Елдің Сен-Гилен қаласындағы 36-фольклорлық фестивальға қатысқан әртістер, Брюссельде жеке концерт берді. 60 жылдан астам тарихы бар мемлекеттік өнер ұжымы қазақтың ұлттық хореография мәдениетінің бай мұрасын көпшілікке паш етті.
АҚШ, Батыс пен Азияның үздік сахналарында өнер көрсетіп жүрген «Салтанат» ұжымының бұл Бельгияға екінші рет келуі. Бұған дейін шағын құрамда өнер көрсеткен. Бұл жолы әлемнің 30-дан астам елі қатысып жатқан халықаралық фестивальде қазақтың намысын қорғауда.
Денис Витченко, мемлекеттік «Салтанат» би ансамбілінің жетекші солисі:
Қазақтың мәдениеті ешкімге ұқсамайды. Өзіндік ерекшелігі бар, ұлттық бояуға қанық, бай мұра. Біз соны көпшілікке жоғарғы деңгейде көрсетуге барымызды салып жатырмыз. Мен Қазақстанда тудым, жаным қазақ. Қазақ билерін билегенде ерекше ләззат аламын.
Кәсіби ұжымның репертуарында 150-ден астам ұлттың биі бар. Бірақ, әртістер Бельгия жұртшылығының назарына қазақ би өнерінің жауһарларын ұсынды.
«Бозінген», «Адай», «Балбырауын»күйлеріне мың бұрала билеген бишілердің иілімділігіне, түрлі-түсті костюмдердің сұлулығына көрермен таңдай қақты. Әзілге, сырға толы қазақ фольклорының тұнығына тамсанды.
Ондре Де Шкутер, фестивалды ұйымдастырушы:
Қазақстанның төл мәдениетін, ұлттық өнерді бағалауы, оны ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыруына тәнтіміз. Бізде, Еуропада керісінше, салт-дәстүр ұмытылып барады. Сіздерден үлгі алуымыз керек. Әртістердің кәсіби шеберлігі, өнері жоғарғы деңгейде.
Катия Ван Ден Бруке, Беркем Сент Агат коммунасы әкімінің орынбасары:
Мен қазақ музыкасын бірінші рет естіп тұрмын. Сөзін түсінбесек те әннің, ырғақты музыканың құдіреті жан-дүниеңді баурап алады. Билеріңізден қазақ халқының кең пейілін, қонақжайлылығын аңғардық.
Бельгиялықтар ұлттық өнер жайлы тереңірек білсін деп еліміздің осы мемлекеттегі елшісі Айгүл Құспан фестивальды ұйымдастырушыларға «қазақтың 1000 күйі» жинағын сыйға тартты. Бельгиялықтар да өнер ұжымына шоколад пен қошаметті жаудырды. Қазақ фольклорының әлеуетін асқақтатқан әртістеріміздің сапары енді Франция, Болгария мен Польшада жалғасады.
Нұрсұлу ҚАСЫМ