Израиль өзінің 70 жылдығын атап өтіп жатқанда, палестиналықтар бұл датаны «Апат» күні деп атап, жаппай шеруге шықты. Соңғы мәліметке қарағанда, бүгінгі акция да қақтығысқа ұласты. Ал, өткен тәулікте Израиль жауынгерлері дәл осындай шеру кезінде 60-қа жуық палестиналықты мерт қылып, 2700-дей адамды жаралады.
Бүгін Палестина автономиясының барлық аумағында шеру өтіп жатыр. Демонстранттардың басты талабы - еврей мемлекетінің қол астына өтіп кеткен ата-бабаларының жерін қайтару. 1948 жылы Израиль құрылғанда жүздеген мың араб туған жерінен, дүние-мүлкінен айырылып, көрші елдерге босып кетті. Сондықтан, палестиналықтар мамырдың 15-ін «Нақба», яғни, «Апат» күні деп атайды. Жалпы, наурыздың соңынан бері осындай шерулер кезінде Израиль жауынгерлері жүзден астам палестиналықты мерт қылған.
Руперт Колвилл, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары:
- Наурыздың 30-нан бері шекарада 112 палестиналық қаза тапты. Олардың 14-і балалар. Бүгін жағдай тіпті, ушыға түсе ме, деп алаңдап отырмыз. Тараптарды сабырға шақырамыз.
Дүйсенбіде палестиналықтар Газа Секторында АҚШ елшілігінің Иерусалимге көшуіне қарсы шерулетті. Израиль әскерилері демонстранттарға оқ жаудырған. Одан қаза тапқан марқұмдарды бүгін палестиналықтар жерлеп жатыр. АҚШ олардың қазасына «Хамас» қозғалысы кінәлі деп есептейді.
Радж Шах, Ақ үй баспасөз хатшысының орынбасары:
- Газада зорлық-зомбылықтың жалғасып жатқанынан хабардармыз. Бұл трагедия үшін «Хамас» жауапты. Ол әдейі арандатушылыққа барып отыр. Мемлекет хатшысы айтқандай, Израильдің өзін-өзі қорғауға құқығы бар.
Саяси сарапшылардың пікірінше, АҚШ елшілігінің Иерусалимге көшірілуі 1967 жылдан бері сақталып келе жатқан статус-квоны бұзып отыр. Вашингтоннан кейін басқа мемлекеттер де дипломатиялық миссияларын көне қалаға көшіретінін мәлімдеп отыр. Ал, Палестина автономиясын қолдайтын елдер Иерусалимді еврей мемлекетінің астанасы ретінде мойындау арқылы Құрама Штаттар Таяу Шығыстағы бітімгерші мәртебесін жоғалтты деген пікірде.
Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ
«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.