Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының дәстүрлі «Тағзым» республикалық тарихи-экологиялық акциясы басталды. Бұл жолы Ақтөбе облысынан бастау алған шараға еліміздің әр түкпірінен 200-ге тарта адам қатысуда. Олар өңірдің Алға ауданындағы Есет батыр мемориалды кешеніне барды. Бес жыл бұрын тұрғызылған нысан «Қазақстанның киелі жерлері» картасына енген. Сондықтан, маңызды шараның бұл жерде өтуі бекер емес. Екі күнге ұласатын шарада қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарымен кездесіп, музейлер мен «Достық үйлерінде» түрлі танымдық жиындар өтеді. Акция жыл соңына дейін жалғасады.
Бекзат Алтынбеков, Жезқазған қалалық «Қоғамдық келісім» кеңесінің төрағасы:
- Форумның Ақтөбе өңірінде өтуінің өзіндік үлкен мәні бар. Себебі, Ақтөбе өңірі осы саяси қуғын-сүргін құрбандарын, ашаршылық құрбандарын еске алу жөнінде үлкен мемориалды кешендер ашу, оның тарихтан өзінің орнын алу мақсатында үлкен жұмыстар атқаруда. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының тікелей ұйымдастыруымен бейбітшілік сабақтары, қайырымдылық іс-шаралары осы Ақтөбе өңірінде жалғаспақ.
Жұлдыз АЛМАСҚЫЗЫ