Басты Жаңалықтар Әлем жаңалықтарына шолу

Әлем жаңалықтарына шолу

Израиль-Ливан шекарасында снаряд жарылып, 14 жасар оқушы қаза тапты. Тағы ондағаны жараланған. Зардап шеккендердің көбі – балалар. Айта кетсек, бұл ауданда Израиль мен ливандық «Хезболла» арасында ұзаққа созылған соғыстан қалған талай жарылғыш зат жатуы мүмкін.

Cауд Арабиясының астанасы әр-Риядтың Король Халид атындағы халықаралық әуежайы сенбіге дейін жабық болады. Сонымен қатар мұнда барлық ұшақ сапарлары доғарылып жатыр. Айта кетсек, бұл авиациялық портқа йемендік хуситтер сенбіден бері екі мәрте шабуыл жасап, 14 адамды мерт қылып, 320-ға жуығын жаралады.

Бүгін Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласының супермаркетінде ер адам 8 тұрғынды пышақпен жаралады. Соңғы мәліметке қарағанда, көп кешікпей қаскөй тұтқындалып, қамауға алынған. Зардап шеккендердің алтауы – әйел. Кейбір мәліметтерге қарағанда, 20 жастағы қыздың жүрегі тоқтап қалған. Шабуылшының мұндай әрекетке неліктен барғаны белгісіз. Қазір тергеу жүріп жатыр.

Францияда жүздеген супермаркетке кибершабуыл жасалып, тоңазытқыштар мен мұздатқыштардағы температура 50 градусқа дейін жоғарылап кеткен. Соның салдарынан миллиондаған еуроның азық-түлігі жарамсыз болып қалды. Франция прокуратурасы киберқылмысқа қатысты тергеу басталғанын мәлімдеп отыр.

Бөлісу