Басты Жаңалықтар Атырауда Халықаралық шахмат турнирі басталды

Атырауда Халықаралық шахмат турнирі басталды

Атырауда халықаралық Atyrau Open 2026 шахмат турнирі басталды. Әлемнің 23 елінен келген 200-ден астам шахматшы өзара мықтыны анықтайды. Ауқымды дода - классикалық шахматтан Қазақстан кубогының үшінші кезеңі. Жарысқа шетелдік гроссмейстерлер мен Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері де қатысып жатыр.

Турнир Masters және Open санаттары бойынша ұйымдастырылған. Шахмат тақтасы басында Қазақстан, Үндістан, Өзбекстан, Қытай, Иран, Вьетнам және өзге де мемлекеттердің өкілдері бас қосты. Байрақты дода қазақстандық шахматшыларға FIDE рейтингін көтеріп, Қазақстан кубогының финалына жолдама алуға мүмкіндік береді.

Дәрмен Сәдуақасов, Қазақстан Шахмат федерациясының бірінші вице-президенті:

Бұл — қазақстандық спортшылар үшін жоғары деңгейде бақ сынап, халықаралық шебер немесе халықаралық гроссмейстер нормативтерін орындауға, сондай-ақ халықаралық рейтингтерін көтеруге тамаша мүмкіндік.

Қатысушылар қатарында атыраулық 17 жастағы Зарина Нұрғалиева да бар. Ол шахматпен 6 жылдан бері айналысады. Жас спортшының жетістіктері де аз емес. Әйелдер арасында Қазақстан чемпионы атанып, дүниежүзілік шахмат олимпиадасында күміс жүлдеге қол жеткізген.

Зарина Нұрғалиева, шахматшы:

Атырауда осындай ауқымды турнирлердің өтіп жатқанына өте қуаныштымын. Қаламызда шахмат спорты бұдан әрі де дами түседі деп үміттенемін. Жақсы нәтиже көрсету үшін бар күшімді саламын. Қарсыластарымның барлығы өте мықты деп ойлаймын.

Atyrau Open аясында негізгі ойындармен қатар, сегіз күн бойы шеберлік сабақтары мен семинарлар өткізіледі. Бұл қатысушылардың тәжірибе алмасып, кәсіби шеберлігін шыңдауына жол ашады. Халықаралық турнир 20 қазанға дейін жалғасады.

Бөлісу