Басты Жаңалықтар Бельгияда 100-ге жуық отандасымыз дауыс береді

Бельгияда 100-ге жуық отандасымыз дауыс береді

Еуропадағы қазақстандықтар да сайлауға белсене қатысып жатыр. Қарт құрлықтың астанасы, Бельгияның бас қаласы Брюссельде бүгін  жүзге жуық отандасымыз дауыс береді. Сайлау учаскесі Брюссель қаласындағы Қазақстан елшілігінің ғимаратында орналасқан. Қазір сол жерден тілшіміз Нұрсұлу Қасым бізбен байланысқа шықты. Нұрсұлу, Бельгиядағы отандастарымыздың көңіл-күйі қалай?

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Бельгиядағы Отандастарымыздың көңіл-күйі көтеріңкі. Қазақстандықтар сайлау учаскесіне таңғы сағат 7-ден ағылып келіп жатыр. Дауыс беруге жерлестеріміз Брюссельден 100, 200 шақырым жердегі қалалардан, көршілес Люксембург мемлекетінен келуде. Жастар ұлттық киімдерін киіп, ерекше белсенділік танытуда. Өмірінде тұңғыш рет дауыс берген және саяси науқан туған күнімен тұспа-тұс келген студенттерге естелікке ұлттық кәдесый табысталды. Жас сайлаушылардың пікірін бірге тыңдайық.

Аружан Рахымбекова, студент:

Мен жақында 18-ге толып, бүгін тұңғыш рет дауыс беріп тұрмын. Мен үшін бұл үлкен жауапкершілік. Қазір мен инженерия мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Болашақта осы білімімді елімнің дамуына жұмсағым келеді.

Әлібек  Дүйсенбек, студент:

Сайлауға қатысу-азаматтық парызымыз. Президент Қ. Тоқаевтың тапсырмасымен, жастардың шетелде білім алуына Қазақстанда көп мүмкіндік жасалып жатыр. Біз шетелде жиған тәжірибемізді еліміздің дамуына жұмсаймыз.

Бельгиядағы елшілік сайлауға келген қандастарымызға арнап, кең дастархан жайған. Елді сағынған жерлестеріміз ұлттық тағамдардан дәм татып, арқа- жарқа болып жатыр. Ата анасы дауыс беріп жатқанда балалар сурет салып, Тоғызқұмалақ ойнап мәре-сәре болуда. Бүгін осы жерден дауыс беруге жүзге жуық азамат тіркелген. Учаске жабылғанша, барлық азаматтар өз таңдауын жасап үлгереді деген сенімдеміз!

Бөлісу