Шанхай ынтымақтастығы ұйымы - халықаралық аренадағы ең тиімді әрі беделді бірлестіктердің бірі. Бішкектегі саммитте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымға осындай баға берді. Ұйымның 19-отырысына қатысқан қазақ басшысы бірнеше бастама ұсынды. Мәселен, қоршаған ортаны қорғау мақсатында ұйымға мүше мемлекеттерді елордадағы халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығымен әріптестік орнатуға шақырды. Ал көлік-транзиттік альянс құру үшін бақылаушы мемлекеттерді Нұр-Сұлтан қаласында өтетін теміржол компаниялары жетекшілерінің екінші кездесуіне қатысуға шақырды. Президенттің Бішкектегі өзге де бастамалары жайлы әріптесім Альбина Әшім әңгімелейді.
Ұйымға төрағалық еткен Қырғыз елі бір жылдық жұмыстың қорытындысын шығару үшін он бір мемлекет президенттері мен премьер-министрлерінің басын қосты.
Сооронбай Жээнбеков мәртебелі меймандарды әліпбидегі әріптердің реті бойынша қарсы алды. Осы тәртіпке сай Қазақстан Президенті екінші болып кірді.
Альбина Әшім, тілші:
Ала-арча өзенінің атауымен аталған президент резиденциясында мәртебелі меймандарды күтуге арналған алты үй, үш қонақүй, сондай-ақ қырғыз басшысының резиденциясы да орналасқан. Айта кетейік, бұған дейін он жылдай жөндеу көрмеген ғимараттар саммит қарсаңында толығымен жаңартылған екен.
Жөндеуден кейін есігін ашқан шағын құрамдағы отырыс үшін арналған бөлме толығымен таза қағаздай әппақ. Мұның өзіндік бір белгісі бар. Бұл жерде бірыңғай маңызды келіссөздер жүргізіледі. Сондай-ақ ұйымның отырысына тұңғыш рет Үндістан мен Пәкістан басшылары қатысып жатыр. Қазақстан үшін де бұл саммиттің орны бөлек.
Кеңейтілген құрамдағы отырыс та жаңартылған бөлмеде өтті. Басты келіссөздер үшін арналған үстел басында бұрын қырық екі адам отырса, бұл жолы он орын қосылған. Өйткені Шанхай ынтымақтастық ұйымы мүшелерінің саны жыл сайын артып келеді. Отырысқа алғаш рет қатысқан Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ елінің ұстанымын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан әлемде қалыптасқан таптаурындарды бұзып, ашықтық және теңқұқықтық әріптестік орнату қағидаттарын ұстанады. Мәселен, Еуразиялық экономикалық одақ, АСЕАН, БРИКС пен Еуроодақ ШЫҰ-ның сенімді серіктестері бола алады. Сондай-ақ экономикалық өсімнің тежеліп, әлемдік нарықтағы қаржылық тұрақсыздықты ескере отырып, ШЫҰ-ның экономикалық әлеуетін ұтымды пайдалануға болады. Бұл бағыттағы сегізжақты әріптестікті орнатарда Еуразиялық қаржылық кеңестік механизмдерден үлгі алуға болады. Бұл құрал күн тәртібіндегі экономикалық мәселелерді шешуге мүмкіндік берер еді.
Экономикалық бағыттан бөлек қазақ басшысы аймақтағы тұрақтылыққа да баса мән берді. Қасым-Жомарт Тоқаев ақпараттық қауіпсіздік бойынша ұйым жанынан орталық құруды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
ШЫҰ-ның серіктес мемлекеті Шри-Ланкада биыл сәуір айында болған лаңкестік оқиғалар Қазақстанның БҰҰ қамқорлығымен жаһандық лаңкестікке қарсы одақ құру жөніндегі бастамасы дер кезінде көтерілгенін көрсетеді. Лаңкестік мәселесі әлемдік желіде де белең алып барады және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қосымша әрекеттер қажет. Егер ақпараттық қауіпсіздік бойынша орталық ұйымның ақпараттық кеңістігін қорғауға үлкен сеп болар еді. Бұл бастаманы алға ілгерілету міндетін ШЫҰ-ның аймақтық лаңкестікке қарсы құрылымының кеңесі өз мойнына ала алады.
Кез-келген жиында қоршаған ортаны қорғау мәселесін қозғап жүретін Қ.Тоқаев бұл жолы да осы ұстанымынан таймады. Қазақ басшысы әріптестерін осы салада әріптестік орнату үшін арнайы алаң құруды ұсынды. Ал Сириядағы дағдарысты жоюды көздеген тәжірибелі алаң "Астана процесі" жұмысын жалғастыра береді. Қарулы қақтығыстар Ресей президенті Владимир Путиннің де назарында. Ауғанстандағы ахуалды оңалту үшін алдымен заңсыз қару-жарақ саудасын бірлесіп тоқтату керек, - дейді Ресей тарапы.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:
Ұйымның басты бағыттарының бірі болып терроризммен, экстремизммен күрес болып қала береді. Сондықтан ШЫҰ-ның Аймақтық лаңкестікке қарсы қызметі аясында әріптестікті нығайту маңызды деп есептейміз. Лаңкестердің есірткі саудасы арқылы қаржыландырылуына тосқауыл қойып, химиялық, биологиялық, жалпы кез-келген қару-жарақтың олардың қолдарына түсуін болдырмау керек.
Қырғызстан бір жыл ішінде түрлі деңгейдегі ондаған шара өткізді. Олардың ішіндегі ең маңыздысы әрі салмақтысы – бейбітшілік, қауіпсіздік пен тұрақтылықты желеу еткен БҰҰ-мен бірлесіп ұйымдастырған шара. Отырыста қырғыз басшысы ШЫҰ-ның күн тәртібі БҰҰ-мен ұқсастығын атап өтті. Өйткені екі ұйымның да көздеген басты мақсаты: қауіпсіздік пен тұрақтылық.
Сооронбай Жээнбеков, Қырғыз Республикасының президенті:
Экономикалық қылмыстар трансұлттық сипаттамаға ие болғандықтан, есірткі саудасымен, көлеңкелі бизнеспен тікелей байланыста. Бұл мемлекеттерге үлкен қауіп тудырып отыр. Сондықтан қырғыздар тарапы ШЫҰ жанынан экономикалық қылмыстармен күресетін орган құруды ұсынады.
Өткен жылы Циндао саммитінде он жеті құжатқа қол қойылған еді. Ұйымның басты бағыттары бойынша жұмыс белсенді жүргізілді. Бір жылғы еңбектің нәтижесін мемлекеттер маңызды он төрт құжатқа қол қоюмен шығарды. Олардың ішіндегі ең бастысы- Бішкек декларациясы. Барлық ұйымға мүше және бақылаушы мемлекеттердің ұсыныстары осы құжатта көрініс тапты.
Құрамы мен тұрпаты жаңарған ШЫҰ әлемге қарым-қатынастың өзіндік үлгісін ұсынып отыр. Әр мемлекеттің өз ұстанымы бар. Ал ашықтық пен ортақ мақсаттар ынтымақтастықтың артуына, салмақты шешімдердің қабылдануына сеп болып отыр. Сондықтан «Шанхай сегіздігі» өзге де алпауыт ұйымдар олармен серіктес болуға мүдделі болатынына сенімді.
Альбина ӘШІМ