Басты Жаңалықтар «Алтын виза» енгізіледі: Құрылтай көші-қон заңнамасын жетілдіруге кірісті

«Алтын виза» енгізіледі: Құрылтай көші-қон заңнамасын жетілдіруге кірісті

Құрылтай көші-қон заңнамасын жетілдіруге кірісті. Депуттар арнайы жұмыс тобын құрып, шетелдіктерге біздің елде квотасыз жұмыс істеуге мүмкіндік беретін «Алтын визаны» енгізу жайын талқылады. Ол сырттан келгендердің бәріне емес, тек еңбек нарығында тапшы мамандарға беріледі. Бұған қоса, өндіріс немесе инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыратын шетелдік инвесторлар да пайдалана алады. «Алтын визасы» бар тұлғалар жеке табыс салығынан, сондай-ақ мүлік пен жер салығынан босатылады, мемлекеттік гранттарға қатыса алады. Яғни мемлекет маманға жағдай жасайды, бірақ олардың біздің елге берері болуы тиіс. 

Ләззәт Жылқыбаева, ҚР Құрылтай депутаты:

Бұл жерде айта кететін басты мәселе бұл жөн-жосықсыз шетелдіктерге рұқсат беру деген сөз емес, бұл керісінше қызмет көрсетуді оңтайландыру мәселесі. Нәтижесінде еліміздің экономикасының дамуына ықпал ететін шетелдік инвесторлардың келуіне ықпал жасаймыз.  

Қазір әлемде таланттар үшін талас күшейген. Әсіресе ЕуроОдақ елдерінде. Олар «Ғылым үшін Еуропаны таңда!» деген арнайы бағдарлама да әзірлеген. Бұған 500 млн еуро бөлінген. Ал Біріккен Араб Әмірліктері үздік мамандарды шақыруға одан да ерте қамданған. 2019 жылдан бастап «Алтын виза» бағдарламасын енгізді. Экономист-сарапшы Абдулрахим Абдулвахидтің айтуынша, бағдарлама елдің ұзақ мерзімді экономикалық даму стратегиясының негізгі тірегіне айналған. Табысты тұлғалардан бөлек, ІТ, Жасанды интеллект пен медицина саласындағы тіс қаққан мамандар Дубайдың даму үдерісін жеделдеткен.

Абдулрахим Абдулвахид, экономист:

Соның нәтижесінде стартаптар саны артты, венчурлық инвестициялар көбейді және халықаралық компаниялардың өңірлік штаб-пәтерлері ашыла бастады. Жеке табыс салығының болмауы, ұзақ мерзімді тұрақтылық және Азия, Еуропа, Африка арасындағы тиімді географиялық орналасу — қаланың Лондон, Сингапур және Гонконг сияқты ірі орталықтармен тең деңгейде бәсекелесуіне мүмкіндік берді.

Қазақстанның білікті мамандарды тарту үшін көші-қон саясатын жаңартуға кіріскені де содан. Алтын визаны алғандар белгілі бір компанияда, ұйымдарда жұмыс істеп қана қоймай, жергілікті кадрларға білгенін үйретіп, тәжірибе бөлісуге міндетті болады.

Бөлісу