Басты Жаңалықтар Шеттегі қандастардың құрылтайы өтті

Шеттегі қандастардың құрылтайы өтті

Ресейдің Түмен облысында қазақтардың құрылтайы өтті. Онда шетте жүрген қандастар өткенге есеп беріп, болашаққа жоспарларымен бөлісті. Ұлттық ансамбльдер өнер көрсетіп, көптің ықыласына бөленді. Іс-шараға барлығы жеті мыңнан астам адам қатысты.

Қазақтардың құрылтайы Түмен облысында 1997 жылдан бері ұйымдастырылып тұрады. Жыл сайын ауқымы да кеңеюде. Алғашында тек Түмендегі қандастар жиналса, қазір Ресейдің Омбы, Челябі, Қорған облыстарынан келген қазақтар да қатысты.

Есенғали Ыбыраев, Ресей қазақтарының федералды ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы:

Отыз жылға жуық уақытта Құрылтай Ресейдегі қазақтар үшін маңызды алаңға айналды. Бұл жерде ұлттық дәстүр ұлықталып, отбасылық құндылықтар насихатталады. Құрылтайға жастар, өзге ұлт өкілдері де қызығушылық танытуда.

Осы жолғы шараға жеті мыңнан астам адам жиналған. Олар аспанды әсем әнмен әуелеп, мың бұрала биледі. Қазақ ұлттық ансамблдері өз өнерлерін көрсетті. Өңірде қазақ мәдени орталықтары жұмысын жандандыруда.

Нұржаусын Оспанова, облыс тұрғыны:

Құрылтай ең алдымен қазақтардың өзге ұлт өкілдеріне мәдениетін, дәстүрін паш ететін мереке. Осымен төртінші рет қатысып жатырмын. Біздің қазақ халқы өте қонақжай, мейірімді. Сондықтан бүгінгі мерекеге барымды салып, ақ дастарханымды жайдым.

Құрылтай аясында Түменде 20-дан астам киіз үй тігіліп, ақ дастархан жайылды. Ұлттық киімдер мен зергерлік бұйымдар көптің қызығушылығына ие болды. Ат жарысы, күрес, гір көтеру сияқты спорттық ойындарда кіл мықтылар анықталды.


 


Бөлісу