АҚШ-тағы «Кремний алқабында» екі елдің қауымдастығы құрылды
Сан-Франциско мэриясы Қазақстанның көк байрағының түсіне боялды. АҚШ-тағы ең бай қуатты қалалардың бірі Республика күні мерекесіне арнап құрмет көрсетті. Шаһар басшысы Дэниел Лурье қазақ дипломаттары мен диаспора өкілдерін мэрияға арайын шақырып, салтанатты шара өткізді. Сондай-ақ дәл осы күні Кремний алқабында Nomad Bridge атты екі елдің қауымдастығы құрылды. .
120 жылдық тарихы бар бұл ғимарат – Сан Францисконың ең көрікті жерлерінің бірі. Күндіз-түні турист толастамайтын нысанда Қазақстан туы салтанатты түрде көтерілді. Қала мэрі екі елдің достық байланысының құрметіне осындай шара ұйымдастырған.
Пенни Коултер, Сан Франциско мэрі:
Қазақтың туы маған халық пен ел жайлы жазылған өлең секілді сезіледі. Мата емес, естеліктер мен идеялардан, болашаққа деген көзқарастан тоқылған өлең. Біз бүгін құрмет көрсетіп отырған елдің абыройы мен ар-намысы жайлы өлең. Тудың өрісі «көк» түске боялған, ал «көк» сөзі қазақ тілінде әрі аспанды, әрі көкті білдіреді. Бұл түс – мыңдаған жылдар бойы қазақ халқы мекен еткен ұлы дала аспанын бейнелейді. Қазақтың бір мақалы бар: «Көңілі кеңнің – аспаны да кең». Бұл елдің кеңпейілдігі, батырлығы мен сұлулығы сол мәңгі аспандай. Тудағы қошқар мүйіз өрнегі – 1990 жылы құрылған қазіргі мемлекетті ежелгі дала бабаларымен байланыстыратын жіптей.
Сан-Францискода қазақ туын көтеру рәсімі соңғы бірер жыл тұрақты ұйымдастырлып келеді. Бұған екі жақты сан саладағы байланыстардың кеңейе түскені себеп. Әлемдегі ең алпауыт технологиялық компаниялар орналасқан Кремний алқабы арқылы бизнесін ғаламдық деңгейге шығарғысы келетін отандық кәсіпкерлердің қатары көбейді.
Назира Нұрбаева, Сан Францискодағы ҚР Бас консулы:
Соңғы алты айда Сан Францискоға Қазақстаннан үш үлкен делегация келді. Үлкен жұмыс жүргізіп жатыр. Жалпы Америка нарығы Қазақстан компанияларына өте маңызды нарық. Калифорния штатының өзі экономикасы мен ЖІӨ жағынан әлемде төртінші орында.
Мұндағы қазақтар үшін Республика күні тағы бір ерекше шарамен есте қалатын болды. Алғаш рет Кремний алқабында Қазақ-Американ қауымдастығы құрылды. Ұйым мүшелері енді Солтүстік Калифорния жұртына ұлттың дәстүрін, өнері мен тілін таныстыратын қазақ мәдениетінің елшілері болмақ.
Даниел Чанг, Сан-Хосе қаласының тұрғыны:
Бұл іс-шарада маған ұнаған бір нәрсе, қазақ қауымдастығының рухын сезіндім, барлығы өте қонақжай және достық шырайлы, ұмытылмас керемет шара болды.
Ассоциацияның басты мақсаты – қазақ отбасыларын біріктіру, ұлттық дәстүріміз бен тілімізді сақтап, келешек ұрпақтарға жеткізу.
Кешке жиналған жұрт ұлттық дастарханнан дәм татып, қазақтың күйі мен әнін тыңдап биін тамашалады. Түрлі салт дәстүр рәсімдерімен де танысты. Қауымдастық көп ұзамай қазақ тілі үйірмесін ашып, Сан Францискода қазақ киносының апталығын өткізбек. Ал кешқұрым қала мэриясы ғимаратын көк шамдар арқылы қазақ туының түсімен көмкеріп, республика күніне тағы бір тарту жасады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы