Италияның Генуя қаласында көпір құлағанда қаза тапқандардың саны 38-ге жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Италияның Генуя қаласында көпір құлағанда қаза тапқандардың саны 38-ге жетті

15.08.2018

Марқұмдардың саны бұдан да көп болуы мүмкін. Өйткені, құтқару жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Оқыс оқиғаға байланысты Генуяда 15-16 тамыз аза тұту күндері етіп жарияланды. Куәгерлер көпірге найзағай түсті десе, тағы бір болжамдарға сай, конструкцияға жеткіліксіз техникалық қызмет көрсету апатқа себеп болуы мүмкін. «Моранди» атты көпірде 2016 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілген екен.

Генуя қаласында құтқарушылар автомобиль жүретін көпірдің опырылуы кезінде тірі қалғандарды іздестіріп жатыр. Елдің Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, апаттан 38 адам қаза тауып, 16-сы ауыр жарақат алған. Құрбан болғандардың арасында 8,12 және 13 жастағы үш бала бар. Болжамдарға қарағанда, үйінді астында шамамен 12 адам қалуы мүмкін. Құтқару жұмыстарына 250 маман тартылып, оларға арнайы үйретілген иттер көмектесіп жатыр.

Эмануэле Гиффи, құтқару қызметінің басшысы:

- Құтқару жұмыстарын үйіндінің көп болуы қиындатып отыр. Оның астында қалған адамдарға жету үшін алдымен механикалық операция аяқталуы тиіс. Құтқару жұмыстарының нақты қанша сағатқа созылатынын дәл айта алмайтын. Бірнеше күн бойы тынбай жұмыс істеуге дайынбыз.

Қаланың екі бөлігін жалғап тұрған көпір бөлігі сейсенбіде құлады. Апат болған сәтте көпір үстімен 30 шақты көлік өтіп бара жатқан. Адамдар 100 метр биіктіктен бетон және асфальт бөлшектерімен бірге жерге құлап жатты.

Джузеппе Конте, Италия премьер-министрі:

- Құрбандардың саны әлі де өсуі мүмкін. Көпір 1967 жылы салынған. Сот органдарымен бірлесе апатқа нақты не себеп болғанын анықтап, тергеу жүргіземіз. Көпірдің неліктен құлағанын анықтау болашақта мұндай апаттардың алдын алу үшін қажет.

Көпірдің қалған бөліктері опырылуы мүмкін деген қауіптен жүздеген адам басқа жерге көшірілді. Қауіп сейілгенде тергеушілер оқиға орнына өтіп, істің анық-қанығын анықтауға кіріседі. Әзірге, 1960 жылдары тұрғызылған көпірдің құлауына найзағайдың түсуі немесе конструкцияның шыдас бермеуі тәрізді екі негізгі себеп айтылып жатыр.

 

Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу