатын салықты көбірек төлейтін болды.
Қуаныш Айтаханов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Орта халық салықтан еш ұтылмайды. Ал енді бай адамдар, үлкен-үлкен сарайларды тұратын адамдар үшін салықтың бағасы өсті. Байларға 2-3 есе өсті. Ол оларға еш әсер ете қоймайды, деп ойлаймын.
Әйгілі француз актеры Жерар Депардье еске түсті. Еуропада байларға салынатын салықты билік 75 пайызға дейін көтеріп жібергенде, әртіс қарсылық танытып, азаматтығынан бас тартып, у-шу болғаны естеріңізде шығар. Ал енді біздегі ауқаттылардың ешкімге өкпесі жоқ шығар. Олар төлейтін салықтың мөлшерін еуропалықтармен салыстыруға тіптен келмейді.
Сапарбай Жұбаев, экономика ғылымдарының кандидаты:
Біздегі салықтың деңгейі өте төмен. Бізде жеке табыс салығымыз бар болғаны 10 пайыз. Ол да айлығымыздың бәрінен емес, бірінші 15 мың алынады да, сосын қалғандарынан алынады. Сонда біз 9 пайыз төлейміз.
«Ай ортақ, қайырлы болса бай ортақ». Зайырлы, дамыған мемлекеттерде қалыптасқан қағида осы. Бүгінгі күнге дейін біздің еліміздегі бай мен орташа тұрмысты азаматтар тұрғын үй, көлік, тіпті жеке табыс салығын бірдей төлеп келді. Екіншіден, соңғы 10 жылда халқымыздың табысы біршама өсті, бірақ, жылжымайтын мүлік салығы сонау 2002-ші жылдан бері бір тиынға көтерілген жоқ.
Сәкен Еспаев, ҚР Экономика институтының директоры:
Миллионерлер неге күшті үйде тұрады, неге олар жай халықпен бірге төлеуі тиіс. Ресейде өте көп төлейді салықты. Соған әкелуіміз керек.
Негізгі жаңалыққа көшсек, Астана мен Алматыда жылжымайтын мүліктің базалық құны 30 мыңнан 60 мыңға, аймақтарда 18 мыңнан 32 мыңға көтерілді. Есептеп қарасаңыз, бұл да анау айтқандай көп ақша емес.
Егер сіздің 3 бөлмелі 80 шаршы метр пәтеріңіз болса, оның шартты түрдегі бағасы 4 миллион 800 теңге дейік. Бүгінге дейін жылына 5 мың 200 теңге мүлік салығын төлеп келсеңіз, келесі жылдан бастап бір жылда 10 мың 200 төлейсіз.
Сонда айына төленетін мүлік салығы 500 теңгеге ғана қымбаттап отыр. Ал енді 150 шаршы метрден асатын қымбат пәтер мен аумағы 300 шаршы метрден көп жекежайдың иесі салықты көбірек төлейді.
Қуаныш Айтаханов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Елімізде 4,7 миллион тұрғын үй мен пәтер бар екен. Өсетін нәрсе 40 мың үйге ғана қатысты. 1 пайыздың көлеміне жетер жетпес.
Салықтың көбеюі - үйдің қымбаттауына әсер етеді деп байбалам салып жүргендер бар. Бірақ, жергілікті жылжымайтын мүлік нарығын зерттеушілердің айтуынша, бұл бос сөз.
Досхан Әбдірейісов, «Шаңырақ» жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры:
Мониторинг жасап отырамыз, бірақта, салықтың өсуі тұрғын үй нарығына пәлендей әсер ете қоймайды.
Сондай-ақ, келесі жылдан бастап қозғалтқышы 3-4 мың текше сантиметр асатын автокөліктерге салынатын салық өседі. Елімізде 112 мың джип болса, бұл соның 3-ақ пайызы ғана. Оларға жылына 120 мың теңгеге дейін салық салынатын болды.
Сәкен Еспаев, ҚР Экономика институтының директоры:
2014-тен енгізгені жақсы болды. Осы кезге дейінгілер одан құтылады. Ал енді 2014-тен алынатындар. Қаншама мүгедектердің атынан мүлік алып қойған байлар бар.
Есесіне қозғалтқыш көлемі 4 мың текше сантиметрден асатын көлік иелеріне берілген бұрынғы жеңілдіктер мүлде алып тасталмақ. Бізде мұндай көлік иелерінің төрттен бір бөлігі жеңілдіктерді пайдаланып келген. Енді олар салықты толық көлемде төлей бастағанда, бюджет түсімі 1,7 миллиард теңгеге көбейеді екен.
Ішімдік пен темекі акцизіне салық көбейді. Жарты литр арақ орташа есеппен алғанда, 400 теңге болса, соның акциздік үлесі 100 пайыз. Енді акциз 3 есеге қымбаттады. Бұл - 400 теңгелік арақ шамамен 630 теңге болады деген сөз. Ал темекі акцизі 5 есеге көбейді. Бұрын темекінің әрбір данасына 1 теңгеден акциз төлесе, бүгінде 5 теңге. Сонда бір 10 күннен соң темекі 100 теңгеге қымбаттайды. Астанадағы бірнеше дүкенді аралап қайттық. Онда әзірге пәледей қымбаттау жоқ.
Сапарбай Жұбаев, Экономика ғылымдарының кандидаты:
Салықты қымбаттатуда үш үрдіс бар. Әлемге сәйкес болуы керек. Екіншісі, бюджетке салық үсуі керек, үшіншіден Кедендік Одаққа сәйкес - бізде де салық көтерілуі тиіс.
Дамыған мемлекеттерде бюджеттің 85 пайызы салықтан құралады. Ал бізде бар болғаны 50 пайыз. 2014 жылы мемлекетке түсетін бюджеттің жалпы түсімі 5 триллион теңге, деп жоспарланған. Алдына ала есептеу бойынша мүлік пен автокөліктің кейбір түріне салықтың өсуі бюджетке 10 миллиард теңгеге жуық түсім әкелуі тиіс.
Қуаныш Айтаханов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Бұл сома бюджет мәселесін шешпейді. Бюджетке көп ақша әкелмейді де. Жұртқа ынсап керек. Ағайындар, ынсап сайын береке, сендер ойланыңдар деген сөз. Қай қоғамда тұрсыңдар, ойланыңдар дегені. Кейбіреулер әртіс шақырады миллиондаған ақшаға, тойлатады миллиондаған долларға шетелге барып. Сондай елге бұл жасалған ескертпе. Бұлай асып-тасып кетпеңдер. Асып-тасып кетсеңдер, мұндай салық салынуы мүмкін, деген ескертпе сөз деп ойлаймын.
Дина ТӨЛЕКОВА