Үндістандағы әйгілі Тәж-Махал кесенесі елдің жоғарғы сотын алаңдатып отыр. Өйткені, 17 ғасырда ақ мәрмәрдан салынған мавзолейдің түсі алғашында сарғайып, енді қоңырқай және жасыл тарта бастаған. Бұған ауаның ластануы, құрылыс жұмыстары және ағын сулардан кесенеге тарап жатқан жәндіктер себепші.
Жоғарғы сот үкіметтен Тәж-Махалды жөнге келтіруді, ал, бұл іс қолдан келмесе, оған шетелдік мамандарды тартуды тапсырды.
Негізінен, кесене жүйелі түрде арнайы сазбен тазартылып отырады. Дегенмен, қазір мәрмәрдің ақ түсін қайтару оңайға соқпай отырған секілді.
1630 жылы тұрғызыла бастап, құрылысы 22 жылға созылған Тәж-Махалды күніне 70 мыңдай адам тамашалайды. Ол ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енген.
Айта кетсек, бұл кесенені 17 ғасырда Ақсақ Темірдің ұрпағы Жахан шах әйелі Мұмтаз-Махалға арнап салдырғаны белгілі.
Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ