Басты Жаңалықтар 2 мыңдай әлеуметтік қызметкер біліктілігін арттырды

2 мыңдай әлеуметтік қызметкер біліктілігін арттырды

Биыл 2 мыңға жуық әлеуметтік қызметкер арнайы курстан өтіп, біліктілігін арттырды. Сондай-ақ мамандардың электрондық тізілімі жасақталды. Онда қызметкерлердің жеке деректері, білімі, кәсіби біліктілігі мен еңбек өтілі туралы ақпарат бар. Портал арқылы қамқорлыққа зәру жандар өздеріне қажетті маманды еркін таңдай алады.

Әлеуметтік қызметкер Гүлбану Хамибуллақызы бес жылға жуық арнайы күтімді қажет ететін балалармен жұмыс істейді. Мақсатым – бүлдіршіндерді қоршаған ортаға бейімдеп, өз-өзіне қызмет ету дағдыларын қалыптастыруды үйрету, - дейді маман.

Гүлбану Хамибуллақызы, әлеуметтік қызметкер:

Бұл балалармен көп жұмыс істеймін. Балалардың көңіл-күйі, жағдайы, не ұнайды, не ұнамайтынын жақсы түсіне бастадым. Жұмысымды сүйіп істейтіндіктен, бұл жұмыс маған қиындық келтірмейді. Керісінше, осы балалармен жұмыс істегенде кішкентай болсын пайдам тигеніне өте қуанып кетемін.

Бүгінде халықты әлеуметтік қорғау саласында 40 мың адам жұмыс істейді. Олар әлеуметтік қызметкер, медицина маманы, арнайы педагог деп бөлінеді. Ал республика бойынша 12 мыңнан аса әлеуметтік қызметкер бар. Соның ішінде биыл 2 мыңнан астам маман арнайы курстан өтіп, біліктілік санаттарын алды.

Әсем Ещанова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі департаментінің бас сарапшысы:

Әлеуметтік жұмыскерлердің өз талаптары бар. Өз мәртебесі бар. Олардың ең бастысы жалақысын көтеру жұмыстары, 2021 жылдан бастап бүгінгі таңға дейін 20-30 пайызға әлеуметтік жұмыскерлердің жалақысы көтеріліп жатыр.

Мамандар: «Әлеуметтік қызметкердің көмегіне жүгінетін жандардың жағдайы әртүрлі. Сондықтан олар тағдырдың қиындығымен бетпе-бет келген адамдарға жан-жақты қолдау көрсетіп, демеу болуы тиіс», - дейді.



Бөлісу