Түркия АҚШ-тан жеткізілетін тауарларға баж салығын өсіреді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркия АҚШ-тан жеткізілетін тауарларға баж салығын өсіреді

15.08.2018

Ел Президенті Режеп Тайып Ердоған бүгін осындай жарлыққа қол қойды. Шектеуге сай, Құрама Штаттардан Түркияға әкелінетін автокөліктерге тариф 120 пайызға, алкогольдік өнімдерге 140, ал, темекі өнімдеріне 60 пайызға көтеріледі. Косметика, күріш пен көмірге салық көлемі де жоғарыламақ. Сонымен бірге, Ердоған кеше АҚШ-тың электронды өнімдеріне бойкот жариялады. Түрік билігі АҚШ президенті Дональд Трамптың өткен аптада түрік болаты мен алюминийіне баж салығын өсіруіне орай осындай шараларға барып отыр. Вашингтонның әрекетінен кейін түрік лирасы долларға шаққанда 25 пайызға арзандады. Дегенмен, Анкара Құрама Штаттармен арадағы қатынастар әлі де қалпына келеді деп сенеді.  

Ибрахим Калын, Түркия президентінің баспасөз хатшысы:

- Құрама Штаттар әкімшілігі Түркиядағы сот жүйесін құрметтеуі тиіс. Оған мәлімдемелер жасап, қысым көрсету арқылы ықпал етуді де тоқтатуы керек. Бұлай болғанда, біздің қарым-қатынасымыз қалпына келіп, Түрік-Америка байланыстарының жаңа парағы ашылмақ.

 

Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу