Эфиопияда апатқа ұшыраған жолаушылар ұшағының «қара жәшігі» табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Эфиопияда апатқа ұшыраған жолаушылар ұшағының «қара жәшігі» табылды

11.03.2019

Ал, әлемнің бірнеше елі дәл осындай Boeing-терді жерге қондырып, олардың әуеге көтерілуіне тыйым салып үлгерді. Африкалық мемлекетте лайнер құлағанда 157 адам қаза тапқан. Олар дүниежүзінің ондаған мемлекетінің азаматтары еді.

«Ethiopian Airlines» әуе компаниясының жексенбілік рейсі Аддис-Абебадан Кения астанасы Найробиге бағыт алған. Boeing 737 MAX ұшағы таңғы сағат 8:38-де көкке көтерілді. Алайда, лайнер 6 минуттан соң диспетчерлік орталықпен байланысты жоғалтты. Ол ел астанасы Аддис-Абебадан шамамен 45 шақырым жердегі Бишофту қаласының маңайына құлаған. Ұшақ бортындағы 149 жолаушы мен 8 экипаж мүшесі түгел қаза тапты. Апатқа байланысты Эфиопия премьер-министрі Абий Ахмед жергілікті арнадан сөз сөйлеп, халыққа көңіл айтты.

Абий Ахмед, Эфиопия премьер-министрі:

- Эфиопия Федералдық Демократиялық Республикасы құрбандардың туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады. Одан төбемізге жай түскендей күй кешіп отырмыз. Үлкен трагедия.

Ал, апат орнында құтқарушылар әлі де жұмыс істеп жатыр. Ұшақтың сынған қалдықтары мен жолаушылардың заттары бірнеше шақырым жерге шашылып, олардың біразы жанып кеткен. Сондай-ақ, ұшақтың «қара жәшігі» табылды. Оны мамандар зерттеуге алып кетті. Әуе компаниясы өкілінің айтуынша, жолы болмаған лайнерді 8 мың сағат ұшқан өте тәжірибелі пилот басқарған. Ал, ұшақ бортында кемінде 35 мемлекеттің азаматтары болыпты. Әзірге апатқа не себеп болғаны белгісіз. Дегенмен, бұл рейске үлгермей, аман қалған жолаушылар да баршылық.

Ахмед Халид, құлаған ұшаққа үлгермеген жолаушы:

- Менің рейсім Дубайдан Аддис-Абебаға, содан кейін Найробиге еді. Бірақ мен Дубайдан Эфиопияға уақытында жете алмағандықтан, бұл ұшаққа отырып үлгермедім.

Boeing 737 MAX 8 маркалы ұшақ әлемде алғаш рет 2016 жылы қаңтарда қолданысқа берілген. Ал, соңғы бес айда ол осымен екінші рет апатқа ұшырап отыр. Былтыр қазан айында дәл осындай үлгідегі әуе кемесі Индонезиядағы Ява теңізіне құлап, 189 адам мерт болды. Сондықтан оның ұшуына бүгін Эфиопиямен бірге Индонезия мен Қытай да уақытша тыйым салып отыр.

Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу