Бұл Астана немесе Алматы емес. Бұл ғаламат отшашу кешегі Жаңа жыл түні Дубайда өтті. 450 мың отшашу. 6 минут бойы Дубайдың зеңгір аспанын ғажайып сәнге бөледі. Сөйтіп, бұл көрініс әлемдегі ең көлемді әрі ең ұзаққа созылған отшашу ретінде Гиннестің Рекордтар кітабына енді. Не дейсіз? Керемет, ғажап дейсіз бе? Әлде ысырып болған қайран қаражат деймісіз?
Негізі біздегі дәл осындай болмаса да, қыруар қаражатқа сатып алынатын отшашулар соңғы жылдары арагідік мемлекеттік мерекелерімізде, әсіресе, әр қаланың туған күндерінде ұйымдастырылатын.
Алғашқы жылдары тіпті сирек өтетін, «салют көреміз» деп, сол күнді сағына күтетін. Осы күні ғой, мемлекеттік мереке түгілі үйлену тойлары, мектеп бітіру кештері отшашусыз өтпейді. Бала сүндетке отырса да, аспанға салют ататын болдық.
Жаңа жыл түні ересектердің өзі есін білмейтін баласының қолына қытайлық пиротехника ұстататынды шығарды. «Мә, 20 рет атылады» деп қолына береді. Екі езуі құлағына жеткен балғын 20 рет санайды, үзіліссіз атылған күкірт 19-сын атып болып, үні өшеді. Бала оны шұқылауға көшеді. Тесігіне үңілді, бітті. 20-шы оқ баланың көзін шығарды.
Бұл жылда болатын қайғылы жағдай. Тарсыл-гүрсіл, жарқ-жұрқ. Талай адам зағип, талайы керең болып жатыр. Қоймаймыз. Қауіпсіздікті қаперге де алмаймыз. Отшашудың «оһ» дегізер қызықтары мен опық жегізер шыжықтарын саралап көрелік.
Айнұр Омар, тілші:
Жарылғаны жарылып, жарылмағаны шашылып қалған отшашулар, Жаңажылдық қызметі аяқталған соң, далаға шығарылған шырша, қала берді жегені желініп, желінбегені итке тасталған торт. Жаңа жылдан кейінгі көрініс осы...
Жем болған тек ішіп-жем емес. Бос кеткен қайран уақыт, желге шашылған қып-қызыл ақша. Есептеп көрейік. Алдымен дастархан қамы, дәстүрлі оливье салаты, торт пен мандарин, тарс етіп атылатын шампан, тура 00.00-де жарқ-жұрқ отшашулар. Туған-туыс, дос жарандарға сый-сияпат. Қыз-келіншектердің жаңажылдық салтанатты көйлектерін тағы қосыңыз.
Советқазы Нұрсила, қоғам қайраткері:
Тамыр-таныс, тойлап жүргендер айтып жатыр, енді 600-700 долларға дейін ақша кетеді екен. Себебі, Жаңа жылда корпоративтік кештер болады. Әрқайсысына 10-15 мың теңгеден жинайды. Егер екі адам баратын болса, 30-40 мың теңгеге 1 қой сойып алып, жеген жақсы емес пе? Сол іс қайырлы емес пе?
Бұл кісі 10 жылдан бері Жаңа жыл мерекесін тойламайды. Бірнеше күндік демалыс адамды рухани аздырып, денсаулыққа да зиянын тигізеді, дейді. Жаңажылдық түндегі отшашудың өзі неге тұрады?!
Бір сәттік көз қуанышын сыйлайтын салют пен фейерверктің ең арзаны 200 теңгеден басталады. Ары қарай қымбаттай береді. Ақшаға алынған зат расымен де қайырлы болып, 20-30 секундтік «бақыт» сыйласа жақсы. Бір өкініштісі, соңғы кездері от шашамын, деп ойбайлап қалғандар көбейіп барады.
Алматыда осы жаңа жылда ғана 70 адам зардап шекті. Оның 55-і ауруханада жатыр. Бала емес, шаға емес, сол жетпістің тең жарымы ересек адам. 27 жастағы жігіттің саусақтары түгелімен жұлынып кеткен.
Ақтау. Мұнда да биыл үлкендер жағы отшашуға ерекше құмартыпты. Нәтижесінде 25 адам 2014 жылды ауруханада бастады. Бірінің көзі, бірінің қолы...
Шымкент. 11 адам. Барлығы ауыр жағдайда жансақтау бөліміне түскен...
Ұлан Алтынбеков, Шымкент қаласының тұрғыны:
Ұстай бергенім сол еді, отшашу жарылып кетті де, қолыма тиді де, көзіме шашырап кетті.
Астана да биыл рекордты жаңартты. 13 бала.
Жарылқасын Бектасов, Астана қалалық №2 балалар ауруханасы, жарақат және ортопедия бөлімі меңгерушісі:
13 бала, соның бесеуі ауруханаға жатқызылды, сегізі амбулаторлық көмек көрсетіліп, емханада ем жалғастырып жатыр. Енді бұл үлкен проблема, деп айтуға болады. Бұрынғы жылдарға қарағанда, биыл жарақат алған балалар саны көбейді.
Дәрігердің айтуынша, науқастардың жағдайы қалыпты. Оқыс оқиғалардың жиілеу себебі де бар. Өйткені, ешбір адам отшашу сыртындағы ескертпені оқымайды. Абайсыздық, салғырттық. Әрі сапасыз өнім Қытайдан түрлі жолмен келеді. Көбісінің лицензиясы да болмайды.
Барат Дұзақбаев, Астана қалалық ТЖД басшысының орынбасары:
Жаңа жылда биыл балконда өрт болған. Неге десеңіз, пиротехниканы жіберген кезде, ол ұшып барып, балконға кіріп, киім-кешек жанған. Сондай бір оқиға тіркелді. Сосын екі бала пиротехникамын ойнап отырып, үйдің ішінде өздерін атып алған.
Балкондағы өрт дер кезінде өшірілген. Ал Шымкентте медресе отқа оранып, түк қалмай жанып кетті. Себеп, отшашудан келген ұшқын.
Енді есептеп көрейік, Жаңа жыл күні әр отбасы кемі 500 теңгеге отшашу алды дейік. Жаңа жыл тойламайтындары бар, қарттар мен мүлде жағдайы жоқтарды есептемегенде, қазақстандықтардың фейерверкке жұмсайтын қаражаты 15 миллион долларға жетеді екен.
15 миллион долларға 600 адамға үй салып беруге болады. Немесе бірнеше аурухана яки, балабақша тұрғызуға болады. Бір-ақ түнде... Осыншама «байлықты» аспанға атып-атып жібереді екенбіз.
Пиротехникадан келген залалды есептеген Ресейдің Мемлекеттік думасы отшашуларға енді тыйым салу мәселесін қарастырып жатыр. Тіпті кейбір өңірлерінде қоғамдық орында мәре-сәре салют атуға тыйым салынған.
Пиротехниканың отаны Қытайда да енді жарқ-жұрқ мереке азаяды. Билік экологияға залал келтірмейтін отшашу ойлап табуды бұйырған. Оның өзінде салюттар мен фейерверктер рұқсат етілген уақытта белгіленген жерде ғана атылмақ.
Советқазы Нұрсила, ақын, қоғам қайраткері:
Отшашу арқылы Қытайдың экономикасына ондаған миллион доллар, мүмкін жүздеген миллион доллар, посткеңестік республикалар инвестиция салып жатыр. Осының қажеті бар ма? От шашқан бақыт әкеледі деген ақылға да сиымсыз. Адам қуанышын бөле білу керек, бірақ, оның басқа да жолдары бар.
Көкіректі кернеген қуанышты бөлісудің немесе шығын шығарудың тағы бір тәсілі бар. Ол үйге шырша құру. От шашып, түтінделген далаға тағы бір соққы. Жан-жағына әсемдікпен қатар оттегін бөліп тұрған шыршаның 10 күндік көзқуанышқа бола тамырына балта шабылады.
Қостанайда 3 жылдан бері мереке кезінде түнде шырша ұрлайтын әккі ұрылар пайда болыпты.
Мұса Омаров, «АБЗ Плюс» ЖШС директорының орынбасары:
Енді міне, биыл 10 шақтысын шауып алып кетті. Жылда-жылда, алдыңғы жылы алтау шауып алды, былтыр 14, биыл міне, онын шауып алды. Соны біз осы күнге дейін кім екенін таба алмай жүрміз.
Ұрылар әлі табылған жоқ. Табиғат сақшылары келер жылы мереке кезінде әр шыршаның түбіне аңдуға тұрамыз, деп білек сыбанып отыр.
Ал Алматыдағы экологиялық ұйым шырша кестірмеудің тың тәсілін тапты. Ол ыдыстағы тірі шыршаны 15 күнге жалға беру. Бұл жаңалықты естіп бірден тапсырыс берген алматылық Талапқали Ізмұхамедов.
Өз ғұмырында шабылған шыршаның талайын сатып алып, безендіріп, 2-3 аптадан соң сыртқа шығарып тастайтын отағасы, тың бастаманы қолдап отыр. Өйткені, қылқан жапырақтының денсаулыққа пайдасы мол, - дейді дәрігер.
Талапқали Ізмұхамедов, Алматы қаласының тұрғыны:
Мен - дәрігермін, мұның қасында өзінің бір дәрі-дәрмек ретінде адамға пайдасы бар, деп санаймын. Өкпесі ауру адамдарға өте жақсы, аллергиясы бар адамдарға ем ретінде.
Осы бастаманы көтерген компания өкілі Дәурен Жолдасбаевтың айтуынша, тұтынушылар жаңажылдық ағашты шебер табиғатқа өздері қайта еккілері келеді.
Дәурен Жолдасбаев, қоғамдық ұйымының жетекшісі:
10 қаңтардан бастап біз оларды жинай бастаймыз. Жинап, қайтадан бейімдеп қаңтардың соңында немесе ақпан айында біз оларды отырғызамыз. Келесі жылы жоспарымызда 200 шырша. Өткені осы шырашамыз біткеннен кейін көптеген адамдар телефон шалып сұрайды.
Астаналық Ұлданай Жүзбектің отбасы Жаңа жыл мерекесін жылда отбасымен атап өтеді. Аса көп шығындалмайды, бір-біріне сыйлық жасап, игі тілек тілегеннің, несі айып, дейді.
Ұлданай Жүзбек , Астана қаласының тұрғыны:
Жаңа жылды жылда тойлаймыз. Бала күнімізден келе жатқан мереке ғой. Жаңа жылды тек қазақ емес, жер беті тойлайтын мереке. Қуанып, қарсы аламыз ғой енді. Жаңа жыл деген ерекше мереке. Тойлаған жақсы, деп ойлаймын. Өзім қалдырмаймын.
Ұлданайдың үйінде әлі Жаңа жыл. Шыршасының да, үйге ілген жылтырақтарының да мұрты бұзылмаған. Жаңа жылда ақ маңдай арғымақ алған Мағжан үшін бұл сыйлықтың ыстық-суығы басылмаған. Бала да, шаға да бір сиқыр болардай асыға күтетін бір түннің әлегі де, әдемілігі де осы.
Айнұр ОМАР