Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер енгізу туралы» Заң қабылданды.
Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың айтуынша, 2014 жылғы республикалық бюджеттің кірістері 3 триллион 940 миллиард 400 миллион теңгеге бағаланып отыр.
Экономикаға қолайсыз факторларға тосқауыл қою, бюджеттің теңгерімдігін қамтамасыз ету. Басты мақсат - осы.
Жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі 104,3 пайыз деңгейінде. Заң жобасы бойынша, 2014 жылға арналған республикалық бюджеттің түсімдерінде Ұлттық қордан қосымша 325 миллиард теңге нысаналы трансферт бөлу көрсетілген.
Биылғы жылға арналған республикалық бюджеттің шығыстары 65,5 миллиард теңгеге ұлғайтылды.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:
Бюджеттің кіріс бөлігіндегі 420 миллиард теңге көлеміндегі шығындарды жабу мақсатында 260 миллард теңгеге шығыстарды қысқарту және бюджеттің тапшылығын 164 миллиард теңгеге ұлғайту жүргізілді.
Сондай-ақ, отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы бірінші оқылымда тыңдалып, құжат екінші оқылымға әзірленуге жіберілді.
Заң бойынша, көпбалалы отбасылар мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алғанға дейін олардың кезегін сақтау, бейбіт уақытта әскери қызмет міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан әскери қызметшінің отбасы мүшелеріне мемлекеттік тұрғын үй қорынан меншікке ақысыз тұрғын үй алу құқығын беру бойынша ұсыныс бар.
Сенатор Қуаныш Айтаханов үшемді дүниеге әкелген аналарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана кезексіз берілуі керек, деп есептейтінін айтты.
Жалпы отырыста жанармай тапшылығы да көтерілді.
Қуаныш Айтаханов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Мұнай бағасының құлдырауына байланысты әлем бойынша бензин бағасы арзандауда. Өкінішке қарай, біздің елде керісінше, қымбаттап жатыр. Мұның себебі неде?
Бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, нарықта 1,5-1,9 миллион тоннаға жуық тапшылық бар.
Зауыттардан шығатын өнім ішкі сұранысты толығымен жаппайды. Сондықтан, бүгінгі күнге дейін біз қосымша өнімді Ресейден алып келгенбіз.
Бағасы жағынан қарайтын болсақ, біздің ішкі нарық пен Ресейді салыстырсақ, 20-30 теңге айырмашылық бар. Яғни, бізде баға төмен.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:
Қазір жетпей отырған бензинді «ҚазМұнайГаз» өз қаражатына әкеліп отыр. Мұндай жағдайда «ҚазМұнайГаздың» шығыны одан сайын көбейетін болады. Сол себепті, қазір алғашқы қабылданған формула бойынша жұмыс жасап отырмыз.
Үкімет басшысының бірінші орынбасары алдағы уақытта бұл мәселені тағы талқылап, осы формуланы өзгертуді қарастыратынын жеткізді.
Қазіргі таңда Ресеймен ғана емес, Әзірбайжан, Беларусь, Қытаймен де келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Индира БЕГАЙДАР