Басты Жаңалықтар Сайлауға сән берген ерекше оқиғалар

Сайлауға сән берген ерекше оқиғалар

Алматы облысында сайлау науқаны ерекше оқиғаларға толы болды. Өңірде бір миллионнан аса дауыс беруші тіркелген. Оның ішінде 14 мыңнан аса азамат алғаш рет өз таңдауын жасамақ. Құрылтай депутаттарын сайлау үшін таңнан бері облыстағы 683 учаске жұмыс істеп тұр. Өңір басшысы Марат Сұлтанғазиевте Қонаев қаласындағы өзі тіркелген учаскеге келіп дауыс берді.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қонаев қаласындағы №949 сайлау учаскесінде дауыс берді. Өңір басшысы бүгінгі сайлау нәтижелері еліміздің одан әрі дамуына оң әсер ететініне сенім білдірді. Бұл өзгерістер Қазақстан үшін жаңа әрі маңызды кезең екеніне тоқталды.

Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының әкімі:

Бүгін еліміз үшін маңызды саяси күн. Мен де Қазақстан Республикасының азаматы, Алматы облысының тұрғыны ретінде бекітілген учаскеге келіп дауыс беріп, өз таңдауымды жасадым. Мемлекет басшысы өз үндеуінде айтқан, бүгінгі күн – тарихи белес.

Құрылтайға желкенмен жүзіп келді

Облыста сайлау өте қызық өтіп жатыр. Мәселен, Қонаев қаласында алты спортшы Қапшағай су қоймасын желкенді қайықпен жүзіп өтіп, жаңартылған №5 қалалық жағажайдағы дауыс беру орнына келді. Желкендеріне «Құрылтай – 23 тамыз» деген жазу жазған спортшылар осылайша ел үшін маңызды күнге өз үлестерін қосуды көздеген. Жағаға жеткен соң дауыс беріп, азаматтық ұстанымдарын білдірді.

Берік Құбаев, Желкенді спорт түрінен аға жаттықтырушы:

Бүгін Қазақстан үшін маңызды күн. Сол үшін мұндай сәтте шет қалуға болмайды деп есептеймін. Бүгін біз халыққа ерекше әсер сыйлау үшін қайықпен келіп дауыс беруді жөн көрдік.

Парашютші сайлау учаскесіне ұшып келді

Облыстың Іле ауданында да дауыс беру науқаны ерекше оқиғамен есте қалды. Парашютші Тимофей Меркулов ұшақтан секіріп, сайлау учаскесінің маңына сәтті қонды. Спортшы бұл әрекеті арқылы Құрылтай сайлауына көпшіліктің назарын аударуды көздеген. Күтпеген көрініс жиналған жұрттың қызығушылығын тудырып, ерекше сәттің куәсі болды.


Бөлісу