Венесуэла президенті мерзімінен бұрын сайлау өткізуден бас тартты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Венесуэла президенті мерзімінен бұрын сайлау өткізуден бас тартты

04.02.2019

Венесуэла президенті Николас Мадуро Еуропаның бірнеше елінің «мерзімінен бұрын сайлау өткіз» деген ульитиматумын орындаудан бас тартты. Сонымен бірге, ол елдегі саяси дағдарыстың азаматтық соғысқа ұласып кетуі мүмкін екенін ескертті. Айта кетсек, өткен аптада Испания, Германия, Ұлыбритания, Франция, Нидерланды, Португалия, Австрия үкіметтері Мадуро сегіз күннің ішінде сайлау датасын анықтамаса, оппозиция лидері Хуан Гуайдоның билігін мойындайтынын мәлімдеді. Осыған дейін Гуайдоны Латын Америкасы елдерінің басым бөлігі, АҚШ, Канада  Венесуэланың уақытша басшысы деп таныды. Ал, Мадуроны Қытай, Ресей, Иран, Түркия, Куба қолдап отыр.

Өткен тәулікте Венесуэлада президентке қарсы жалпыхалықтық шеру өтіп, оған оппозицияның сан мың жақтасы қатысты. Олар Мадуродан биліктен кетуді талап етті. Сонымен қатар, президенттің қолдаушылары да жаппай көшеге шыққан.

Венесуэлада инфляция деңгейі биыл 10 миллион пайызға жетеді деген болжам бар. Бұған қоса, елде азық-түлік пен дәрі-дәрмек тапшы. Экономикалық дағдарыс кесірінен шетелге миллиондаған адам қашқан. Мадуро бұл проблемалар үшін АҚШ пен оның одақтастарын айыптап келеді. Алайда, қарсы жақтың ойынша, Венесуэла экономикасының күйреуіне тиімсіз социалистік басқару жүйесі мен коррупция кінәлі.

Арыстан РЫСБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу