Парижде мұражайлар мен туристік орындар жабылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Парижде мұражайлар мен туристік орындар жабылады

07.12.2018

Франция ертең басталатын ауқымды наразылық акциясына әзірленіп жатыр. Сенбі күні Парижде ондаған мұражай мен туристік орындар жабылады. Олардың қатарында Эйфель мұнарасы мен Лувр да бар. Ал, қаладағы тәртіпті қадағалауға 89 мың полицей жіберіледі. Солардың 8 мыңы Париж көшелеріне шықпақ. Бұған қоса, үкімет қауіпсіздік күштеріне көмек ретінде оншақты БТР жіберейін деп отыр.

Францияда «Сары кеудешелер» қозғалысының шерулері қарашаның 17-сінде басталды. Содан бергі қақтығыстардан 4 адам қаза тауып, 130-дан астамы жараланған. Демонстранттардың жанармай салығын көтермеу туралы талабын үкімет орындауға келісті. Қазір шерушілер билікке тағы 40 шақты талап қойып отыр. Олардың қатарында тұрғын үй заңы мен салық жүйесін өзгерту, білім мен денсаулық сақтау және мемлекеттік қаржыландыру салаларында реформа жүргізу сияқты ұсыныстар бар.

Арыстан РЫСБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

 

Хабарламаларға жазылу