Венесуэлада президент Николас Мадуроның билігіне қарсы жалпыхалықтық шеру өтті. Оған оппозицияның ондаған мың жақтасы шықты. Мұндай демонстрациялар Боготада, Буэнос-Айресте, Лимада, Мадридте де өткен. Қаңтардың 23-де Венесуэла Ұлттық Ассамблеясының төрағасы Хуан Гуайдо өзін уақытша президент деп жариялады. Қазір оның қолдаушылары Мадуродан қызметтен кетуді талап етіп жатыр.
Гуайдоның билігін Латын Америкасы елдерінің басым бөлігі, АҚШ, Канада, Еуропа одағының бірқатар мемлекеттері мойындады. Ал, Мадуроны Қытай, Ресей, Иран, Түркия, Куба қолдап отыр.
Венесуэлада инфляция деңгейі биыл 10 миллион пайызға жетеді деген болжам бар. Сондай-ақ, елде азық-түлік пен дәрі-дәрмек тапшы. Экономикалық дағдарыс кесірінен шетелге миллиондаған адам қашқан. Алайда, Мадуроның өзі мұның бәріне АҚШ кінәлі деп есептейді. Вашингтон болса, Венесуэладағы жағдайдың мұнша қиындауына социалистік үкіметтің тиімсіз басқару жүйесі себепші деген пікірде.
Арыстан РЫСБЕК
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.