Қытайда 80 млн-дай адам ит пен мысық асырайды
Қытайда ит пен мысық асырайтындар көбейді. Көбейгені соншалық жеке нарық қалыптасқан. Ал ондағы қаражат айналымы биыл 43 миллиард АҚШ доллардан асты. Ел билігі мұны өз алдына бөлек сала ретінде қарастырып отыр. Бүгінде үй жануарларын бағып отырған жастар көбейген. Олар бала туып, перзент сүйгеннен гөрі ит асырағанды дұрыс көреді. Оның да өз себебі бар. Қытайдағы тілшіміз Айгерім Ермұханқызы тарқатып айтады.
Қытайда 80 миллионға жуық адам ит пен мысық асырайды. 2025 жылы жүргізілген статистикаға сәйкес, олар 126 миллионға тарта үй жануарын бағып отыр. Бұл - елдегі 4 жасқа дейінгі балалардың санынан көп көрсеткіш. Бүтін бір индустрия қалыптасқан. Клондаудан бастап қызмет көрсету орталықтарына дейін жұмыс істейді.
Әйгерім Ермұханқызы, тілші:
Мәселен, мына жер мысықтарға арналған шағын қонақүй. Қараңыз мұнда шамамен 15-20 шақты мысық ұйықтап жатыр. Бұл жердегі мамандар қожайындары тамақтанып, дүкен аралап шыққанша әртүрлі қызмет көрсетеді. Ақшасын төлесең, жуындырып, жүнін қырқып сәндеп те береді. Қып-қызыл бизнес.
Қонақүйлер мен арнайы орталықтарда иттерді дене тұрқына қарай екіге бөледі. Қызмет көрсету құны да соған байланысты. Тәулігіне 14 мың теңгеден басталады. Қытайда иттерді кәсіби күтіп-баптауды үйрететін арнайы оқу орындары да бар. Сяо Ли сондай білім ошақтарының бірін тәмамдаған маман. Ол SPA кешенінде 3 жылдан бері жұмыс істейді.
Сяо Ли, ит пен мысыққа арналған SPA орталығының қызметкері:
Ит күтімінің өз тәсілі бар. Бір итке қызмет көрсетуге 1,5 - 2 сағаттай уақыт жұмсалады. Алдымен жуындырамыз. Сосын жылыту аппаратында 15-20 минут ұстаймыз. Үстін кептіріп, құлағы тазаланады. Ал тамақ кесте бойынша беріледі. Қожайыны қаласа, оған иммунитет көтеретін дәрумендер қосылады. Ит асырау бала бағумен бірдей.
Қарт адамдар оларды көмекші көрсе, енді бірі ермек үшін пайдаланады. Оларға жайлы жағдай жасауға ерекше мән береді. Күйі болмаса, ойнатып күтімін келтіретін арнайы адамдарды үйге алдыратындар бар. Кейінгі кезде қызметтің бұл түріне сұраныс артқан.
Чжан Сюй, Бейжің тұрғыны:
Иті бар адам басқаларға қарағанда 66 пайызға көп қозғалады. Бірге тұрақты серуенге шығады. Бұл денсаулыққа өте пайдалы. Мен итімді отбасы мүшесіндей көремін. Бізбен тең құқылы деп қадірлейміз. Үйінде 4-5 итке дейін асырайтын таныстарым бар.
Ян Дэнхуэй, үйде қызмет көрсететін компания директорының орынбасары:
Біз күніне 20-25 итті ғана қабылдай аламыз. Кейбір қожайындар олардың ұзақ уақыт торда отырғанын қаламайды. Бір мезгіл серуендеп, тамағын талғаммен беруді талап етеді. Қазір үйде қызмет көрсетуге сұраныс артып келеді. Мереке күндері сұраныс 300 пайызға дейін артады.
Иттердің құны тұқымына қарай бағаланады. Қытайлар ұнатса, бір ит үшін миллиондап ақша төлеуге дайын. Ал оларды күтіп-баптауға кететін шығын бұдан бірнеше есе көп шығады. Ел жастары балалы болудан гөрі ит немесе мысық асырағанды дұрыс көреді. Әсіресе 1990 және 2000 жылдар аралығында туған азаматтар аса құмар. Мамандардың айтуынша, бұған 1980 жылдары қабылданған «Бір отбасыға бір бала» саясаты тікелей әсер еткен. Оның үстіне Қытайда балаға білім беру, тәрбиелеп жеткізу уақыт пен көп қаржыны талап етеді. Баспана мәселесі де өзекті.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы